Саяси партиялардың теледебаты 16 наурызға белгіленді

0
292

Мәжіліс және мәслихаттар депутаттары сайлауы алдында саяси партиялар арасындағы дебат 16 наурызға белгіленді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында айтылды.

“ҚР Сайлау туралы заңының 28-бабының 3-тармағына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы сайлауға қатысатын саяси партиялардың дебатын ұйымдастырады. Осы орайда Орталық сайлау комиссиясы өз құзыретіне сәйкес пікірсайысты өткізу ережелері мен қағидатын бекітті. Қабылданған шешім бойынша саяси партиялардың пікірсайысын өткізу 2023 жылғы 16 наурызға белгіленді”, – деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова.

Телевизиялық дебат “Хабар” телеарнасының эфирінен көрсетіледі.

“Теледебат өткізу бойынша қаулы бір ауыздан қабылданды. Осы қаулы Мәжіліс сайлауына қатысатын сайлауалды штабтарының назарына жеткізілсін. Орталық сайлау аппараты “Хабар” агенттігімен сайлауалды пікірсайыс өткізу туралы шарт жасассын”, – деп мәлімдеді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ