Өзіңді табу, өзіңді тану – адамдық мұрат

0
110

Жанат Әскербекқызының жырлары санада естеліктер кенішін оятып, алысқа құлаш ұрғызады. Ақынмен «Миф-о-поэзия» кітабы жөнінде әңгімелесудің сәті түскен болатын.

– Әңгімені «Алып ана – Түкті ата» әпсана-поэмасынан басталықшы. Адам мен перінің байланысы, одан туған алып Едіге хақындағы жырда көрін­бейтін әлемнің көп сыры баян еті­леді. Поэманы жазуға не түрткі
болды?

– Баба түкті Шашты Әзіз туралы аңыз­ды білеміз, сүйегі Созақ жерінде жатыр. Алтын Ордаға әмірін жүргізген һәм тағына отырған Едіге – елдік үшін басын бәйгеге тіккен тұлға. Қарапайым халықтың бір ерекшелігі нағыз ерлердің өмірге келуінің өзін аңыз етіп жібереді. Жалпы, тұлғалар халық үшін, ұлы оқи­ғалар үшін, яғни бір үлкен миссия­ны атқару үшін дүниеге келеді. Қазақта Алпамыс батырдың, Қобыланды батыр­дың дүниеге келуінде де Баба түкті Шаш­ты Әзіздің ізі бар. Қарап отырсақ, Баба түкті Шашты Әзіз – айрықша батыр­лардың дүниеге келуіне дәнекер болған үлкен тұлға. Едігенің жатқан жері туралы қазір өте көп даулы пікір бар. Едіге Ұлытау басында жатыр дейді бір деректе, онда шынында «Едіге биігі» деген жер бар, басына талантты аударма­шы, қарымды қаламгер Кенжебай Ахметов ағамның бастауымен өзім де шықтым. Созақ жерінде, Маңғыстау жерінде де ұшырасады. Созақтағы жайына да тәу еттім. Маңғыстаудағы Едіге мазарына ақын Светқали Нұржан ағамызбен барып, тағзым еттік. Ал Атырауда, Жем-Сағыз өзендерінің бойында Алып ана, Түкті ата деген екі мазар бар. Міне, Еді­­ге­нің ата-бабалары осылар еді дейді аңыз.

Қазақтың «Қырымның қырық батыры» деген кереметтей жыр циклі бар ғой, оның ең басында тұрған Аң­шы­бай батыр. Аңшыбай жетім бо­лып, ел шетінде, көл жағасында тір­ші­лік етіп жүріп, ақыры перінің екі қызы­на үйленеді. Аңшыбайдан туған ұрпақ­тардың бірі Баба түкті Шашты Әзіз дейді де, одан туған Құтлықиядан Едіге туады дейді. Бірақ кейбір аңызда Едігені тура Баба түкті Шашты Әзіздің өз баласы дейді. Анасы пері, атасы адам, осындай ерекше жұптан ғажайып ұл туады. Ақтөбе өңірінде шығармашылық сапармен болған кезімде бірінші назарым­­ды аударған Едігеге қатысты осы оқиға бол­ды. Алып ана мен Түкті ата екеуінің зираттарының бөлек болғаны – бірі адам нәсілінен, бірі пері болғандықтан бірге жерленбеген екен деседі. Аңыздағы логика, тұспал ерекше, оның бәрі тіке­лей баяндалмайды. Бұлар белгілі бір қалыпқа салынып, ишара-тұспалмен айтылады. Ұлттық көркем санадағы ерекшеліктердің бірі мистикалық бояу­мен, ғажайып тәсілмен беру болса, со­ның бір мысалы осы «Алып ана – Түкті ата» әпсанасы.

Елді басқаратын, елдікті ойлайтын, мемлекеттің іргесін нығайтуды жан-жүре­гімен сезініп, санасымен түйсі­нетін азаматтар халық үшін қашанда қа­лаулы. Бұл туындыдағы негізгі кейіп­кер елдікті сақтау жолында үлкен жауап­кершілікті сезініп, басын ажалға тігіп күрескен әйгілі Едіге ғой. Халық Едіге бейнесі арқылы елдіктің туын ұстайтын азаматтардың көптеп тууын көксеген мұратын бейнелейді.

– «Миф-о-поэзия» кітабы бейнебір Алтайды кезген бақсының жыры секілді бағзыны еске салады. Әлем ақын­дарына көз жүгіртсек, Борхес, Йейтс, Бодлер, Эдгар По – бәрінде мифке, тыл­сымға құмарлық байқалады. Ақын мен мифті жақындастыратын не нәрсе?

– Жалпы, мифке көзқарас екі түрлі. Бірі – дүниені, жаратылысты тануға ұмтылған адамның талпынысы, адам бала­сының алғашқы дүниені түсінуі һәм ақиқат негізі. Екіншісі – миф ақиқатты теріс түсіндіру деп жатады. Мен бірінші жағындамын.

Америкалық жазушы Торнтон Уайл­дер: «Миф дегеніміз – өзінің тарихын ұзақ ғасырлар бойы әңгімелеген ха­лықтың арманшыл жаны» десе, неміс ойшылы Фридрих Шеллинг: «Миф дегеніміз – ежелгі поэзия, поэзияның ядросын баяғы мифтен іздеңіз», дейді. Ал италиялық ойшыл Джамбаттиста Виконың пікірінше, «Миф дегеніміз – ең ежелгі, ең ал­ғашқы поэзия». Жалпы, поэ­зия ғана емес, өнердің бар­лығы да мифпен байланысты, содан бастау алады. Бүкіл ақиқат айқара ашылып көрінеді деп айта алмаймын, бірақ соны мифтен сезініп, түсінуіміз керек.

– Сократ: «Өзіңді таны», деді. Сіз­дің­ше өзіңді тануды неден бастау керек?

– Сен өзіңнің ішіңде өзің жатырсың дегенді меңзесе керек бұл пайым. Ежелгі діни мәтіндерде, киелі деп саналатын баяндардың бәрінде бір мотив бар. Мартин Бубердің «Хасид аңыздары» кітабындағы бір хикаяның қысқаша баяны мынадай мазмұнда: краковтық (Краков – Чехиядағы қала) Эйсик атты бір раввин түс көреді. Түсінде оған Пра­гадағы көпірдің оң жағында бір қазына көміліп жатқанын, сол қазынаны қазып алсаң, кедейліктен құтылатынын айтады. Бұл түсті бірнеше рет көрген соң, Эйсик сонда баруға шешім қабылдап, Прагаға келеді. Келсе, ол жерді торуылдап қарауыл жүр екен. Діттеген жерге ене алмай көп жүреді, өйткені ол король жүретін жол болғандықтан үнемі күзет тұрады. Қарауыл оны байқап, не істеп жүргенін сұрайды. Сонда рав­вин түсінде оған осы жерде бір қазы­на барын, соны алсаң кедейліктен құты­ласың деп айтқанын баяндап береді. Сөйт­се күзетші күледі де: «Мен де түс көр­генмін, онда Краков қаласында бір адам­ның үйінде (раввиннің атын айтады), пешінің бұрышында қазына бар деп айтқан, мен түске сенбеймін», дейді. Эйсик кү­зет­шімен сыпайы қоштасып, үйіне келіп, пешінің бұрышын қазады. Сол жер­ден қазына тауып, бүкіл өмірінде өзін кедейліктен құтқарған байлыққа кене­леді. Мұның астарында сен өзіңді та­нуың керек, бүкіл қазына өз ішіңде жа­тыр деген тәмсіл бар. Бірақ ол үшін мін­детті түрде бір сапарға шығасың, азап шегіп, қиналуың мүмкін. Рухани ке­ме­ліңе келу үшін, өз ішіңдегі өзіңді, жү­ре­гіңнің ішіндегі жүрегіңді табу үшін өзіңді зерделеу керек, әр адам – бір құн­­дылық. Дәл осы оқиғаның сю­же­тін Пауло Коэльо «Алхимигінде» жаң­­­ғыртып, Сантьяго деген бақташы ке­йіп­­керге түс көрсетеді. Сантьягоны тү­сін­дегі нұсқаумен алыс сапарға алып шы­ғады да іздеген қазынасын өзі мал бақ­­қанда келетін төбешіктен тап­қызады…

Адам болмысында қаншама қат­пар бар, оларды игеріп тұтына білу – адамның адамына тән.

Түсімде бір затты іздеп таппай жүре­мін. Оның зат емес, мүлде басқа нәрсе екенін санаммен түйсінемін… Бұл күй кез келген қолына қалам ұстаған адамда кездеседі. Өзіңді табу, өзіңді тану – адамдық мұрат осы ғой…

– «Туған айға түнімен мұң шағады

Сен кеткен соң құлазып қалған көшең», – дейсіз. Сіз өзіңіз жүрген көшеден, кездестірген адамдардан, өткен өмірден алған ең үлкен ғибра­тыңыз қандай?

– Жалпы, көше деген нәрсе – менің кеңістігім, менің сүріп жүрген өмірім. Сол көшемде жүрген қанша жақсылар кетті, қанша жастар кетті…

Жазушы Асқар Алтайдың алпыс жас­қа толған кешінде болдым. Сол жиын­да жан-жағыма көз салып, үлкенде­ріміз­дің қатарының селдіреп қалғанына құла­зыдым. Қарап тұрсам, осындай жерде бір кезде Әбіш аға, Рымғали аға, Әнес аға, Фариза апа, Ақселеу аға, Есенғали аға, басқа да жақсы-жайсаңдарым жүретін. Бәрі жоқ бүгін.

Бұл өлеңді нақты біреуге арналды деп айта алмаймыз, бірақ қимастарың­­нан ­айырылып, өмірдің жалғандығын ­сезі­­ніп, санаңды солқ еткізетін нәр­се бола­­ды. Лилия Серғазы деген әдебиет­тану­шы сіңілімізбен бірге жұмыс істе­дім, сол әріптесім ауырып қайтыс болды. Сол кезде көңіл күйдің ауанымен, мұң-сазымен жазылған өлең болатын.

Мен жүрген кеңістікте жақсы да болды, жаман да болды. Жақсыдан да, жаманнан да ғибрат ала білу керек. Егер мықты болсақ, өзіміздің ой-ниетімізді дұрыс тәрбиелей алсақ, өзіміз іздеген қазынамызды игеруге талпынысымыз болса, өмірдің екі жолағынан да ғибрат алуға болады. Қазақ «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дейді. Біз Чеховтың «құндақтағы адамы» емеспіз ғой?

Иә, жамандық, көрген зәбір біраз уақыт есте жүрер, бірақ көбіне жақсы адамдармен жүргенімді мақтан тұтамын, олардың шарапатын ұмытпауға, жақсы істерінен үлгі алуға тырысамын.

– Өміріңізде тапқаныңыз көп пе, жоғалтқаныңыз көп пе?

– Мифологияда өмірді күн мен түн­нің, жарық пен түнектің, ақ пен қара­ның, жаз бен қыстың бірлігі әрі күресі деп түсіндіреді. Қазақ ертегісіндегі Жақ­сылық пен Жамандық, мысыр мифо­логиясындағы Гор мен Сет, үнділердің Хари-Харасы (Вишну мен Шива) –  осындай қайшылық бірлігінің символы. Ақ пен қараның қайшылықты ода­ғынан тіршілік жаратылады. Егер қарама-қайшылықты тоқтатып тастаса, даму болмас еді. Алғаным да көп, жо­ғалт­қаным да көп, жақсылығы да көп, жамандығы да көп, өйткені өмір ғой бұл. Қазақ жақ­сылықты айтады, жамандықты жасырады. Жақсылық пен жамандық­тың күресі сенің ішіңде, менің ішімде жүр. Ішіңде ақ қасқыр мен қара қасқыр бар, қайсына көбірек азық бересің, соған бейімделесің демей ме бір тәмсіл.

– Қазіргі қоғамда сізді не толған­ды­рады?

– Ең жаман нәрсе – бәріне үстірт қарау, асығыс баға беру, бәрін бір өзім білемін деп ойлау, байыбына бармай бай­балам салу, бір нәрсені біліп алмай, өзгелерге ақыл айту. Әбіш аға Кекіл­байұлы бір сұхбатында: «Бір нәрсені есіңде сақта – біреуге ақыл айтпауды, жұрттың ақылы қалтасына сыймай жүр­генін есіңнен шығарма», дейді. Қазір әлеуметтік желіде өзі білмеген дүние­сі туралы толғам айтатындар өте көп. Қоғамда бұл нәрсе өте өзекті болып тұр. Ешқандай көркем әдебиет деген нәрсені түсінбей, эпигондық нәрсе жасап, мара­патқа лайықтымын деп, мынадай дәре­жеге сай едім деп өзіңе-өзің баға беру өзіңнің төмен деңгейіңді көрсетеді. Неге біз өзіміз қолға алған дүниені тереңдеп барып меңгермейміз, неге байбаламға құмармыз? Ұстазым, академик Рым­ғали Нұрғали: «Қазір кәсібилердің заманы өткен, дилетанттардың заманы басталып кеткен», деп айтатын. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын, бірақ қоғамда дилетанттар басым. Соның салдарынан таланттар тасада қалып, талантсыздарды «танып жүргеніміз» шындық.

– Өз өлеңіңізде айтатын Ғайып құсы келіп өткен өміріңіздегі бір ­жағ­­даятты өзгертуге мүмкіндік берсе, нені өзгертер едіңіз?

– Киноларда уақытты шегіндіріп жатады ғой. Мен уақытты кері шегіндіруді сұрар едім, уақыт шегінсе, қателіктерім­ді жөндер едім… Қиял ғой…

– Ақынның өлеңге деген көзқарасы әр жаста әртүрлі болып өзгере ме?

– Бала күнімде жазған өлеңде бір шумақ бар еді:

«Ақындыққа халықпыз жаны жақын,

Қиял қуып, шарқ ұрып сабылатын.

Ұйқасқанның бәрі де өлең болды,

«Қалам тартқан қазақтың

бәрі де ақын».

Балалық шақта әртүрлі оқиға, сұлу сурет іздеп жүресің. Уақыт өзі талантпен қоса білім керегін түйсіндіреді. «Бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек» демей ме? Талант пен ізденісті жалғап отырсаң, әр жаста өзгеріс, өсу болады. Өлең жиын-тойда айтылатын, жұртты күлдіретін жадағай ой, жайдақ сөз емес.

Өлеңге деген көзқарас әр жаста әр­түрлі екені рас. Негізі өлең дегеніміз рух қой. Ақындық – әу бастан адамның ішіндегі адамына ғана берілетін тұмса дүние. Өлең қонады, дариды деген бабалар сөзі рас. Бірақ қолға түскен құсты баптау, жетілдіру, оны әрі қарай самғату ақынның өз қолында.

– Есенғали Раушановтың кітап­тарының шығуына атсалысып жүрсіз. Ақын туралы естелік айта аласыз ба?

– Есенғали поэзиясы – сырты күміс, іші алтын дүние. Қазақтың ұғымына, санасына сіңетін тамаша үлгілерді бүкіл адамзаттық, мәңгілік мұраттарға тиесілі ойлармен үйлестіріп, тамаша өлеңдер жазып кетті. Есенғалидың тереңдігі, биіктігі – бөлек әңгіме. Қазақ екеніміз рас болса, поэзиямыздың қай деңгейге жеткенін бағамдау үшін Есенғалиды түсініп, түйсінуіміз керек деп ойлай­мын. «Ғайша бибідегі» түр­кінің жеті белгі­сін алып, түсіндіріп көрсінші бірі. Сол ­поэ­мада Күлтегін мен қағанды ­айтыстырады, Ғайша бибі мен Мәстекбайдың образын жасап, екеуін салыстырады. Біздің кейде қазіргі өлеңді жиын-тойда айтылар ұйқасты сөз немесе атақ шығаратын құрал деп түсінуіміз Мәстекбайдың әрекетіне жа­қын келеді. Ол кездегі айтыстың құны бөлек болған. Жапондар Фудзияма тауына барып, бүкіл күнәсінен қалай арылса, ол кезде түркілер үшін, қазақ үшін айтыс сондай киелі болып еді дейді поэмада ақын. Есенғали ақынның білімі терең, өресі биік еді, тынымсыз ізденісте болған адам. Ұлы ақындар Абай мен Мағжанның, Ілиястың, Қасымның, Мұқағалидың, Төлегеннің, олардан кейін Есенғалидың поэзияны шырқау биікке көтеруі – ақын халық екеніміздің дәлелі. Есенғалиды неге құрметтейміз? Себебі онда сенің қазақтық рухың жатыр, қазіргінің, болашақтың ойы, талап-тілегі, арман-мұраты жатыр.

– Арманыңыз бар ма?

– Арман таусылған күні адамның өмір сүруі де тоқтайтын шығар. Иса Бай­­за­қовтың «Құралай сұлуын» оқысаң, се­гіз ұлы сегіз ауыл болып отырған Кел­ден қарт­ сақалынан жас тамшы­лап жы­­лап отырады. Сонда оны арнайы із­деп кел­ген Монтай би армансыз адам бол­­майды деген ойға тоқтайды. Ақиқаты осы. Пенде баласы үшін қол жеткеннің бәрі жалған, қол жетпегеннің бәрі ­арман ғой негізі.

– Кейінгі жазған өлеңіңізді оқып берсеңіз.

Тереземе жақындап Ай келеді,

Арамызға кедергі әйнек еді…

Түйір нұрын түйме қып алар едім,

Бола қояр пенденің қай дегені…

 

Түннің өңі ақ емес…

қара да емес,

Сан сұрақты суырар санадан ес.

Түс көреді түнгі әлем шым-шытырық

Ойдан, қырдан жиылып тәмам елес.

 

Ай бетінде қалғандай өткен ғұмыр,

Соны айта ма тылсымнан

жеткен күбір?!

Жүрегімнің дүрсілін іле кетті,

Құйғып барып сол айға шөккен дүбір.

 

Сәттік қана мезеттің неге бәрі,

Неге үркектеп қашады менен әрі?!

Әлдеқайда бір сәуле ағып өтті,

Түнді оятып «Мен – ғайып»

деген әні.

 

Қол жеткізсін ғайыпқа пенде қалай?!

Сәттер жүйткіп барады

жерге қарай…

Әйнек деген әлемге басын сүйеп,

Тереземнен қарайды дөңгелек Ай.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Батырхан СӘРСЕНХАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ