Ұстаздардың кәсіби біліктілігіне және білім сапасына қойылатын талаптар күшейе береді – депутат
Білім саласының өзекті мәселелері қай кезде де толастаған емес. Оларды шешу, саланы жаңғырту бағытында жауапты министрліктен бөлек, “AMANAT” партиясы да айрықша үлес қосып келеді. Сондықтан да Мәжілістегі партия фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова тілшіміздің сауалдарына жан-жақты жауап берді.
– Келесі жылдан бастап Оқу-ағарту министрлігі балабақшаларды лицензиялайтынын айтып отыр. Ал бұған жекеменшік балабақшасы бар кәсіпкерлер келіспей, өз наразылығын білдіруде. Бұған сіздің пікіріңіз қандай?
– Балалар – ұлтымыз дамуының негізі. Елімізде шамамен 6,5 миллион бала бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларымыздың қауіпсіздігі, балаларды қорғау, балалардың ерте жастан дамуы мемлекетіміз үшін үлкен басымдықтардың бірі екенін айқындады. Әрбір ата-ана баласының дені сау, бақытты болып өскенін, терең білім алып, өзін-өзі дамытумен айналысқанын қалайды. Сонымен қатар балалардың әл-ауқаты мен тәрбиесі – жалпыұлттық міндет. Мемлекетіміз 2 жастан 6 жасқа дейінгі барлық балаларды сапалы мектепке дейінгі біліммен қамту міндетін жүйелі орындауды қолға алды. Әлеуметтік осал топ санатындағы отбасы балалары балабақшада тегін тамақтануы да қарастырылып, шешілуде. Барлық балабақшалар қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Жазда әлеуметтік желіде балабақша лицензиясын қайтаруға байланысты қызу талқылаулар жүрді. Парламент Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі “AMANAT” партиясының фракция мүшесі және партия жанындағы білім, денсаулық сақтау мәселелеріне арналған республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде алғашқылардың қатарында Балалар жылы аясында балабақшалардағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қордаланған кешенді проблемаларды талқылау және оларды шешу жолында бірқатар жұмысты, нормативтік-құқықтық актілерге енгізілетін ұсыныстарды Үкіметке жолдадым. Себебі балабақшадағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өте ауқымды және көптен бері шешілмеген кешенді сұрақтар.
Ең бастысы, бұл проблемалардың шешімінде жүйелі мониторинг өткізу өзекті. Менің ойымша, мектепке дейінгі білім беру сапасын бағалау өлшемшарттарын және лицензиялау өлшемшарттарын талқылап, енгізу керек.
Бұдан бөлек, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері үшін міндетті әлеуметтік кепілдіктерді заңнамалық енгізу жөніндегі мәселені қарастыру маңызды. Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 қарашадағы №597 бұйрығына сәйкес, қосалқы, медициналық персоналдың жалақы мөлшерін, мектепке дейінгі балалар ұйымдарын ұстауға арналған шығыстарды ұлғайту бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде шаралар қабылдау да өзекті. Мектепке дейінгі білім және тәрбие мамандығының беделін көтеру мақсатында аталған бағыттағы педагогикалық мамандықтарға мектепте үздік оқыған түлектердің келуін қамтамасыз ететін кәсіби бағдар жұмысының кешенді жоспарын қабылдау, жүйелі насихат жұмысын ұйымдастыру керек. Педагогикалық университеттермен бірлесіп, мектепке дейінгі оқыту және тәрбие, ерте балалық шақтың даму мәселелерімен кәсіби зерттеу жүргізетін ғалымдар тобын құру, зерттеу саласына арнайы грант бөліп, қаржыландыру, зерттеу тобының жұмысын қамтамасыз ету өзекті. Міне, осы ұсыныстар Үкіметке жолданды.
Ұсыныстарды қарастырып, Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментін құрды. Негізгі міндеттері – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту үшін стратегиялық бағыттарды айқындау, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша жұмысты үйлестіру. Бүгіннің өзінде лицензиялауға байланысты көптеген сұраққа жауап бердім. Сондықтан сұрақ та, оны шешудің жолы да өте күрделі. Бірақ біз тез арада шешпесек, ол жалғасып кете берсе, демографиялық өсімнің көбейгенін ескерсек, балабақшалардағы бала қауіпсіздігін және оны бірыңғай талаптарға сай келтіруді жолға қою қажеттігін айту маңызды. Департаменттің құқықтары мен міндеттерінде, Президент пен Үкімет актілерін, оның ішінде мектепке дейінгі білім беру саласындағы бағдарламалық және стратегиялық құжаттарды әзірлеуге қатысу деп нақты айтылған. Осыған орай, аталған департамент жүйелі негізде тек қана мектепке дейінгі білім мазмұны, білім беру ортасы, педагог кадрлардың қамтылуы, олардың және қызметкерлердің жалақысын көтеру, мемлекеттік тапсырыс көлеміне қатысты және басқа да сұрақтарды қарастыратыны қуантады. Себебі бұған дейін аталған сұрақтарды министрліктегі Орта білім комитеті қарастыратын. Көтерілген сұрақтар ретімен шешіле бастады.
– Еңбек жолыңызды ұстаздық қызметтен бастадыңыз. Қазіргі мұғалімдер ұстаз бейнесін сақтап жүр ме?
– Ең бастысы, ұстаздарымыздың биік дәрежесін қоғамның беделді адамы ретінде құрметтеу культын қалыптастырып, дамытуымыз қажет. Мемлекетіміз ұстаздарымызға ерекше көңіл бөледі. Ұстаздардың шығармашылық жұмысына барлық жағдайлар жасап, педагогтердің әлеуметтік мәртебесін көтеруде көптеген іс-шара жүзеге асырылды. ҰБТ педагогикалық мамандықтарға шекті балды көтерді, былтыр 85 балмен педагогикалық мамандықтарға оқуға қабылданса, биыл ұстаздыққа өту балы 103-105 балды құрады. Педагогикалық мамандықтардың шәкіртақысы өсті. Бұл – құптарлық жағдай. Ұстаздарымыздың айлық жалақысы үздіксіз көтеріліп келеді.
Педагогтеріміз қолайлы жағдайларда білімді ұрпақ өсіруге барынша еңбек етуі керек. Ол үшін “AMANAT” партиясы жыл сайын ауыл, аудан, шағын қалаларда кемінде 1 мың мектепті күрделі жөндеуді жүзеге асырып отыр.
Жыл өткен сайын ұстаздардың кәсіби біліктілігіне және білім сапасына қойылатын талаптар күшейе береді. Себебі қоғам және еңбек нарығындағы талаптар өзгеруде. Мұғалімдер мен мектеп директорлары білім сапасын жақсартуы қажет. Оқушылардың бойында ХХІ ғасырда саналы азамат және еңбек нарығында өздерін тауып, табысты болуға мүмкіндік беретін білім мен дағдыларды үйретеді деп күтеміз. Ұстаздарымыз әр баланың жеке даму траекториясын тауып, олардың әрқайсысының табысқа жетуіне мүмкіндіктер жасауы керек, олар оқу процесінде балалардың әртүрлі оқу ерекшеліктерін және қажеттіліктерін ескеруі керек. Сабақты жоспарлағанда педагогика саласындағы жаңалықтарды, цифрлық ресурстарды қадағалап отыруы қажет. ХХІ ғасырда балаларды тиімді оқыту үшін барлық мұғалімдерді пәндік білімдерін жетілдіру, жаңа методикаларға үйрету міндеті тұр. Ол үшін ұстаздарымыздың әлеуетін қалай дамытамыз? Сапалы педагог кадрларды іріктеу жүйесін және педагог кадрлардың біліктілігін, кәсіби дамуын қалай жүйелейміз? Ұстаздыққа енді кіріскен жастардың университетте оқып жатқан білімдерінің мазмұны қандай болуы керек? Жас ұстаздарымызға қызметтік міндеттерін қалай таныстыру керек? Алғашқы жылдары оларды сүйемелдейтін тәлімгерлер жүйесін қалай құру керек? Жұмысында қиындықтарды бастан кешіріп жатқан ұстаздарымызға қиындықтарды еңсеруге қалай көмектесу керек? Жас ұстаздарымыз және басқа да ұстаздар сабақ беруде барлық методикаларды оңтайлы қолдана ма, олардың орындалуын қалай бақылау керек? Ұстаздарымызды қайта даярлау мен педагогикалық дамуын қолдаудың тиімді жүйелерін қалай жасауға болады? Марапаттау жүйесін қалай құру керек? Осы сұрақтар әлі де өзекті.
– Жыл басында министрлік “Алтын белгі” түлектеріне талаптың қатаңдайтынын айтты. Алайда соңғы 4 жылда “Алтын белгі” иегерлерінің саны 4 есе артқан. Биыл да соны байқадық. “Алтын белгі” беру тәртібін бұрынғы жүйеге қайтару керек сияқты?
– Оқу-ағарту министрлігі биылғы оқу жылында “Алтын белгі” иегерлеріне математика пәнінен емтиханды Зияткерлік мектептер базасында өткізуді талқылаған еді. Бұл жаңашылдыққа басынан келіспедім. Өткен аптада, жаңа Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев аталған математика пәнінен емтихан Зияткерлік мектептерде болмайтынын нақты айтты. Қолдаймын. Балаларымызға 11 жыл білім берген орта мектептердің педагогикалық ұжымына сену керек деп ойлаймын. Академиялық шыншылдықты қалыптастырып, дамытуда жаңа механизмдерді енгізу өзекті.
– Директорлар ротациясын жұртшылық жақсы қабылдады. Алайда шалғайдағы бір мектебі ғана бар ауылдарда ротация жүрмейді екен. Неге? Білім саласындағы жемқорлық алыстағы ауылдарда көп кездеседі емес пе?
– Бұл – білім саласындағы жемқорлықты жеңу үшін қабылданған шаралардың бірі. Жалпы, халықаралық деңгейде мұндай жобалар бар. Ауылдық деңгейге де кезең-кезеңімен жететіні күтілуде. Үй жайын шешу керек. Ең бастысы, 7 жыл сайын мектептердің директорларын ротациялау болады. Жалпы, көптен бері директорларды арнайы оқыту керегін және білім саласындағы менеджментті дамыту қажет екенін айтып келемін. Мемлекет басшысы міндеттеген 1 млн 500 мың оқушы орнының тапшылығын шешу кезінде, мектепті басқару және білімдегі көшбасшылықты қамтамасыз ету үшін, әрине директорлар корпусын дайындау өзекті. Егер білікті директорлар болмаса, онда ол мектептегі білімнің сапасы туралы да, ол жердегі олимпиада туралы да айту бәрі де бекершілік. Сондықтан біз ең мықты, көшбасшы, оқу процесін жетік білетін мектеп директорларын арнайы жоғары оқу орындарының базасында магистратурада даярлау қажет деп білемін.
– “AMANAT”» партиясы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесте қандай өзекті мәселелер қозғалды? Шешімі қандай болды?
– Жалпы, “AMANAT” партиясы жанындағы ғылым, білім беру және денсаулық сақтау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес Үкімет мүшелерінің қатысуымен аталған салалардағы өзекті сұрақтарды талқылады. Көтерілген көптеген сұрақ шешімін тапты. Ұстаздардың жазғы демалыс берешектері мәселесі шешімін тапты. Жаңа оқу жылында 200-ден астам жаңа мектеп бой көтерді. Биыл алғаш рет әлеуметтік аз қамтылған осал топтар санатындағы отбасылардың оқушыларына мектеп формасына қаражат қарастырылып, ата-аналардың шоттарына аударылды. Алғаш рет мектеп формасын өндіретін жеңіл өнеркәсіп иегерлері, мемлекеттік және жергілікті билік органдарымен бірлесіп, бизнес өкілдері осы мектеп формасын тігу, сапасы туралы жеңіл өнеркәсіп, сауда саласының сұрақтары кеңінен талқыланған жиын өтті.
“AMANAT” партиясы сайлауалды бағдарламаларындағы пункттердің орындалуы барысы туралы Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау облыстары басшылықтарының есебі тыңдалды.
Денсаулық сақтау саласында медициналық мамандықтың мәртебесі мен беделін арттыру мақсатында заңнамалық тұрғыдан бекіту, медицина қызметкерлерін қорғау мен қолдауды, кәсіби кадрларды даярлау және профилактикалық жұмыс, ауыл медицинасы, сапалы медициналық көмек әр қалада, аудан орталығында, ірі ауылда көрсетілу тетіктерін күшейту механизмдері «Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары талқыланды. Парламент Мәжілісінде аталған заң жобасы 1-оқылымда мақұлданды.
Ауылдық жерде жаңа жабдықпен жарақталған, білікті медицина қызметкерінен жасақталған 700 жаңа медициналық нысан салу механизмі Денсаулық сақтау министрлігі, орталық мемлекеттік және жергілікті билік органдарымен нақты талқыланды. «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығының» базасында жаңа ғимарат құрылысы, оған қажетті жабдықталу туралы арнайы кеңес отырысы өтті. Кеңес халықтың алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қол жеткізуі, медициналық кадрларды даярлау, муковисцидозға ерте диагностиканы жетілдіру және емдеу мәселелерінің орындалуын қадағалайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасын талқылау кезінде еңбек нарығын реттеу арқылы жұмыссыздықты шешу, экономиканы дамыту механизмдері ұсынылды. Заң жобасында аталған ұсыныстар нормалар ретінде енгізілді.
Ғылым саласының ендігі дамуының бағытын ғылымды жаңа технологиялардың өндірісіне енгізу талқыланды. Үкіметке ұсыныстар жолданды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 656
Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 657
Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 658