Сметов Grand Slam-ге қатыспайды – бас бапкер түсініктеме берді

0
127

Астанада өтетін дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысына санаулы күндер қалды. Бүгінгі таңда қазақстандық дзюдошылар елордада жарыс алдындағы дайындықтарын пысықтауда. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов команданың жарысқа дайындығы жайлы айтып берді.

«Дәл қазір ерлер құрама командасы Астанада оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Бұл жиында біз Франция және Ұлыбритания спортшыларымен дайындалып жатырмыз. Алдағы жарысқа қатысатын құраманың жігіттеріне жәрдемдесіп, спаррингте бірге дайындалу үшін жастар командасы да қосылды. Жас спортшылардың осылайша үздік спортшылармен жаттыға алуы – оларға үлкен мектеп. Негізгі құраманың кейінгі буынмен бөлісер ақылы да, тәжірибесі де мол. Осындай маңызды жарыстың өз жерімізде өтуі бізге сенім беріп, аса үлкен жауапкершілікті талап етеді», – дейді ол.

Бас бапкердің айтуынша, Grand Slam – керемет мүмкіндік. Жастар бақтарын сынап, әлемнің мықтыларымен кездесіп қоймай, рейтингтік ұпай да жинай алады.

«Біз қабылдаушы ел ретінде әр салмаққа төрт спортшыға дейін қоюға мүмкіндігіміз бар. Сол себепті осы жарыста команда көшбасшыларынан бөлек,  біраз салмақта жастар құрамасының спортшыларын ұсындық. Әлемдік додаға дайындалып жүрген дзюдошыларымыздың көбі 2001-2003 жылы туған спортшылар. Кейбірі үшін бұл жарыс алғашқы халықаралық тәжірибе болмақ. Өз елімізде бақ сынайтындықтан, жастарымыз өздеріне сенімді, алғашқы қадамдарын нық басады деген үміттеміз», – дейді Сүлейменов.

Сондай-ақ кешеден бері желіде Елдос Сметовтің бұл додаға қатыспайтыны туралы ақпарат тарап кетті. Көпшіліктің сұрағына бас бапкердің өзі жауап берді.

«Елдос Сметов бұл жарысқа қатыспайды. Себебі қазіргі таңда ол бапкерлердің арнайы дайындаған жүйесімен дайындық жүргізуде. Елдостың және бапкерлердің шешімі бойынша, ол алдағы Grand Slam жарыстарын өткізіп, бар күшін жаз соңында өтетін Masters жарысына жұмсайды. Жарақаттарын толыққанды емдемей жатып, әлем чемпионатына қатысқандықтан, спортшымыздың осыған дейін алған травмалары қайта сыр берді. Толық емделіп, дәрігерлер, массажистердің көмегімен өз қалпына келу бойынша жұмыс істеп жатыр. Бүгінде ол арнайы бағдарлама бойынша жеке бапкерімен Алматы қаласында жаттығуда. Grand Slam жарысына Елдос қатыспағанымен, командамыздың қасында болып, қолдау көрсетуге келеді», – дейді ол.

Бұдан бөлек, бас бапкер Елдос қатыспағандықтан, 60 келі салмақ дәрежесінде жас спортшыларға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.

«Бұл салмақ дәрежесінде Нұрқанат Серікбаев, Мағжан Шамшадин, Дәурен Сүюкенов, Қанат Сейілхан бақ сынайды. Бұл спортшылардың барлығы да халықаралық аренада тәжірибесі өте аз балуандар. Өз еліміздің қолдауы көмектесіп, спортшыларымыз кездесулерін абыроймен алып шығады деп үміттенеміз.

Мақсатымыз – осы жастарымызды шыңдап, тәрбиелеп, әр салмақта Елдос сынды мықты балуандарды шығару. Келе жатқан жарыс осы мақсатымызға деген тағы бір қадам болмақ», – деді Сүлейменов.

Естеріңізге сала кетсек, бұл доданың нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында Әлемдік және олимпиадалық рейтингілерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, 1-орын үшін – 1000, 2-орын үшін – 700, ал, 3-орын үшін 500 ұпай есептеледі.

«Qazaqstan barysy Grand Slam» турнирінде дзюдошылар 2024 жылы Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін ұпай жинайды.

Ақмарал БЕРЕКЕТ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ