Соғыстың соңғы солдаттарына құрмет

0
132

Деректерге жүгінсек, 1941-1945 жылдары Қарағанды аймағы­нан барлығы 45 мың адам майданға аттанған. Жазмыштың жаузымен оның 18 мыңы соғыс даласында дамыл тауыпты. Бүгінде Жеңісті жақындатқан ардагерлердің қатары да Қарағандыда сиреді. Олар санаулы-ақ. Осы күні өңірде он үш ардагер ғана бар.

Жеңіс күні қарсаңында со­ғыс­­тың осы соңғы сарбаздарына құрмет көрсетілді. Тек соғыс арда­герлері ғана емес, тылда бел жазбай ерен еңбек еткен ардагерлер, Ле­нин­град блокадасында бол­ған, концлагерьдің қияметін көрген көнекөз қарияларға да бүгінгі буын ыстық ықыласын жеткізді. Ардагерлерге арналған құрметті жиынға он үш арда­гер­дің алтауы ғана келе алды. Бұл ардагерлердің жасы үлкені жүз жаста. Үйден шыға алмайтын ардагерлерге аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев бастаған топ арнайы барып құттықтады.

Ардагерлер құрметіне ар­нал­­ған салтанатқа келгендер ара­сында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерінің жесірі, тыл ардагері 106 жастағы Тұмар Ысқақова да бар. Тылда жүріп, Жеңіс үшін аян­баған жанкешті еңбектің тірі куәсі. Тұмар әжей сол уақытта майдан үшін жандарын шүберекке қалай түйгенін еске алады. Ауылдың адамдарымен бірлесе майданға сәлем­де­мелер жіберген, сарбаз­дар­ға жылы киім-кешек, шұлық то­қып жөнелткен күндер бүгін тарихқа айналған.

«Денсаулығыма қарамастан 200 шақырым жол жүріп, осында ке­луге күш таптым. Осынау ме­ре­­кені көргеніме қуаныш­ты­мын. Бізге көрсеткен құрмет үшін мың алғыс», дейді тыл еңбеккері.

Адамның тұла бойын шы­мыр­лататын әскери әндер­ді орын­­даған оркестр сүйемел­де­уі­мен Т.Бигелдинов атын­дағы респуб­ликалық әскери мек­тептің тәрбие­­лену­ші­лері құр­метті қара­уыл­да тұрды. Сұ­ра­пыл жыл­дар­дың жаң­ғыр­ы­ғ­ы іспеттес мұра­­жай жә­ді­гер­лері де көрмеге қойыл­ды.

«Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – еліміздің тарихындағы ерекше еске алу күні. Бұл біздің қаһарман­да­рымыздың – аталарымыз бен әке­леріміздің, әжелеріміз бен ана­ларымыздың ерлігіне құрмет көрсету күні. Бізге бұл жеңіс қандай құр­бан­дық­пен жеткенін дәйім есте сақтаймыз. Сіздердің тең­десі жоқ батылдықтарыңыз бен қай­сар рухтарыңыз, табанды­лық­­тарыңыз бен жанқияр­лық­та­ры­ңыз бізге бейбіт өмір сыйлады.

Біздің еліміз бен бүкіл адам­зат үшін жасаған барлық істе­­ріңіз үшін сіздерге мың тағзым»,  деді ардагерлерге облыс әкімі Е.Бөлек­паев. Қара­ғанды облысы Арда­гер­­лер ке­ңесінің төрағасы Оралды Төреғожин фашизмге қарсы со­ғы­стың екі қатысушысы – Григорий Петрович Степенко мен Анна Нико­норовна Кото­ва­ға «Қа­раған­ды об­лысының құрметті арда­гері» төсбелгісін табыс етті.

«Мен баршаңызды құрмет­теймін! Құшағыма сыяр бол­са­ңыздар, баршаңызды бауырыма басар едім. Бүгінгі жас ұрпақ соғыстың тауқыметі мен қасіретін білмесін деп тілеймін. Бейбіт өмірді қадірлей білу керек. Біз көпұлтты елімізде тату- тәтті өмір сүріп жатырмыз. Соны қас­терлей білу қажет»,  дейді Григорий Степенко.

Еске сала кетейік, аймақта соғыс ардагерлеріне Жеңіс күніне орай 1,5 млн теңгеден көмек берілді. Сонымен қатар бір­жолғы материалдық көмек соғыс ардагерлеріне теңес­ті­рілген бас­қа да санаттағы тұр­ғындарға көр­сетілді. Кәме­летке толмаған кезде конц­ла­герь тұтқыны болған 38 адамға 100 мың тең­ге­ден, Ле­нинград блокадасын­да бол­ған 11 қарағандылыққа 60 мың тең­геден көмек берілді. Ай­мақта 4138 тыл еңбеккері мен 161 жауынгердің жұбайы бар. Олардың есепшотына 30 мың теңгеден аударылды.

Қызғалдақ АЙТЖАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ