Құс­бегілік маған атадан балаға мирас болып қалған

0
138
Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының басталуына 42 күн қалды. Аталмыш ойында сынға түсетін көшпелі ұлттың ержүрек ұландары қазір қызу дайындық үстінде. Дүбірлі дода да бәсекеге түсушілер қазақтың ұлттық спорт түріне айналған ойындар бойынша да бақ сынайды. Соның бірі – құсбегілік, ұлт бойындағы ұлы өнер. Алда болатын үлкен жарысқа қатысатын үш құсбегі ішінде атыраулық Арман Қошқаров та бар.
Құсбегі әмбебап болуы керек –  Арман ҚОШҚАРОВ
Ол мұндай атаулы жарысқа бірінші рет қатысып отырған жоқ. Осыдан бұрын 2014 жылы Қырғызстандағы алғаш рет өт­кен Дүниежүзілік көшпенділер ойы­нында да бақ сынаған. Айтуынша, қазақ­стандықтар бұл туралы кеш естіп, дайын­дықтың азды­ғынан үшінші орынға ие болыпты. Қыр­ғызстаннан кейін Түркияда өткен ойында құсты тасымалдау әжеп­тәуір қиындық тудыратыны үшін, ойын­нан құсбегілік алып тасталды. Ал алда болатын ауқымды спорт­тық шараға қа­тысу үшін құсбегілер ара­сында іріктеу турнирі, Қазақстан чем­пионаты өткен. Осы іріктеулерден еліміз бойынша үш құсбегі V Дүниежүзілік көш­пенділер ойы­­нына қатысуға жолдама алды: ШҚО құсбегісі, астаналық құсбегі және аты­рау­лық Арман Қошқаров.
– Бүркіт баптап, құс салу еліктеушіліктен пайда болды дей алмаймын. Әкем – құсбегі. «Әке көрген оқ жонар» дегендей-ақ құс­бегілік маған атадан балаға мирас болып қалған. Бала күнімнен құс көріп өскеннен кейін қызығушылығым еш уақытта сөнбеді. Әкем бірінші қаршыға алып берді де, жа­сым өскен сайын бүркітке үйретті. Құс­бегілік – қазақтың әрқайсысының қанында бар нәрсе. Сондықтан үйренем деушілер бұл спортты тез меңгереді деп ойлаймын, – дейді ол.

Құсбегі Арманның айтуынша, құс бап­тау өнері жыл сайын дамып келеді әрі құсбегілер арасындағы жарыстарға да елеулі өзгерістер еніп жатыр. Бұл туралы Арман Қошқаров кеңінен айтып, алда болатын Көшпенділер ойынының талаптары мен бірқатар өзгерісі жайында сөз қозғады.

– Қазір құсбегілік әлдеқайда дамыды. Мысалы, әкемнің өзі қатысқан жарыстар мен қазіргі болып жатқан жарыстарды салыстырып қараймын. Құсбегілер үшін құсты «қолға шақыру» жарысы бар. Бұл жерде құсбегі атына отырып, биікке шы­ғады да, төменнен бүркітін шақырады. Әкемнің кезінде осылай құсты қолға ша­қыру ша­мамен 200 метр қашықта жүзеге асырылған. Ал қазіргі ереже бойынша 500-700 метр арақашықтан шақырамыз. Одан кейін «еркін ұшыру» деген бар. Бұл –Көш­пенділер ойынындағы екінші сайыс. Ереже бойынша бүркітті қолдан ұшырып жі­бергеннен кейін, ол біраз айналып өз қо­лыңа келіп қонуы керек, – деп түсіндірді А.Қошқаров.

Құсбегілер арасында ойнатылатын үшінші сайыс – шырға тарту. Ат үстінде отырған жігіт ұзындығы 20 метрдей жіпке түлкінің терісін байлайды. Ол шырға деп аталады. Сол шырғаны ұстап қатты шабады. Шауып бара жатқан кезде құсбегі қолда тұрған бүркітін шырғаға жібергенде, бүркіт соны бір ұшқанда қағып алуы керек. Егер екінші, үшінші әрекетте шырғаны алатын болса, ұпай саны кеми түседі. Құсбегінің айтуынша, қазір заманауи электронды шырға тартады. Ол секундпен өлшенеді. Шырғаны қағып түсіру секунды аз болған сайын ұпай саны көбейеді. Бірақ ойынның бұл түрі биылғы Көшпенділер ойынына қосылмады.

– Өйткені дүбірлі додаға шетелдіктер де келеді. Сондықтан мұндай ережелер олар­дың ойын талаптарына сай келмеуі әбден мүмкін. Білуімше, биылғы ойында еркін ұшыру бола ма, жоқ па. Бірақ қолға шақыру шырғамен бітеді деп жатыр. Жарысқа дейін Көкшетауда бір айға жуық дайындаламыз да, бірден Көшпенділер ойынына қаты­самыз. Жалпы, ойынға қо­сылмаған шырға байлаудан Қазақстан ішінде турнирлер өтіп тұрады. Ол кезде шырға қағып түсіргеннен кейін бүркітті қоянға, түлкіге саламыз. Финалдан кейін шибөріге немесе қасқырға саламыз. Енді мұны Көшпенділер ойы­нынан алып тас­та­ғаны өкінішті, – деді құсбегі.

Құсбегілікке бірі өнер деп қараса, енді бірі оны спорт түріне жатқызады. Ал Арман Қошқаров «Құсбегілік өнер болса да, оған нағыз ұлттық спорт түрі деп қарағанымыз тиімдірек» дейді. Өйткені спорт түріне кір­гізу арқылы оны дамыту әлде­қайда оңайырақ. Спорт бар жерде бәсеке болады, ал бәсеке болған сайын оған қы­зығушылар қатары да көбейіп, құсбегілік кең танымалдылыққа ие болатынын да негізге алды.

– Құс салу тек қазақтың бойында бар өнер емес, ол барлық көшпенді халыққа тән. Көршілес Қырғыз елі, Қытайдың, Моңғолияның қазақтары бүркітті көп ұстайды. Менің ойымша көшпен­ділердің құс баптаудағы ең ептілік қа­зақтың бойында бар сияқты. Біз бағ­зыдан бері бұл өнермен айналысып келеміз. Енді мұның бір дәлелі ретінде мы­наны айтайын: Атыраудағы Сарайшықта сарматтар заманында бүркіттің қаңқасы мен батырдың сүйектері табылған. Шетел­діктердің таңғалатыны бар. «Ата-баба­ларыңыздың даналығы сонша, аспанда ұшып жүрген құсты қолға үйретіп, өзіне қызмет істетіп қойған» дейді. Одан кейін қазақ-қырғыз арасында бүркіттердің жарысы болғаны, бір-біріне сыйлағаны туралы жырлар бар. Тіпті, бір бүркітке бір үйір жылқысын, қызын берген жайттар жыр-дастандарда кездеседі. Қырғыздар біз туралы тарихты жақсы біледі «Қазақ ағайын­дар бүркітті бұрыннан ұстаған» деп айтып жатады, – деді Арман.

«Бүркітші ең алдымен спортшы да болуы керек» дегенді алға тартқан Арман құсбегілікке оқушыларды да баулып жүр. Дала қыранының қолға үйренуі ұзақ уақытты қажет етеді. Оған дейін қолға қон­бай, ұшып кеткен бүркітті іздеу, оны бір тәртіпке үйрету балаларға қызық. Құс­бегіліктің алғашқы сабақтары баланың ат үстінде еркін отыруға үйретуден басталады. Өйткені құсбегінің ең жақын серіктері – ат, ит және бүркіт. Бала ат үстінен еңкейіп жердегі қамшысын алу деңгейіне жеткеннен кейін ғана қолына бүркітті ұстатады. Балаларға жаттығу уақыты 2-3 сағаттан ас­пайды. Құсбегілік – бірнеше спорт ойынын түйістіретін үлкен жүйе. Мысалы, көк­пардағы серкені алып, шеңберге тастаудағы ептілік пен теңге ілуде ат жалынан ұстап еңкею құсбегі үшін маңызды элементтің бірі.

– Құсбегілерге қойылатын басты та­лаптың бірі – табиғатпен үндестікті сақтап, тілін түсіну керек. Өйткені бүркіт желдің бағытына қарсы, жерге бір қырын ұшады. Бірақ құсты желдің бағытымен күтіп алған жөн. «Ұшқанда қанат керек, қонғанда құйрық керек» деген қазақтың әдемі тә­м­сілі бар емес пе. Егер ұшып келген құс желге қарсы қонып қалса немесе жел арттан соғатын болса, бүркіт қонғанда құйрығы кө­теріледі, содан аударылып құлауы мүм­кін, – деп тәжірибесімен бөлісті.

Айта кетейік, V Дүниежүзілік көш­пенділер ойынына 21 спорт түрінен 85-тен астам ел қатысады. Түркі жұрты көз тіккен дүбірлі ойын – ұлттық рухани құнды­лық­тарымызды жаңғыртуда ата-баба­ла­ры­мыздың мұрасы мен мәдениетіміздің ең құнды бөлігі болып келе жатқан ұлттық ойындарымызды насихаттауда таптырмас амал.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ