ШЕТЕЛДІК КӨЛІК ШЕТ ҚАЛМАЙДЫ

0
223

Соңғы жылдары шетелдік тіркеу нөмірімен жүрген көліктерге қатысты дау-дамай көбейіп тұр. Тәуекелге бел байлап, шетелдік нөмірлі көліктерді сатып алғандардың арасында сан-түрлі пікір белең ала бастады. Бағасының арзандығына қызығып, шет елден алып келген көлігін заңдастырудан қашқақтап жүргендер бұдан былай заңды белден басып жүре алмайды. Себебі өткен жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүрген қырғыз, армян, ресейлік көліктердің тіркелуі туралы бірқатар тапсырмалар берген болатын. Бұл бағыт бойынша 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген шетелдік автокөліктерді біржолғы заңдастыру туралы шешім қабылданды.

Осы орайда аталған мәселеге қысқаша журналисттік зерттеу жүргізу мақсатында Президент шешімінен туындаған тапсырмалардың жүзеге асу жолдарын саралап көрген едік.
Автокөлікті заңдастыруға қанша қаржы керек?
Көлік құралын тіркеу үшін мамандандырылғын Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы 200 мың теңге көлемінде бір рет­тік төлем жасалады. Заңдасты­рылған автокөлік иелері утиль алымнан босатылады. Сондай-ақ техпаспорт алу үшін 4 313 теңге мемлекеттік баж бар.
Көлік иесі мемлекеттік нөмір үшін 9 660 теңге мөлшерінде алым төлейді. Барлық құжат тексеріліп, төлем жасалғаннан кейін автомобиль иесіне Қазақстан Республикасының тіркеу құжаты мен мемлекеттік нөмірі беріледі.
Шетелдік көлікті тіркеуге қандай құжаттар қажет?
Азамат алдымен көлікті заңдастыру үшін тө­мен­де көрсетілген бірқатар құжаттарды тапсы­руы тиіс. Атап айтқанда арнайы бекітілген форма бойынша өтініш, өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжат, транспорт құралының паспорты немесе транспорт құралын тіркеу туралы куәлік, транспорт құралына меншік құқығын растайтын құжаттарды өзімен бірге алып баруы шарт. Аталған құжаттар қабылданғаннан кейін көлік тексеруге жіберіледі. Тексеру нәтижесі арнайы базаға тіркеледі. Көлікті заңдастыру туралы өтінім екі жұмыс күні ішінде қарастырылады. Шешім шығарыл­ғаннан кейін өтінім қабылданады немесе заңдастырылудан бас тартылады. Көлік иесін хабардар етуі үшін оның ұялы телефонына ХҚКО тарапынан 1414 нөмірі арқылы хат жіберіледі. Хабарлама мәтінінде қабылданған шешім, транспорт құралының бірегей нөмірі, моделі мен маркасы көрсетіледі.
Ел аумағында қанша шетелдік көлік бар?
Қазақстанда тұрақты жүрген шетелдік автокөліктердің нақты саны туралы деректер жоқ. Сонымен қатар 2022 жыл­дың 1 қыркүйегіне дейін шетелдік авто­көліктерге 300 мыңнан астам авто­сақтандыру полисі ресімделгені анықтал­ған. Автосақтандырулардың басым көпшілігі Ресейден келген автокөліктерге берілген, олар шамамен 260 мыңға жуық, Қырғызстаннан келген автокөліктер саны – 25,5 мың болса, Армения көліктері – 18 мың. Айта кетейік өткен жылы шетелдік тіркеуі бар көлікті жүргізушілердің кінәсінен 1800-ге жуық жол апаты орын алып, 500-ге жуық адам көз жұмған. Сондай-ақ жол қозғалысын 700 мыңнан астам рет бұзған.
Тобықтай сөздің түйіні иә, қай өңір­ге барсаңыз да ­отандық нөмір­­мен жүрген көліктерге қара­ғанда, шетелдік нөмірмен жүр­ген авто­көлік­тер көп. Айналаңызға зер сала қарар болсаңыз екі көліктің біріне шетелдік нөмір тағылғанын көзі­ңіз шалады кейде. Расында, еліміз­де автокөлік нарығындағы баға күн санап артуда. Қазіргі таңда, қазақ­­стандық көлікті сатып алуға көпші­лік халықтың қалтасы көтере бер­­мейді. Көршілес жатқан өзбек аға­йын­дардан шығатын «Нексия» автокөлігіне сұраныс жоғары. Себебі, заты да, шығыны да аз болғандықтан осыған ұқсас көліктерге сұраныс өте көп. Былай қара­сақ, аталған елдерде сатылатын көлік Қазақстанда да бар. Бірақ бағасында айтарлықтай айыр­ма­шылық байқалады. Бұл ретте еліміздегі ірі автокөлік нарығына айналған kolesa.kz сайтына кіріп, баға мен шаманы талдап көрдік. Мәсе­лен, сұранысқа ие қазақстандық нөмірлі «нексия», «приора» көлік­те­рі­нің бағасы 1,5-2,5 млн теңге ара­лығында пұлданып тұрса, дәл осындай шетел­дік нөмірлі көліктер 900 мың мен 1 млн 300 мың теңге аралығында саудалануда. Қалтаңызға қарай көсілер болсаңыз Сіз қай көлікті алар едіңіз? Әрине, арзан көлікке жүгінесіз. Шыны керек ауданымыздың өзінде шетелдік нөмірлі көліктердің нақты саны бойынша деректер жоқ. Десе де, «арба да сынбайтын, өгіз де өлмей­тін» заң бекітілді. Бекітілген заң қарапайым халықтың көңілінен шығады деген үміттеміз.
Дархан БАЙТІЛЕС

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 656

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 657

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 658

ПІКІР ҚАЛДЫРУ