СЕМЕЙДЕГІ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӨНЕР КҮНДЕРІ АЯСЫНДА «СЫР ӨҢІРІ – ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІНІҢ АЛТЫН БЕСІГІ» АТТЫ КӨРМЕ ӨТТІ

Семей қаласында Абайдың 180 жылдығына арналған «Сұлу Сырдан – ұлы Абай еліне» атты Қызылорда облысының өнер күндері өтті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация құрамында Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Н.Байқадамов, Р.Рүстемов, М.Ергешбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, аймақ ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар, симфония оркестрлері, «Сыр самалы» вокалды-аспапты, «Томирис» би ансамбльдері, хор ұжымы, басқа да өнерпаздар бар.
Алдымен Семейдегі Абай атындағы театрда «Сыр өңірі – түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрме ашылды. Оны Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Абай облысының әкімі Берік Уәли аралап көрді.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы құнды жәдігерлерден жасақталған көрме 3 бөлімнен тұрады.
Ондағы «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы», «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» археологиялық реконструкциялары археологиялық-этнографиялық экспедициялар кезінде табылған жәдігерлерді негізге алып жасалған.
Келушілер назарына археологиялық алтындар коллекциясы, атап айтқанда Шірік Рабат және Бәбіш мола қалашықтарынан табылған алтын жапсырмалар, Сығанақ қалашығынан табылған алтын сырғалар, тұмар, түймелер және маржан моншақтардың түпнұсқа коллекциясы ұсынылды. Жанкент, Асанас, Қышқала, Сығанақтан т.б. табылған терракоталар, глазурлі қаптамалар, қыш ыдыстар және Бидайықасар қалашығынан табылған қоссаз домбыра көшірмесі де Абай елі тұрғындарының қызығушылығын туғызды.
Көрмеге қойылған зергерлік бұйымдар коллекциясының тарихы бай. Сыр бойының қазақ әйелдері тағынған күміс әшекейлердің, яғни өңіржиек, жырға, алқаның, тұтынған ағаш жиһаздарының, ыдыстардың, тері бұйымдарының, ер қаруы болған қылыш, айбалта, семсер, шоқпар, найза, қалқан, жебенің құндылығы жайында білгісі келетіндер қатары көп болды.
Сондай-ақ, түркі дүниесінің ұлы абызы Қорқыт атаның «Деде Қорқыт» кітабының Дрезден нұсқасы, нар қобыз, ЮНЕСКО сертификаты, кәдесыйлар, үш жүздің пірі болған Марал ишаннан жеткен көк аса, Марал бабаның оққағары болған Тәжіге тиесілі Керей ерінің түпнұсқасы, Қалқай ишан, Сердалы Бекшорин, Ер Сейтпенбет, Бұқарбай батыр пайдаланған мөрлердің көшірмелері де көрме төрінен орын алған.
Семейліктер Абайдың 1922 жылы жарық көрген өлеңдер жинағының, Қызылорданың Қазақ АКСР-інің астанасы болғанына 100 жыл толуына орай фото және архивтік құжаттардың қыр-сырына қанықты.