Шетелден алған қаржы қайда жұмсалды?

0
121

Қазақстан соңғы 15 жылда ха­лық­­аралық даму институттары­нан 14,4 млрд доллар қаржы ал­ған. Қаражат негізінен эконо­ми­ка­­да реформалар жасауға, ше­неу­­­ніктер­ді оқытуға және түрлі инф­ра­құрылымдық жобаларды жү­зеге асыруға беріл­ген­. Ха­лық­аралық институт­тар ма­­құл­­­даған тәуелсіз қаржы­лан­­ды­­руды иемдену бойынша Қазақ­стан Еуразия өңірінде екінші орынға (Өзбекстаннан кейін) ие.

Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының тәуелсіз қаржыландыру дерек­тер базасында (SFD) жария етіл­ген мәлімет бойынша, өңірде жұмыс істеп жатқан 16 ірі халықаралық даму институттары мен агенттіктерінен қаражат келіп түскен. Бұл ретте SFD тек тәуелсіз қаржыландыру, яғни жеке секторға емес, Үкіметке түскен қара­жат туралы ақпарат жариялайды.

«Еуразиядағы қаржыландыру көлемі айтарлықтай. SFD базасында 15 жылдағы 90 млрд доллардан аса­тын жобалар жинақталған. Бұл төмен­гі планкадағы консервативті баға­лау, өйткені біз тек жария ақпарат­қа сүйенеміз. Бізде елдер арасындағы екіжақты қаржыландыру қамтыл­майды», – деп атап өтеді Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының бас экономисі Евгений Винокуров.

Соңғы 15 жыл бойы Қазақстан тұрақты түрде әр алуан халықаралық даму институттарынан қаржы алып келді. Ең көп алған кезі дағдарыс сәтіне – 2009-2010 және 2015-2020 жылдарға тұспа-тұс келеді. Бұл уақыттардағы шекара асып келген қаржы көлемі – 9,9 млрд доллар. Транштың төменгі сомасы 2018 жылы тіркелген – 2,6 млн доллар. 2022 жылы алынған соманы да аса көп деу­ге ауыз бармайды – 10 млн доллар. Соның 90 пайызын Еуропалық қайта құру және даму банкінің (8,9 млн доллар) инвестициялық кредиті құраған. Бұл ақша Өскемен қаласындағы көшені жарықтандыру жобасына жұмсалды. 2021 жылмен салыстырғанда (626,5 млн доллар) бұл қаржы алу көлемі тұрғысынан айтарлықтай төмендеу (60 есе) .

Қазақстанға негізінен Дүниежүзілік банк (6,6 млрд доллар немесе 45,9 па­йыз), Азия даму банкі (4 млрд доллар немесе 27,8 пайыз), Ислам даму банкі (2,8 млрд доллар немесе 19,5 пайыз) және Еуропалық қайта құру және даму банкі (1,2 млрд доллар немесе 8,4 пайыз) қаражат беріп келді.

Қаржыландырудың негізгі бөлігі инвестициялық және тұрақтандыру несиесі (99,4 пайызы) түрінде ұсынылған. Несие қаражатынан бөлек Қазақстан гранттар да алды. Әрине, оның жалпы қаржыландырудағы үлесі көп емес: 0,3 пайыз немесе 46,4 млн доллар. Үш грант жобасының екеуін Дүниежүзілік банк жастар корпусын дамыту бағдарламасына және әлеуметтік нысандардағы энергия тиімділігі жобасына аударған. Үшіншісі – Азия даму банкінің 3 млн доллар қаржысы пандемия кезінде дәрі-дәрмек сатып алуға бағытталды.

Қаржыландырудың тағы бір құ­ралы – техникалық көмек көрсету бағдарламалары болды (0,2 пайыз). Бұл орайда халықаралық ұйым мамандары ақшалай емес, қандай да бір эксперттік, консалтингтік қызметтер көрсетумен айналысты. Ал мемлекет ол үшін постфактум жасады. 15 жыл ішінде Қазақстан мұндай қызметтер үшін 34,4 млн доллар төледі.

Халықаралық даму институттары­нан алынған қаржы негізінен мемле­кеттік басқару және әкімшілендіру бағы­тына бөлініп отырған. Ше­неу­ніктер­ді қаржыны басқаруға оқы­туға, тәуекелдерді есептеп, рефор­ма жүр­гі­зуге 3,5 млрд доллар бөлі­ніпті. Бұл – елдің тәуелсіз қаржы­ланды­руының 24,3 пайызы.

Санаттағы ірі жобалардың бірі 2015-2017 жылдары жүзеге асырылды. Дүниежүзілік банк Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметіне «елдің ши­кі­заттық емес экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмек­тесуге» тиіс реформаларды жүзеге асыру үшін 1 миллиард доллар көлемінде несие берді. Дүниежүзілік банк есебі бойынша, 2017 жылдың соңында мақсат орындалды. Қаржылық құжаттар Қазақстанның жылына екі рет 28,6 млн доллардан бөліп төлеп, бұл қарыз бойынша әлі есептесіп жатқанын айтады.

Тағы бір қызықты мысал – 2009 жы­лы экономикалық дағдарыстың сал­дарын же­ңілдету үшін жылдық 2 пайызбен берілген 500 млн доллар валюталық несиесі. Азия даму банкі берген кредит экономиканың негізгі секторларында дағдарысқа қарсы жоспар құру үшін жұмсалған. Қазақстан бұл қарызды 2022 жылдың орта шеніне дейін төледі. 2009 жылдан бері теңгенің қаншалықты құлдырап, доллар кур­сының өсіп кеткенін, онымен қоса ортада тағы бірнеше дағдарыс болғанын айтып жатудың өзі артық болар. Соған қарап-ақ әлгі 500 млн долларлық қарыздың қаншалықты «іріленіп» сала бергенін байқауға болатындай.

Екінші және үшінші орында – инфрақұрылымдық (3,3 млрд доллар) және көліктік (2,7 млрд доллар) жобалар. Халықаралық банктер Қазақстанға жол салуға, нысандарға энергоаудит жүргізуге, энергия үнем­дейтін технология енгізуге, тариф саясатын өзгертуге көмектескен. Халық­аралық қаржыны иеленген салалар қатарында көпсекторлы жобалар және экономикалық саясат, қаржы және банк ісін дамыту бағдарламалары бар. Бұл екі санатқа бөлінген қаражаттың жалпы көлемі – 3,9 млрд доллар.

Әлеуметтік салаға, тіпті басымдық берілмеген деуге болады. Денсаулық сақтау саласы небәрі 84,3 млн доллар алған. Білім, еңбек ресурстарын дайын­дау үшін 287,3 млн доллар бөлінген. Қауіпсіздікті дамыту секторы, заң және құқық еншісіне 36 млн доллар бұйырған.

Соңғы 15 жыл ішіндегі тәуелсіз қар­жыландыру аясында ғылыми зерттеу­лер үшін не гранттық жобалар, не несие қаражаты қарастырылмаған.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ