Семейде сүйіктісін көлікпен таптап өлтірген жігітке сот үкімі шықты

0
100
Фото: видеодан скриншот

Семейде сүйіктісі Диана Сүлейменованы көлікпен таптап өлтірген 32 жастағы Александр Галушкин ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Александр Галушкин 9,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол марқұмның отбасына 10 миллион теңге материалдық шығын төлеуге міндеттелді.

Алайда сотталушы үкіммен келіспей отыр. Енді айыпталушы тарап істі қайта қарауға жолдамақ.

Оқиға былтыр 15 желтоқсанда болған. Кездесу кезінде Александр мен Диананың арасында кикілжің болған. Ішімдік ұрттаған азамат ашуға булығып, көлігінің капотында отырған сүйіктісін ұшырған күйі таптап өткен.

Артынша, ауыр жараланған сүйіктісін жігіттің өзі ауруханаға жеткізген. Диана жансақтау бөлімінде 15 сағат жатып көз жұмды. Оның өліміне бас сүйектерінің сынуы мен ашық ми жарақаты себеп болған.

Ал Александр Галушкин сотта оны қасақана өлтірмегенін айтып ақталды. Сондай-ақ өзіне қатысты қозғалған 106-бапты ауыстырып, жазаны жеңілдетуді сұрады. Қасақана кісі өліміне айыпты деп танылған Александр Галушкинді сот 9 жыл, 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім кесті.

«ҚР ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін Галушкин Александр Владимирович кінәлі деп танылсын және 10 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелсін. Сондай-ақ 9 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – делінген ост үкімінде.

Бірақ айыпталушы тарап бұл үкіммен келіспеді. Олар «алға тартқан дәлел-дәйектеріміз ескерусіз қалды» деп, істі қайта қарауға жолдамақ. Ал марқұм Диананың артында 13 жасар ұлы қалған.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ