Президент алғашқы медициналық көмек жөніндегі коалиция құруды ұсынды

0
300

Фото: dknews.kz

Президент Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференцияның пленарлық отырысына қатысты. Онда ол еліміздегі денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан шараларға арнайы тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Елімізде барлық баланы профилактикалық медициналық тексеруден өткізу ісі жолға қойылған. Әрбір ірі елді мекенде жастардың денсаулық орталықтары жұмыс істейді деуге болады. Жыл сайын үш миллионға жуық ересек адам скрининг және кәсіби тексеру бағдарламасынан өтеді. Ауыл тұрғындарының медициналық қызмет алуына бірдей мүмкіндік жасау үшін біз бірқатар реформа жүргіздік. Нәтижесінде, 2018 жылдан бастап ауылдардағы алғашқы көмек көрсету пункттерінің саны 3 еседен астам көбейді. Сонымен қатар телемедицина және қашықтан мониторинг жасау сияқты цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бұл алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін айтарлықтай арттырады, – деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Президент Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен Мемлекеттердің медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі коалициясын құруды ұсынды. Бұл бірлестік денсаулық сақтау және аурудың алдын алу қағидаттарын одан әрі ілгерілетуге, медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамыту жөніндегі бірлескен ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету саласын, жалпы денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуда жастарға зор сенім артатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы жастармен кездескен сайын спортпен шұғылданудың маңыздылығы туралы айтатынын еске салып, оларды еңбекқор және мақсаттарына адал болуға шақырды.

Маржан ТІЛЕУБЕК

ПІКІР ҚАЛДЫРУ