Сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы тиіс

0
115

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 2023 жылға арналған республикалық бюджетке енгізілген түзетулерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заң қабылданды.

«Бүгін 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заңды қабылдадық. Бұл бағытта Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін бюджетке бірқатар түзету енгізіп отырмыз. Соған байланысты қаражат өңірлерді, аграрлық секторды, энергетканы дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу сияқты басым міндеттерге бағытталады. Жалпы, республикалық бюджеттің әлеуметтік бағыты айқын. Осы ретте мемлекеттік шығындардың жартысына жуығы әлеуметтік салаға жұмсалатынын атап өткен жөн. Осы орайда ауылды жерлерде денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және өңірлерде мәдениет және спорт нысандарын салуға баса мән беріледі», – деді М. Әшімбаев.

Оның айтуынша, азаматтарға, мүгедектігі бар адамдарға берілетін әлеуметтік жәрдемақылар да артты. Соның бәріне нақтыланған бюджетте қосымша 300 млрд теңге қарастырылды. Өңірлердің инфрақұрылымын дамыту үшін бұрын бөлінген қаражатқа қосымша 240 млрд теңге қарастырылды. Бұл тұрғыда ауылды жерлерді дамыту, елді мекендерді сумен қамтамасыз ету, қала маңын өркендету мәселелері қамтылады.

«Биыл қыста болған апаттар жылу беру нысандарының әбден тозғанын көрсетті. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің жылу әрі энергетикалық жүйесін салуға және қайта жаңартуға қосымша 144 млрд теңге бөлінді. Аграрлы секторды қолдау үшін тағы 233 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат агроөнеркәсіптік кешендегі инвистициялық жобаларға жеңілдікпен несие беруге бағытталады. Ең бастысы, Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы тиіс», – деді Сенат төрағасы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз