Құрманғазы атындағы ұлттық халық аспаптар оркестрі қала тұрғындары мен қонақтарының ыстық ықыласына бөленді

Көкшетауда алғаш рет ауқымды концерт өткізген Құрманғазы атындағы ұлттық халық аспаптар оркестрі қала тұрғындары мен қонақтарының ыстық ықыласына бөленді. Ел ішіндегі дәстүрлі әрі беделді шығармашылық ұжымдардың бірі саналатын оркестрдің өнерін 10 мыңнан астам көрермен тамашалады.
Тоқсан жылдық тарихы бар оркестр Ақмола облысына гастрольдік сапармен келіп, ашық аспан астындағы сахнада қазақтың дәстүрлі музыкасы мен әлемдік классиканың жауһарларын орындады. Кеш барысында оркестр мен солистердің орындауында «Адай», «Саржайлау», «Серпер», «Сарыарқа» күйлері, «Қарағым-ай», «Ауылым» әндері, Бизе, Штраус, Ахмет Жұбанов сынды композиторлардың шығармалары шырқалды. Барлығы жиырмаға жуық туынды ұсынылды.
«Құрманғазы, Дина, Тәттімбет күйлерімен қатар, біз әлемдік классиктердің де шығармаларын орындаймыз. Бұл — ұлттық аспаптардың мүмкіндігін айқын көрсетеді. Көкшетау көрерменінің шынайы ықыласы мен ыстық қошеметі бізге зор шабыт сыйлады», — деді оркестрдің дирижері Абылай Тілепберген.
Кеште вокалдық партияларды Аяжан Қуанышәлиева, Ажар Еркебұланова, Батыржан Мықтыбаев және Қазақстанның халық артисі Нұрлан Өнербаев орындады.
«Сарыарқа» мен «Адай» күйлерін өз қаламда, Қопа көлінің жағасында жанды дауыста тыңдаймын деп ешқашан ойламаппын. Бұл жай ғана концерт емес, бұл — жүрекке рух сыйлайтын, елге деген мақтаныш пен ұлттық болмысқа деген құрметті оятатын үлкен мәдени оқиға. Осындай кешті ұйымдастырған облыс әкімдігіне алғыс айтамын. Бұл — халқымыздың рухани байлығын дәріптейтін, жүректерді жақындастыратын тағылымды шара», – деген әсерімен бөлісті көкшетаулық көрермен Аманат Көшкенов.⠀
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл концерт жағалауда өтетін жазғы мәдени іс-шаралар легінің бастауын ғана емес, сонымен қатар сирек орындалатын шығармаларды академиялық форматта тікелей тыңдауға мүмкіндік берген ерекше кеш болды.