Салауатты ұрпақ – бұл жай арман емес, бұл – стратегиялық міндет

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп «Салауатты ұрпақ – ұлт болашағы» атты халықаралық екінші конгреске қатысты.
Сенатор қазіргі әлем адамның зияткерлік икемділігіне, физикалық төзімділігіне және психологиялық тұрақтылығына жоғары талап қоятынын атап өтті. Алайда бұл қасиеттің ешбірін денсаулықсыз жүзеге асыру мүмкін емес. «Салауатты ұрпақ – ұлт болашағы» деген конгресс тақырыбы тек ұран емес, бұл – қоғам дамуының стратегиялық формуласы. Елдің күші, тұрақтылығы мен өркендеуі балалар мен жастардың қаншалықты дені сау болуына тікелей байланысты.
«Ұлт денсаулығы әр баладан басталатынын мойындауымыз керек. Бүгінде болашақ дәрігер, мұғалім, инженер, сарбаз, ата-ана өсіп-дамыған ортаны қалыптастырып жатырмыз. Егер жастарға сапалы медицинаға қолжетімділікті, денсаулыққа қатысты білім алуды, спортпен шұғылдануға мүмкіндік берсек, салауатты тамақтану мәдениетіне баулысақ, онда ертең мықты, жауапты әрі үйлесімді ұрпақ қалыптасады. Салауатты ұрпақ – бұл жай арман емес, бұл – стратегиялық міндет, болашақ Қазақстан алдындағы біздің жауапкершілігіміз», – деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Сенатор денсаулық сақтау саласының сарапшыларымен өткен пікірталас барысында салауатты ұрпақ тек тұрақты демографиялық әлеует емес, сонымен қатар жауапты шешімдер қабылдай алатын, еркін ойлы және болашаққа сеніммен қарайтын белсенді, білімді, мақсатты азаматтар екенін айтты. Дәл осындай жастар мемлекеттің кадрлық, инновациялық, мәдени және стратегиялық ресурсы болып табылады.
«Өкінішке қарай, жедел технологиялық прогресс, урбанизация, өмір салты мен тамақтану тәртібінің өзгеруі жағдайында біз бірқатар мәселеге тап болдық – балалар мен жасөспірімдер арасындағы созылмалы аурудың көбеюі, физикалық белсенділіктің төмендеуі, жастардың психоэмоционалдық күйінің нашарлауы, интернет пен әлеуметтік желілердің ұйқыға, зейін мен тұлғаның дамуына кері әсері. Бұл мәселелердің алдын алу мен салдарын болдырмау үшін нақты әрі тиімді шаралар қажет. Біз денсаулықты инвестиция деп нақты түсінуіміз керек. Бүгін балалар мен жастардың денсаулығын нығайтуға салынған әрбір ресурс ертең экономикалық тұрақтылыққа, әлеуметтік үйлесімге және ұлттық қауіпсіздікке айналады», – деді сенатор.
Суретті түсірген: А.Байжұманов