«ӨРЛЕУ. Түркі билерінің жаңғырығы» фестивалі Алматыда Түркі әлемі өкілдерін біріктірді

0
18

Алматыда хореографиялық оқу орындарының VII Халықаралық «ӨРЛЕУ. Түркі билерінің жаңғырығы» фестивалі өтті. Бұл –  Орталық Азиядағы хореографиялық өнер саласындағы ірі мәдени-білім беру жобаларының бірі.  Биыл фестиваль қазақтың көрнекті ақыны, Халық жазушысы Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына орайластырылды.

Фестиваль тұжырымдамасы халықтар арасындағы мәдени бірлік пен тарихи байланыстарды көркемдік тұрғыда айқын көрсетіп, түркі әлемінің ұлттық хореографиялық дәстүрлерін бір арнада тоғыстырды. Шараға Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Башқұртстан және Саха Республикасы (Якутия) делегациялары қатысты.

Алматыға академиялық балет мектебі мен ұлттық би дәстүрлерін танытатын жетекші хореографиялық оқу орындары келді. Фестиваль аясында жетекші педагогтар мен мамандардың шеберлік сабақтары, шығармашылық көрсетілімдер, ұлттық хореография мектептерінің таныстырылымдары, сондай-ақ халықаралық сарапшылардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Онда мәдени мұраны сақтау және дамыту, хореография өнерін заманауи тұрғыда тұжырымдау және түркі әлемі елдері арасындағы кәсіби әрі шығармашылық байланыстарды нығайту мәселері кеңінен талқыланды.

Фестиваль Almaty Theatre сахнасында өткен гала-концертпен қорытындыланды. Онда қатысушылардың үздік нөмірлері ұсынылып, түркі халықтарының хореографиялық мәдениетінің байлығы мен алуан түрлілігі толық көрініс тапты.

«ӨРЛЕУ» фестивалі Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі мен Еуразиялық мәдениет қорының бірлесуімен алғаш рет 2008 жылы ұйымдастырылды. Осы жылдар ішінде фестиваль кәсіби қарым-қатынас, тәжірибе алмасу және шығармашылық ынтымақтастық үшін беделді халықаралық алаңға айналды. Бүгінге дейін шараға әлемнің түрлі елдерінен 3000-нан астам адам қатысты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ