«Президент мұндай шараларды қолдамайды»

0
134

«Президенттің баспасөз қызметіне бұқаралық ақпарат құралдарынан Мемлекет басшысы туған күнін қалай атап өтетіні туралы сұрақтар келіп түсіп жатыр.

Осыған орай ешқандай іс-шара жоспарланбағанын хабарлаймыз. Президент мұндай шараларды қолдамайды.

Мемлекет басшысы 17 мамыр күнін жұмыс кестесіне сай өткізеді», – деп жазды Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары – Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желіде.

Президенттің баспасөз хатшысы еске салып өткендей, 17 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары басталады.

«Қазақстанда да, ҚХР-ға сапар аясында да Президенттің туған күніне байланысты ешқандай іс-шара өткізілмейді» деді ол.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қытайға мемлекеттік сапары кезінде Сиань қаласында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізеді. Кездесу барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту, сауда және экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелері қарастырылады. Сондай-ақ Президент Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездеседі деп жоспарланған.

Бұдан бөлек, сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия + Қытай» саммитіне қатыспақ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ