Президент Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды

0
108

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қауымдастықтың былтыр атқарған жұмыстарының қорытындысы мен алдағы кезеңге арналған жоспары туралы баяндалды.

Исламбек Салжановтың айтуынша, Көкпар, Жамбы ату, Аударыспақ, Теңге ілу, Бәйге, Құсбегілік, Дәстүрлі садақ ату, Тоғызқұмалақ және Асық ату секілді ұлттық спорт түрлерінің федерациялары қауымдастық аясына біріктірілді. Сонымен қатар ұлттық спорттың дамуына сараптама жасалып, жеке-жеке респубикалық федерациялармен институционалдық тұрғыда жұмыс жүргізіле бастаған.

Оның айтуынша, 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге берген Қазақстанның өтінімін былтыр қыркүйек айында Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы бірауыздан қолдады.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы елімізде өтетін ауқымды іс-шараны сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Мемлекет басшысының айтуынша, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттық спорт шараларымен шектеліп қалмауы керек. Аталған халықаралық спорт сайысы қолөнер, туризм, қызмет көрсету саласы сияқты шағын және орта бизнес өкілдері үшін де тиімді ұйымдастырылып, кәсіптерін ілгерлетуге жағдай жасалуы қажет.

Кездесу соңында Президент ұлттық спорт түрлерінің даму тұжырымдамасын әзірлеу қажет екенін және ат спорты ойындарындағы қауіпсіздік мәселесін қарастыруды тапсырды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ