Президент «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға қол қойды: заңның қандай ерекшелігі бар?

0
27
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.   
Заң Президенттің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында қабылданды. Жалпы, Заң сатып алу процесінің рәсімдерін оңтайландыруды, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуды, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуді және бәсекелестікті дамытуды көздейді.

Заң новелласының бірінші блогы сатып алу рәсімдерін жеңілдетуге және қысқартуға бағытталған. 

Бірінші. Шағымдарды қарау тетігі жаңартылды. Қаржы министрлігінің бақылаушы орган ретіндегі рөлі қайта қаралды. Сатып алуды жедел жүргізу, тапсырыс берушілерге  зор өкілеттіктер беру, сондай-ақ сатып алу рәсімдерінің кешіктірілуін болдырмау мақсатында бұдан былай шағымдарды сатып алуды ұйымдастырушының өзі тікелей қарайды. Сатып алу қорытындыларына шағымдану веб-портал арқылы және жеңімпазы тек конкурстық комиссия айқындаған сатып алулар бойынша ғана жүзеге асырылады.

Екінші. Сатып алу рәсімдерін өткізу мерзімдерін қысқарту мақсатында Заңда тікелей белгіленген мерзімдер Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының деңгейіне ауыстырылды.

Үшінші. Рәсімдерді оңайлату және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін мемлекеттік сатып алуды өтпеді деп тану негіздері қайта қаралды. Бұрын сатып алулар тек 1 әлеуетті өнім беруші қатысқан жағдайда өтпеді деп танылатын. Енді мұндай өнім берушіні тиісті біліктілік талаптарына сай деп таныған жағдайда онымен шарт жасасуға рұқсат беріледі.

Төртінші. Тапсырыс берушілердің тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жедел сатып алуына оңтайлы жағдай жасау және оларға барынша дербестік беру мақсатында құны 100 АЕК-ке дейінгі тауарларды, 500 АЕК-ке дейінгі жұмыстар мен қызметтерді бір көзден сатып алу құқығы қарастырылған. Ауыл әкімдіктері үшін мұндай тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу шегі 3000-нан 4000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алуға қажетті тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді бір көзден сатып алу мүмкіндігі бекітілді (әзірге тек төтенше жағдай салдарын жою үшін).

Бесінші. Ғылыми ұйымдардың сатып алу тәртібі жеңілдетілді. Мәселен, ғылыми зерттеулер мен ғылыми жұмыстарды орындау үшін ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының сатып алу рәсімдері енді Ғылым және жоғары білім министрлігі бекітетін қағидалар бойынша жүзеге асырылады.

Заң новелласының екінші блогы сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған. 

Бірінші. Сатып алуға қатысушылардың біліктілігін арттыру және өнім берушіні таңдаудың бағалық емес өлшем шарттарын дамыту үшін әлеуетті өнім берушілердің тізілімі енгізілді. Бұл абыройына нұқсан келмеген өнім берушілер арасында сатып алуды жүзеге асыруға және сатып алудың барлық түрі бойынша баға мен сапа өлшемшарттарын біріктіре отырып, өнім берушілерді дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Бұл ретте өнім беруші туралы ақпарат мемлекеттік органдар жүйелерінің мәліметтері негізінде түзіледі (жұмыс тәжірибесі, қаржылық орнықтылығы, салық берешегінің болмауы, ашық қолжетімділікте қаржылық есебінің жариялануы және т.б.).

Екінші. Заңда толық дайын түрінде берілетін құрылыс туралы шарт жасасу мүмкіндігі, яғни жобалаудан бастап объектіні пайдалануға беруге дейінгі жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңі, сондай-ақ көрсетілген жұмыстарға ілеспе тауарлар жеткізу және қызметтер көрсету үшін жауапкершілікті бір өнім берушіге жүктеу мүмкіндігі белгіленген.

Үшінші. Әлеуметтік, экономикалық және экологиялық аспектілерді ескере отырып, тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға негізделген «тұрақты мемлекеттік сатып алулар» түсінігі енгізілді.

Заң новелласының үшінші блогы өнім берушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Бірінші. Мемлекеттік сатып алуларға қоғамдық бақылау жүргізу мүмкіндігі енгізілді.

Екінші. Бұрын сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқық бұзушылық жасаған әлеуетті өнім берушінің, басшының немесе құрылтайшының мемлекеттік сатып алуларға қатысуына тыйым салынды. Жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі бар әлеуетті өнім берушілер де мемлекеттік сатып алуларға жіберілмейді.

Үшінші. Өнім беруші жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету үшін қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) беретін жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің шекті көлемі 50-ден 30 пайызға дейін қысқартылды.

Заң новелласының төртінші блогы бәсекелестікті дамытуға бағытталған.

Бірінші. Барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарды сатып алудың бірыңғай платформасына – мемлекеттік сатып алудың веб-порталына көшіру мүмкіндігі заңнамалық тұрғыда бекітілді. Бастапқы кезеңде қазіргі сатып алу алаңдары сақталады және сатып алу бойынша егжей-тегжейлі ақпаратты жинау және көрсету үшін интеграция жүргізіледі.

 Екінші. Тауар биржалары арқылы сатып алу тәсілі алынып тасталды.

Үшінші. Үкімет айқындаған нақты өнім берушімен тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден сатып алу енді жалпыхалықтық мәні бар аса маңызды объектілер мен жобаларды іске асыру үшін қажетті ерекше жағдайларда ғана жүзеге асырылады.

Төртінші. Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Қаржы министрлігі тек қана шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жеке тізбесін бекітеді. Заң 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ