Шымкентте тұрғын үй басқармасының басшысы ұсталды (ВИДЕО)

0
187
Фото: Halyq Uni

Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша күдікті ретінде ұсталды, деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.

Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушыға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Лауазым иесі қаланың 216 тұрғын үйінің сейсмикалық тұрақтылығын технологиялық тексеру жөніндегі жұмыстарды орындауға бөлінген аса ірі мөлшерде алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобымен бюджет қаражатын жымқыру бойынша күдікті. Залалдың алдын ала сомасы 120 млн теңге болып отыр, – делінген хабарламада.

Тергеу кезінде шенеуніктің анасына рәсімделген Түркістан облысының Қазығұрт ауылында монша кешенін салу арқылы жымқырылған қаражатты заңдастыру туралы нұсқасы тексеріледі.

Қазір ол Шымкент қаласының ПД уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ