Сенат ЛГБТ насихаттауға тыйым салатын заңды мақұлдады

Сенат Мәжіліс қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бірінші оқылымда мақұлдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Сенаттағы Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіптің айтуынша, заңның мақсаты – архив ісі саласындағы заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік архив қызметінің тиімділігін арттыру және балалардың құқығын қорғау. Олардың ішінде ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы жаңа норма да бар.
Заңда Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, сондай-ақ «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Жарнама туралы», «Байланыс туралы», «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы», «Мәдениет туралы», «Білім туралы», «Дербес деректер және оларды қорғау туралы», «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы», «Кинематография туралы», «Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы» және «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылды.
– Заң қабылданған соң Ұлттық архив қорының сақталуын қамтамасыз ету, цифрландырылған құжаттардың үлесін ұлғайту және балалардың құқықтарын цифрлық кеңістіктегі теріс контенттен қорғау жөніндегі жүйені күшейту күтілуде.
Осыны ескере келе, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабы 7) тармақшасын басшылыққа ала отырып, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын Сенат отырысының қарауына енгізеді және Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 4-тармағына сәйкес оны мақұлдауды ұсынады, – деді Нұртөре Жүсіп.










