Рыбакина ресейліктерге Қазақстанды ғана таңдайтынын айтты

0
107
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Теннистен 2022 жылғы Уимблдон турнирінің жеңімпазы, әлемнің төртінші, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина «Спорт-Эксперсс» газетіне берген сұхбатында не себепті Қазақстанды таңдағанын айтты.

Оның сұхбаты «Енді мені жоғалтқан адамдар туралы әңгіменің бәрі де бос әңгіме» (Рыбакина – о переходе из России в Казахстан: «Кто меня потерял и как это случилось, сейчас нет смысла об этом разговаривать») деген тақырыппын шыққан.

Сұхбатта теннисші журналистің «Ресейде сізді жоғалтқаны үшін кім кінәлі?» деген сұрағына:

«Сізді кім жоғалтты? Бұл оқиға қалай болды?» дейсіз бе? Меніңше, білесіз бе, қазір бұл туралы айтудың мәні жоқ сияқты. Көңіліңізге алмаңыз, енді мені жоғалтқан адамдар туралы әңгіменің бәрі – бос әңгіме. Қазақстан маған сенді. Қазақстанға ойыншы керек болды. Сәті келгенде біз бір-бірімізді таптық. Сол үшін мен қуаныштымын. Мен көптен бері жарыстарға Қазақстанның атынан қатысып келемін. Оған дейін не болғанын, тіпті, ойлағым да келмейді, – деді Рыбакина.

Осыдан кейін интервьюрер мен спортшының сұрақ-жауабы былай өрбіді:

– Сіз Уимблдон турнирін жеңіп алғанда Ресейде кейбір теннис функционерлері «Рыбакина – біздің ғана теннисшіміз» деген еді. Сіз оған ренжігендей болдыңыз. Айтыңызшы, Ресейге сізбен қай жағынан мақтануға болады? Әлде сізді мүлде ойына алмасын ба?

– Бұл сұраққа қалай жауап беретінімді білмеймін. Менің жанкүйерім көп. Олар әлемнің түкпір-түкпірінде бар. Ресейде маған тілеулес болып жүрген жанкүйер адамдар бар. Сол үшін оларға рахмет айтамын. Қазақстанда да менің жанкүйерім көп. Қазақстанда маған тілектес жанкүйер бәрінен көп.

 Мәскеуге барып тұрасыз ба? Жиі болып тұрасыз ба? Сізді Мәскеумен байланыстыратын не бар?

– Мәскеуге өте сирек барамын. Жылына бір рет десе болады. Соңғы кезде мүлде бармаппын. Мәскеумен көп байланысым жоқ. Менің жауабым – осы. Мен бәрін айтқан сияқтымын, – деді ол.

Еске сала кетсек, Елена Рыбакина Мәскеу қаласында туған. Ол 2018 жылдың маусым айына дейін Ресейдің құрама командасында ойнаған. Сол жылы жазда теннисші Қазақстанның азаматтығын алды.

Қазір Рыбакина WTA рейтингінде 5 848 ұпаймен 4-орында келеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ