Сенатта кино, анимация және театр өнерін дамыту мәселелері талқыланды

фото:Сенат
ҚР Парламенті Сенатында «Кино, анимация және театр өнерін дамытудың проблемалары мен перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіптің төрағалығымен ұйымдастырылды.
Талқылауға Сенат депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ кәсіби қоғамдастық пен сарапшылар ортасы қатысты. Олардың қатарында театрлар мен киностудия басшылары, кинематография және театр өнері саласындағы мамандар бар.
Дөңгелек үстел барысында Нұртөре Жүсіп талқыланып отырған мәселелердің креативті индустрияны дамыту және ұлттық бірегейлікті нығайту тұрғысынан маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінгі таңда кино, анимация және театр өнері мәдени саясаттың ғана емес, креативті экономиканың да маңызды сегментіне айналуда. Олар қоғамдық құндылықтардың қалыптасуына, ұлттық бірегейліктің нығаюына және еліміздің халықаралық аренада ілгерілеуіне тікелей әсер етеді», – деп атап өтті сенатор.
Ол сондай-ақ саланы дамытуға жүйелі тәсіл қолдану және келісілген шешімдер қабылдау қажеттігіне назар аударды.
«Технологиялардың қарқынды дамуы мен жаһандық бәсекелестіктің күшеюі жағдайында тек бар мәселелерді айтып қана қоймай, оларды шешудің нақты тетіктерін әзірлеу маңызды. Бұл жерде қаржыландыру жүйесін жетілдіру, инфрақұрылымды дамыту, кадрлық әлеуетті қолдау және ұлттық контенттің сапасын арттыру туралы сөз болып отыр», – деді Нұртөре Жүсіп.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар отандық кино, анимация және театр саласының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, соның ішінде қаржыландыру, инфрақұрылымдық қамтамасыз ету, кадрлар даярлау және ұлттық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерін талқылады. Мемлекеттік органдар, кәсіби қоғамдастық пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажеттігіне ерекше көңіл бөлінді.
Кездесу қорытындысы бойынша саланы одан әрі дамытуға және мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге бағытталған тиісті ұсынымдар әзірленді.








