Сексен жылдан соң табылған…

0
157

Ресми дереккөзге жүгінсек, қан майданға Қазақстаннан аттанғандардың ­410 мыңы­ қайта оралмаған. Бұл жауынгерлердің 350 мыңы қазақ ұлтының өкілі болса, осы­лардың 271 мыңы хабар-ошарсыз кеткендер қатарында екен. Сол хабарсыз кеткен көп қазақтың бірі – Қайыржан Тікшекеев есімді жауынгердің мүрдесі 2020 жылдың наурыз айында Украинаның Киев облысына қарасты Макаровский ауданының Боровка селосы маңынан табылды. Сол жылдың қазан айында қазақ жауынгерінің сүйегі Астана қаласына ұшақпен жеткізіліп, елордадағы Әскери-тарихи музейде марқұмды ұлықтау іс-шарасы өткізілген соң, кіндік қаны тамған Дәуқара ауылындағы ­ата-баба қорымына жерленді. Осылай қатардағы солдат Қайыржан Тікшекеевке 80 жылдан кейін ғана туған жерінен топырақ бұйырды.

Әкесін іздеген Әскер

Қолымыздағы деректерге қарасақ, марқұм Қайыржан Тікшекеев 1916 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданындағы Дәу­қара ауылында дүниеге келіпті. Ата-анасы қарапайым шаруа адамдары екен. Бұлардың 13 баласы болғанымен, ел ішін індет жайлаған жиырмасыншы жылдары 11 баласын қара жердің қойнына тапсырған. Тірі қалған бір ұл Қайыржан мен жалғыз қызы Мағризаны пана тұтып, өрт шалған өксігін басып сабыр еткен.

Замана беті сәл бері қараған 1929 жылы ата-анасы Қайыржанды көрші Сулыкөл ауы­­лының бойжеткені Қай­ни Мах­метқызына үйлендіреді. Жас отау иелері кешікпей Мағрой атты қыз бен Дулат есімді ұлдың ата-ана­сы атанады. Хат-шотқа жүйрік Қа­йыржан Карл Маркс (бұрынғы Дәу­қара ауылы) ұжымшарында есепші қыз­метін атқарған. Ол әскер қатарына шақырылғанда жарының құрсағында қалып бара жатқан үш айлық баласын аманаттап: «Мына нәресте ұл туса оның атын менің солдатқа аттанған құрметіме «Әскер» қойыңдар» деген екен. Осылай 1940 жылы шілде айында дүниеге келген Әскер Қайыржанұлы 2004 жылы бақилық болғанға дейінгі бар ғұмыры маңдайынан иіскеп үлгермеген әкесін іздеумен өтті. Осы ісін дүниеден өте­рінде үлкен ұлы 1969 жылы туған Ма­ратқа аманаттап кеткен.

ямчи

Осы орайда біз туған жеріне 80 жылдан кейін мүрдесі оралған Қайыржан Тікшекеевтің немересі һәм осы оқиғаның басы-қасында болған елорда тұрғыны кә­сіпкер Марат Тікшекеевті сөзге тарт­тық:

– Атамыз 1940 жылы 7 ақпанда әскерге борышын өтуге аттанған екен, – деді Марат Әскерұлы. – Әуелі Сочи қаласы маңында орналасқан әскери бөлімде тұрақтаған көрінеді. Әскерге барған күннен бастап артында қалған туған-туыс, үш баласы мен жарына үнемі хат жазып тұрған. Біздің қолымызда атамыздың 12 хаты бар. Қазір біліп отырмыз соңғы хаты өлерінен бір апта бұрын жазылыпты. Бұл хаттарды апамыз Қайни көзінің қарашығындай сақтаған. Осы жазбаларда атамыз өзінің қайда жүргенін, қай жерге барғанын тәптіштеп жазыпты. Кейін мен осы хаттарда аттары айтылған елді мекендер бойынша карта жасап көрдім. Мысалы: Дәуқара – Сочи – Ворошиловград (қазіргі Луганск) – Святогорск – Карл Маркс (Украинадағы шағын село) – Ржищево деп келіп осы жер­ден атамыздың ізі жоғалғанын аңғар­дым.

Бұл жерде ескеретін дүние – 1941 жылы соғыс басталған күні атамыз Киев қаласы маңында ірге тепкен горнизонда болғаны анық. Соғыстың алғашқы күндері Вермахт әскерінің екпіні қатты болғанын білесіздер. Киев қаласы осы немістердің күшті соқ­қысына тап болып, қорғап тұрған Қызыл әскер қосындары түгелдей тал­қандалғаны жайында білеміз. Осы қыр­ғын Қайыржан атамыздың ғұ­мырын қиып кеткенін жаңа білдік. Яғни атамыз соғыс басталғанына бір-ақ ай толған 1941 жылдың 23 шілдесінде қаза тауыпты.

– Атаңыздың мүрдесі табылғаны туралы хабарды қалай білдіңіз?

– Пандемия нағыз күйіп тұрған 2020 жылдың 26 наурызы еді. Үйден әсте шығуға болмайды. Содан әдеттегідей әлемжеліні ақтарып отырып, атамыздың сүйегі табылғаны туралы ақпарды көріп қалдым. «Тыкшикеев Каиржан 1916 жылы туған. Қазақ ССР, Көкшетау облысы, Айыртау ауданы, Дау­қара се­лосы» деп тұр. Дәл менің атам. Жа­рық­тық әкемнің өмір бойы әкесін іздеумен өткен мұңлы күндері есіме түсіп, өксіп-өксіп алдым. Дереу ана­ма, іні-қарындастарыма хабарлап, керемет жаңалықпен бөлістім. Олардың бірі Алматыда, бірі Қызылжарда дегендей… Олар да таң-тамаша.

Сонау жылдары «аталарың Қайыр­жан тірі екен. Неміс әйелге үйленіп Гер­манияда тұрады-мыс» дегенді де естідік. Анық-қанығына жету үшін бизнестегі әріптесім Германияның Эс­сен қаласының тұрғыны Виктор Кай­зер арқылы іздеу салсам да, нәтиже шық­пады. Жалпы, адам баласының түйсігі алдамайды екен. Әкем: «Менің әкем ешқашан сатылмайды, ол отаншыл адам» дейтін еді. Ақыры рас болды.

– Атаңыздың қандай әскери құры­лым сапында майданға қатысқаны жайында дерек бар ма?

– Қай полкта, қай ротада қызмет жасағанын дәлдеп айту қиын. Бірақ мүрдесі табылған жерді анықтағаннан кейін зерделеп көрсек, атамыз Киев­ті қорғаған 28-таулы атқыштар дивизиясында болғаны анық. 1941 жылы шілде айында вермахтың «Оңтүстік» тобы Киев-Житомир бағытымен құ­тырына ұмытылғаны туралы дерек бар. Қызыл әскер немістерге қарсы үш атқыштар дивизиясын (28, 171 және 165-ші) қойғаны жайында майдангер-жазушы Равиль Бай­буриннің «Идет война народная» атты кітабының «Героическая оборона Киева» атты бөлімінде толық суреттелген. Осы кітапта: «Д.И.Шепеленко бастаған 28-таулы атқыштар дивизиясының 144-атқыштар полкі өшпес ерлік жасап, бәрі қаза тапса да немістерге қатты қар­сылық көрсетті» деген жолдар бар. Менің атам дәл осы 144-атқыштар полкында болған деген пайым айта аламыз. Өйткені полкта шепті қорғайтын мерген автоматшылар ротасы болған көрінеді. Өзіміздің Дәуқара ауылының тумасы соғыстан аман оралған Әлімжан Дүйсенов: «Дәл соғыс басталардан бір күн бұрын түнде Қайыржанды бейтаныс командир келіп «сен автоматпен жақсы ататын мергенсің» деп алып кетті. Содан кейін ол кісіні көрмедім» дегеніне қарағанда атамыз алғы шепте болып, ерлікпен қаза тапқаны хақ. Алдағы күндері марқұм атамның ерлік істері ескеріліп, еліміз тарапынан марапаттау іс-шарасы жүзеге асса деген ұсынысым бар.

Жат жерде жан қиған

Біздің айтпағымыз қазақ жауын­герінің мүрдесін алғаш тапқан украи­налық із­кесуші «Вертикаль» атты ұйым. Со­ның ішінде Володимир Жарко деген жігіт бастаған топ мүшелері. Бұ­ларға әуелі даладан металл теріп кү­нелтіп жүр­ген темір іздеушілер ха­барласқан. Олардың жер астында жатқан металл туралы хабар беретін құрылғысы дәл марқұмның зиратына келгенде ызыңдап белгі берген. Өйткені марқұмының темір каскасы мен күрегі өзімен бірге жерлегені пайдаға асқан. Металл іздеушілер аумақты қазып көріп, белгісіз солдаттың мүрдесіне тап болғаны жайында жоғарыдағы ұйымға хабарлаған. Олар келіп мүрденің аты-жөні, мекенжайы жазылған жез капсула барын аңғарған. Сөйтіп, бұл жауынгердің «Қайыржан Тікшекеев» екені анықталады. Осылай аты-жөні анықталған адамның қазақ екенін білген украиналық «Вертикаль» ұйымы Қазақстандағы әріптесі «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі арқылы жариялаған. Осы ақпарат тәңірдің қа­лауымен марқұмның немересі Ма­рат Әскерұлының көзіне шалынған. Тағ­дырдың қалауын қарамайсыз ба?!

Көрді қазған ізкесушілердің айтуына қарағанда, марқұмды майдандастары қанды шайқас үстінде өзі қазған окаптың ішіне асығыс бетін жасырып кете берген. Каскасы мен күрегін де алып үлгермеген. Шындығын айтқанда, соғыстың алғашқы айында мұздай қаруланған немістер жолындағы кеңестік әскери қосындарды шыбын шаққан құрлы көрмей апырып-жапырып, қырып-жойып өте шыққаны анық. Мұндай аласапыран шақта қайта марқұмның бетін жасырып үлгергені – үлкен ерлік.

Осы оқиға туралы 2020 жылдың мамыр айында украиналық «Интер» телеарнасы сюжет түсіріп, оны 9 шілде күні эфирге шығарған. Осы түсірілімді көрген «Еуразия» арнасының журналисі Наталья Максимова оқиғаны жетілдіре зерттеп жан-жақты қарастырылған хабар жасап шығады. Ол хабар теле­арнаның «Жди меня» бағдарламасы арқылы 2020 жылы 12 қараша күні көпшілік назарына ұсынылады. Көп кешікпей бұл оқиға жайлы «Астана» арнасы 2020 жылы 26 қарашада «Герой великой победы» атты 17 минуттық деректі фильмді эфирге шығарса, «Астана» радиосы қазақ тілінде арнайы хабар ұйымдастырды.

Жоғарыдағы телесюжеттер мен радио хабардан аңғарғанымыз қазақ жауынгерінің мүрдесі туған жерге оралуы­на зор еңбек сіңірген адам Қа­зақстан елшілігінің Украинадағы әскери атташесі полковник Сәбит Бекмұратов көрінеді. Осы кісінің араласуымен әуелі Макаров селосының мәдениет үйінде қазақ жауынгерінің мүрдесін туған жеріне аттандырып салу рәсімі жо­ғары деңгейде ұй­ым­дастырылып, 2020 жылдың қазан айында мүрде өзімен бірге табылған каска және сапер күрегімен бірге ұшақпен Астанаға жет­кізіледі. Алыстан келген марқұмды ұлықтау рәсімі Әскери-тарихи музейде өтіп, әзіз сүйегі сексен жылдан кейін туған топырағымен қауышты.

Дереккөз: egemen.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ