Психолог және кәсіпкер Раушан Қилыбайтегі: «Ер баланы болашақ отбасын асыраушы етіп тәрбиелеген жөн»
Кәсіпкер, қоғамдық қайраткер Раушан Қилыбайтегі Қызылордада ғана емес, республика деңгейінде абыройлы тұлға. Танымал «Q-med» клиникасының иесі, сонымен қатар, тәжірибелі психолог және 4 баланың анасы. Оған қоса, бірнеше жылдан бері Түркияда үй алып, екі елде қатар тұратын табысты кәсіпкерден түрік және қазақ халықтардың ұлттық тәрбие берудегі айырмашылықтар мен бала тәрбиелеудің негізгі бөлігі – еңбекке баулу жөнінде сұхбаттастық.
Раушан Ахметуллақызы, өзіңіз білетіндей, қазіргі таңда ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас мәселесі қиындап кетті. Сіздің пікіріңізше, оның себебі не? Және баламен тіл табысу мәселесіне қатысты өзіңіздің тәжірибеңізді бөліссеңіз?
– Байқағанымдай, ата-ана мен бала арасында өзара түсініспеушілік пайда болуының басты себебі – уақыт өте келе, адамның ой-өрісі өзгеруі. Ата-ана балаға өмірлік дағдыларды үйретіп, ақыл айту парызымыз деп санаса, бала, керісінше, өздігінен тәжірибе жинап, өмірдің ащы-тұщылығын танығысы келеді.
Бір қызығы, біз балалардың әрқайсысына түрлі көзқараспен қарадық. Тұңғышымызды «кішкентайларға үлгі болуың керек, оларға қамқор болуың керек» деп тәрбиелесек, кенжемізді барынша еркелетіп, балалық шағын барынша ұзартуға тырыстық. «Сен ерекшесің, сенің маңызың зор» деп жігерлендіру арқылы «тұңғыш бала» комплексінен арылуға жағдай жасадық.
Жалпы, бұл ата-ананың басым көпшілігінде кездесетін тенденция: тұңғыш баланы, былайша айтқанда, сынақ-тәжірибе ретінде көріп, ата-ана рөлін үйренуде алғашқы үлгісі ретінде қабылдайды. Ал, кенже бала туылғанда әбден есейіп, тәжірибе жинақтап болғандықтан, оған сенімді түрде қарап, тәрбиелеуде.
Тағы бір атап өту қажет нәрсе: мен балаларымды өз бетінше күн көре алатындай етіп тәрбиелеуге тырыстым. Жұмысбасты адам болған соң, балаларым жалғыз қалса да, үй жинап, тамақ пісіріп, қажетті заттарын дүкеннен алуға қолы келеді. Таныстарым, туыстарым «қалайша кәмелетке толмаған балалар жалғыз үйде қалады, бөтен елде қалайша өздері тұра алады?» – деп қорыққанымен, мен балаларым сабақ оқып, үй тірліктерін өз бетінше атқара алатынын білемін. Қазір, әрине, Түркиядағы қорқынышты жағдайларға байланысты әкелеріне хабарласып, балалардың қасында болуын өтіндім, сондықтан олар жалғыз қалмады. Ал, негізінде оларға өз бетінше өмір сүруді үйретуге тырысамын.
– Осы тұрғыда күрделі мәселелердің бірі – балаға ұлттық құндылықтарды үйретіп, ойына сіңіру. Жасыратыны жоқ, көптеген ата-ана оны тіпті қажет деп санамауы да мүмкін. Сіз қалай ойлайсыз, балаға дәстүрлі тәрбие беру қажет пе, әлде заман талабына сай өзгеру дұрыс па?
– Әрине, ұлттық құндылықтарымыз ешқашан мазмұнын жоғалтпайды, тек заман ағымына қарай бейімделуі мүмкін.
Мәселен, бізді ата-анамыз көбінесе тыйым салу арқылы тәрбиеледі. «Есікті керме, суы бар шелекті жауып қой, ашық қалдырма», – деген сияқты сөздерді жиі естіп өстік, және оның себебі не екенін де білмедік.
Қазіргі заманда ата-ана ізденіп, балаға өмірлік қағидаларын дәлелді түрде түсіндіре алады деп сенемін.
Сіз бірнеше жылдан бері Түркия Республикасында тұратыныңызды білеміз. Байқағаныңызша, бұл елде ұлттық тәрбие жолға қойылған ба? Жалпы, түрік және қазақ ата-аналар бала тәрбиелеуде айырмашылығы бар ма?
– Түркия мемлекеті ғасырлар бойы басқыншы елдің билігі астында болған, көптеген мәдениет пен ұлттың ықпалын көргендіктен, болмысында түрлі халықтың белгілері бар. Бір қызығы, онда діни тәрбиеге көп көңіл бөледі. Сонда түріктер балаларын фанатик қып тәрбиелейді деген сөз емес, бірақ асыл дінімізге тән қиыншылықтарға мойымау, оған сабырлықпен қарау, адам баласына қиянат жасамау қанында бар қасиет. Тіпті, ол жақта ұрлық жоқтың қасы, болған күнде де кірме ұлттардың, яғни сириялық босқындардың әрекеті болып шығады.
Тәрбие жағына келер болсақ, түріктердің қыз балаға деген көзқарасы ұнады. Бізде, көбінесе, қыздарды үй жұмысына жегіп қойып, «Сен болашақ келінсің, барған жерде қызмет ет, өзіңді жақсы жақтан көрсете біл», – деп тәрбиелейміз. Олар болса, «Қыз бала – ханшайым, бұл дүниеде сенен сұлу жан жоқ», – деп айтады. Қыз балаға жоғары білім беруге, оған барынша қамқорлық көрсетуге, қалағанын алып беруге тырысады.
Тұрмыс құрғаннан кейін де жас келінді жұмыс күші емес, болмысы бөлек тұлға ретінде қарайды. Оның жеке өміріне араласпайды, «сен мұндай болуың керек, мынаны істеуің керек» – деп шектеу қоймайды.
Тағы бір мәселе – баланы еңбекке баулу. Кейбір ата-ана баланы, әсересе қыз балаларды жастайынан үй жұмысына немесе өз кәсібіне көмектесуге салып, оған жауапкершілікпен қарау немесе ақша табу және жұмсауды үйрету керек деп санайды. Ал, енді бірі, керісінше, балалар сабақ оқып, үйірмеге барсын немесе демалсын деп оған артық міндет қоюға аяйды.
Дегенмен, қазіргі таңда көптеген елде баланы жастайынан еңбекке баулу қажет деп санайды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы да балалардың жан-жақты тұлға, еңбекті бағалайтын азамат болып өсуінің маңыздылығын бірнеше мәрте ескертті. Осыған байланысты пікіріңізді айта кетсеңіз.
Расында да, баланы алдын-ала болашақ өмірге дайындап, үйрете бастаған абзал. Осы тұрғыда да маған Түркия еліндегі салт-дәстүрлер ұнайды. Мұнда ер баланы болашақ үй асыраушысы деп, жастайынан құлша жұмсайды. Біз сияқты, университет бітірсін, жақсы жұмысқа орналассын деп сүйрелемейді, керісінше, қара жұмысқа салады. Ең бастысы, отбасын асырауға шамасы келуі керек.
Және бала өсіп, үйленген соң ата-анасымен бірге тұрмайды. Мұнда үйленген жігіт ата-анасымен тұрса, өз отбасын асырай алмайтын, оған еге бола алмайтындай ерсі көрінеді деп санайды. Сондықтан үйленер алдында ер жігіт баспаналы болуға, болмаса кем дегенде бөлек пәтер жалдауға ұмтылады. Әйеліне қамқор болуға, отбасының тізгінін ұстауға машықтанады. Меніңше, бұл құптарлық жәйт.
Жалпы, ана ретінде тәжірибеңізді бөлісіп, жас ата-аналарға, ата-әжелерге айтар ақыл-кеңесіңіз бар ма? Қазір уақытты кері қайтарса, бала тәрбиелеуде қандай да бір өзгеріс жасар ма едіңіз? Мүмкін, белгілі бір әрекетті жасар ма едіңіз, немесе, керісінше, оған жол бермес па едіңіз?
– Қазіргі таңда мен 4 баланың анасымын, және бір немерем бар, Аллаға шүкір. Толық отбасында өсетін, яғни ата-анасының толыққанды тәрбиесін көрген, аса бір кикілжің жоқ отбасында өскен балаға қатысты ата-аналарға айтар ақыл-кеңесім жоқ. Ал, бала тәрбиелеп жатқан жалғызбасты аналарға айтарым: кейде біз ашумен баланы әкесінен айырамыз. Бірақ ол дұрыс емес деп ойлаймын, өйткені, жаман болсын, жақсы болсын, ол балаға ата-анадан артық жаны ашитын адам жоқ. Әлеуметтік желіде де жеке өмір туралы көп жазатыным сол, менің тәжірибем басқа аналарға сабақ болсын деймін. Біз балаларымның әкесімен ажырасқанымызға 5 жылдай уақыт болды, бірақ ешқайсымыз баладан ажыраған жоқ, өйткені балаларымыз ата-ананың қамқорлығын бірдей көру керек. Олардың еш кінәсі жоқ, сондықтан мен қанша өкпе-ренішім болса да, «өзім тудым, өзім білем»-ге салудың қажеті жоқ деп санаймын. Өз басым балаларға, әсіресе ұлдарға әке тәрбиесі керек деген пкірдемін және балаларға «Нағашы жұртың саған жұрт болмайды, өз жұртыңды іздеген дұрыс», – деп әкелерімен байланысын ешуақытта үзген емеспін.
Мария Умарова