Құрманғазы оркестрі Рим тұрғындарын тәнті етті

0
198

Еуропаның элитасы Италия Республикасының Рим қаласында Қазақ ән-күй өнерінің қара шаңырағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі «Көшпенділер әуені» атты гастрольдік концертін өткізді. Италия астанасына ұйымдастырылған концертке өнерсүйер шаһар жұртшылығы жиналды.

Құрманғазы оркестрі Рим тұрғындарын тәнті етті

Қазақтың төл туындыларын дүние жүзі халықтарынҰлттық және әлемдік классикалық, қазақ ән-күйінің ерекше колоритке ие туындыларын италияндық көрерменге тарту етті. Құрманғазы оркестрінің 90 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған гастрольдік концертте Ұлттық оркестрмен қатар ҚР еңбек сіңірген қайраткері Батыржан Мықтыбаев, дәстүрлі әнші Сержан Мұсайын, Халықаралық конкурстардың лауреаты Әсел Рақымжан, Ақайша Жұрбай, Raffaele Collienza, Рим қаласындағы Санта Чечилия музыкалық консерваториясының түлегі Лаура Али өнер көрсетті.

Құрманғазы оркестрі Рим тұрғындарын тәнті етті

Сондай-ақ оркестрдің бас дирижері Италия Республикасына жоспарланған турне туралы ойымен бөлісті.

«Ұлттық оркестр бұған дейін әлемнің 90-ға жуық мемлекетінде өнер көрсетіп, қазақтың төл мәдениетін, төл музыкасын, «Қазақ» деген ұлы елдің бар екенін ұлттық музыкалық аспаптардың әуезді үнімен танытып келеді. Ал биыл әлемдік классиканың отанына айналған Италия жерінде кезекті гастрольдік концертімізді өткізу бұйырыпты. Бұл биылға шетелге ұйымдастырылған екінші гастрольдік сапарымыз. Осы гастрольдік сапарда Құрманғазы оркестрінің мерейлі 90 маусымының шымылдығы түрілді. Біздің ауқымды деңгейдегі концертімізге қолдау білдірген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне және Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі  Ерболат Нәсенұлына, Қазақстан Республикасының Сан-Марино мемлекетіндегі құрметті консулы Pomponi Giovanni мырзаға Құрманғазы оркестрінің ұжымы атынан алғысымызды білдіреміз», – деді ол.

Оркестр директоры Медет Ермекқалиұлы аталмыш гастрольдік сапардың қандай мақсатта ұйымдастырылғанын түсіндірді.

«Бұл гастрольдік сапар – Құрманғазы оркестрінің Италия Республикасына ұйымдастырған алғашқы сапары емес. Бұған дейін 1976 жылы композитор Ғазиза Жұбанованың бастауымен Рим, Милан, Неаполь қалаларымен қатар Сардиния, Сицилия аралдарында қазақ өнерін насихаттады. Ал биылғы жылғы гастрольдік сапарды Италияның астанасы Рим қаласынан бастадық. Неаполь, Флоренция қалаларында ауқымды деңгейдегі сапар жалғасын табады. Ұлттық музыкалық мұраны осылайша күллі әлем халықтарына паш етіп,ұлттық аспаптардың көмейінен шыққан сазды әуенмен ұлт мәдениетін таныту – Ұлттық оркестрдің басты парызы», – деді ол.

Құрманғазы оркестрі Рим тұрғындарын тәнті етті

Концерт соңында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры Қуанышев Медет Ермекқалиұлы Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі  Ерболат Нәсенұлына, Қазақстан Республикасының Сан-Марино мемлекетіндегі құрметті консулы Pomponi Giovanni мырзаға қазақи дәстүрге сай шапан жауып, шығармашылық қолдаулары үшін алғыс білдірді.

Оркестрдің Италияға ұйымдастырған гастрольдік концерті Неаполь және Флоренция қалаларындағы концерттермен жалғасын табады.

Меруерт САҒЫМХАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ