Шараның басты мақсаты –салауатты өмір салтын насихаттау

Елордадағы Триатлон саябағында қысқы триатлоннан жеке және эстафеталық жарыстар өтті. Қатысушылар жүгіру, велоспорт және шаңғы тебу түрлерінен түрлі қашықтықты бағындырды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Қысқы триатлон қашықтығы үш кезеңнен тұрды: 2,5 км жүгіру, 3 км веложарыс және 2,5 км шаңғы жарысы. Оған 100-ге жуық адам қатысты – кәсіпқой спортшылар да, 18 және одан жоғары жастағы әуесқойлар да.
Жалпы алғанда, спортшыларға барлық үш кезеңді өтуге бір сағаттай уақыт кетті.
«Қиындыққа қарамастан байқауға кәсіпқойлар ғана емес, әуесқойлар да қатысты. Барлығы үшін бұл жаңа эмоцияларды сезіну және тәжірибе алу мүмкіндігі. Жақсы жүгіретін адам шаңғымен жүре алмай жатады. Ал велоспорт кезеңінде басымдыққа ие болуы мүмкін», – деп атап өтті Астана триатлон федерациясының бас хатшысы Жанат Қожахметов.
Шараның басты мақсаты – әуесқойлар арасында триатлон, велоспорт, жеңіл атлетика және шаңғы спортын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, халықтың басым бөлігін спортқа тарту.
Ерлер арасында 18-29 жас аралығындағы жекелей сында Владислав Малыков бірінші болып, мәреге жетті, әйелдер арасында – Виктория Ширяева. Әйелдер арасында Лилия Бадртдинова өз санатында (30-39 жас) үздік болса, ерлер арасында – Дмитрий Адамович.
Қысқы триатлонда 40-49 жас санатында ерлер арасында шаңғышы Ерлан Тайлеуов, әйелдер арасында Анна Лебедева жеңімпаз атанды. 50-59 жас санатында ерлер арасында Қайыргелді Мүрсәлімов, әйелдер арасында Татьяна Прилукова бірінші келді. 60+ санатында ерлер арасында Бақыт Мырзагелді, әйелдер арасында Валентина Титовская мәреге жетті.
Сондай-ақ эстафетада бірінші орынды М.Тоханова, Р.Жердентапқанов, М.Бекмағамбетов иеленді.
Әр қатысушы мәре сызығында естелік медальмен марапатталды.
Шара елорда әкімдігінің, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының және Астана триатлон федерациясының қолдауымен өтті.
Айта кету керек, бұл жарыс жыл сайынғы рейтингке енетін 2025 жылдың алғашқы старты болды. Елордалық триатлон федерациясы жарысты 2018 жылдан бері өткізіп келеді.