Заман және зиялы

0
139

Өркениетке ұмтылған бүгінгі Орталық Азия республикалары мен Қазақстанның жұртшылығы аса күрделі саяси­ кезеңді бас­тан кешіп отыр. Күн өткен сайын­ шиеленісіп бара жатқан халықаралық жағдай мен алпауыт ­мемлекет­тер арасындағы саяси­ ойын­дар­ еліміздің келешегі үшін­ алаңдамасқа амал қалдыр­майды.

Мәжіліс сайлауы жақындап келеді. Мәжілісті ойлаған сайын менің есіме Шерағаң оралады. Қайран Шерағаң, Шерхан Мұртаза. Көзін ашқалы күрескерлік рухпен сусындаған қайсар тұлға қайбір жылдары депутаттыққа кан­дидат ретінде сайлаушылармен кездескенде жүрекжарды сөзін айта келіп: «Бұл лауазымға жабысып қала­ды десеңіздер, қателесесіздер. Мен үшін­ ең маңыздысы – менің қаламым. Қала­мымды Құдайдан басқа ешкім тартып ала алмайды. Қолымда қалам тұр­ғанда, жұмыссыз қалмаймын», деп түйіндегенін дүйім ел біледі

Әлемнің әр тарапында терри­то­риялық жанжалдар мен ақпараттық соғыстың үдей түсуі бейбіт­ халық­тарды үреймен матап, жалпақ дүние­нің дегбірін қашырып, апшысын қуы­рып барады. Адамзат баласы бүгінде ақпарат жүгін толық арқа­лаған интернеттің жетістіктерін барын­ша бейбіт өмірдің игілігіне қолданса керек еді. Олай болмай тұр. Керісінше, ақпараттық кеңістіктің соңғы техникалық мүмкіндіктері соғыс­­құмар басқыншылардың зұлым­дық­­ ойларын орындауға қызмет етуде.­ Бұқаралық коммуникация құрал­дарын жаһанға қауіпті саяси технологияларды іске асыруға пайдалану үрдісі белең алды. Алпауыт елдер арасын­дағы ақпараттық соғыстың ақыры не болары белгісіз. Сол зұлматтың ұшқыны ертең бізге де жетпей ме?

Былтыр көктеме Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы-экономикалық мәселелер жөнінде келелі кеңес өткізген еді. Сол отырыста әлемдегі геосаяси жағдайдың құбылмалы болып тұрғанын тілге тиек еткен Мемлекет басшысы: «Жағдай күн сайын өзгеруде, өте құбылмалы кезең. Сондықтан біз барлық сын-қатер­ мен мүмкіндікті нақты әрі тез анық­тап, әр қадамымызды нық басуымыз керек. Қабылданатын шешімдер барынша салмақты болғаны жөн. Бірақ созбалаңға салмай, шұғыл шара­лар­ды қолға алуымыз керек», деп байсалды тұжырым жасады. Келер күннің қабағын алыстан байқайтын аса тәжірибелі дипломат ретінде ол уақыттың тамырын дәл басып отыр. Сыртқы саясаттың қыр-сырын жақсы білетін басшының көкірек көзімен сезіп, терең түйсікпен танып отырған шындығы осы.

Жаһанды жарға сүйреп бара жатқан осындай факторлар саяси қайрат­керлерден әлем болашағына асқан жауапкершілікпен қарауды талап­ етеді. Әрине, әр елдің өз мүддесі, өз сая­саты бар. Әйтсе де, «География – бұл тағдыр» деген ақиқатты ешкім жоққа шығара алмайды. Тағдыр талайымызға бұйырған теріскейдегі және күнгейдегі көршілерімізді ойласақ, осы екі алпауыт империяның арасынан аман шығудың өзі бір арман.­ Сондықтан еліміздің саясат­керлер күндіз-түні ұлт мүддесін күзетіп, кірпік ілмей, жан аямай қызмет етуге тиіс. Саяси қырағылық – тек саясаткерлерге емес, бүкіл қазақ қауымына ортақ міндет. Айналада қырғиқабақ соғыстардың өрті басыл­май тұрған аласапыран заманда елдің тізгінін ұстаған бірінші басшыға қандай салмақ түсіп отырғаны айтпаса да түсінікті.

Биік мінберлерден сөйлегенде біз әдетте: «Еліміздің сырты жаудан, іші дау­дан аман болсын», деп тілеп жатамыз. Сыртқы саясат орнықты болуы үшін елдің ішіндегі саяси өзгерістер мен реформалар да көрегендікпен жүргізілуге тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда­ Президент аянып жатқан жоқ. Қазақстан халқына жолдаған Жолдаулары мен Президенттің сайлауалды бағдарламасында ішкі дамудың негізгі бағыттары мен қағидаттары нақты айқындалды. Қасым-Жомарт­ Кемелұлы өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты бағдарламалық мақаласында: «Қазір әлем күн сайын емес, сағат са­­йын­ өзгеруде. Барлық салада жаңа­ міндеттер мен тың талаптар қойы­луда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды­ алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашық­тығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлт­тық­ мүддемен үйлестіре білуді талап етеді», деп болашаққа бағдар жасады. Сонымен қатар қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы­ айтты. «Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мем­лекеттік маңызы бар мәселеге айналды.­ Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз», деді ол.

Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұ­рын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа­ өмірге бейім болуға шақырған Абай­­дай ұлы данышпан сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі, ақын шығар­маларынан халқымыз қандай тағылым алуға тиіс екендігі айтылды.­ Ұлтымызды жаңғырту ісінде Абай­дың еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын сөз етті. «Абай­дың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына,­ өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идея­ны барынша дәріптегенін байқаймыз, – деп жазды ол. – Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-­үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Себебі ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз. Ал біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу».

Соңғы екі-үш жыл көлемінде мем­лекеттік саясат стратегиясы­ жаңа бағы­тқа көше бастады. Президенттің «ести­тін Үкімет» тұжырымдамасы біртіндеп іске асып жатыр. Қазақ­стандағы саяси реформаларды­ іске асыру бағытында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп бере­тін Үкімет» атты басты формула айқындалды. Президенттің: «Енді, әділ­дік идеясы мемлекеттік саясаты­мызда ең басты идея болады. Біздің барлық­ ұлттық идеологиямыз Әділ­дік­ идеясына негізделеді», «…Елі­мізді саяси жаңғырту үдерісінде парламентаризмді дамыту ісі айрықша орын алады. Жаңарған Ата Заңымыз әділ әрі ашық ережелері бар саяси жүйенің мүлде жаңа стандарттарын енгі­зеді. Саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Парла­мент пен мәслихаттарды партия­лық тізім және бір мандатты­ округ бойынша жасақтаудың тың тәсілдері іске қосылады» деген сөздері көңілге үміт сыйлайды.

Мәжіліс сайлауы жақындап келеді. Мәжілісті ойлаған сайын менің есіме Шерағаң оралады. Қайран Шерағаң, Шерхан Мұртаза. Көзін ашқалы күрескерлік рухпен сусындаған қайсар тұлға қайбір жылдары депутаттыққа кан­дидат ретінде сайлаушылармен кездескенде жүрекжарды сөзін айта келіп: «Бұл лауазымға жабысып қала­ды десеңіздер, қателесесіздер. Мен үшін­ ең маңыздысы – менің қаламым. Қала­мымды Құдайдан басқа ешкім тартып ала алмайды. Қолымда қалам тұр­ғанда, жұмыссыз қалмаймын», деп түйіндегенін дүйім ел біледі. Тере­ңірек үңілсек, осы сөздердің астарында: «Мен Парламентке кресло үшін емес, Ақиқаттың сөзін айту үшін бара жатырмын» деген үлкен жүректің аңсары жатқанын аңғарамыз. Бүгінгі таңда зәру болып отырған Рухтың тәуелсіздігі, Ойдың еркіндігі осы сөз­дерден көрінетін. Шерағаң әуелі Жоғарғы Кеңестің, кейін Мәжілістің депу­таты болды. Қай кезде де ақиқат­тың ақ жолынан тайған жоқ. Шерағаң тағы біраз уақыт­ жер басып жүре тұрғанда өзі аңса­ған жаңару мен жаңғырудың сама­лын сезіне бастар еді-ау. Ол Қазақ­станның Президенті ауысқанын көрмей кетті. Саяси реформалардың Шерағаң көрмеген жақсылықтары мен ­жаңашылдықтары енді Мәжіліске ұсынылып жатқан кандидаттардың маңдайына бұйырсын. Ендігі депу­тат­тардың сөзі айтылған жерде қал­майтын сияқты. Өйткені сайлау тәрті­біне және депутаттық статусқа қа­тыс­ты қабылданып жатқан жаңа заңдар­ халық аманатын арқалаған азамат­тарға көп мүмкіндіктер береді.

Оның үстіне «еститін Үкімет» тұжырымдамасы іске қосылды. «Біз көпшіліктің мүддесін білді­ретін депутаттардың жаңа құра­мын­ жасақтаймыз. Бұл қадам мәсли­хаттар мен Парламент жұмысының тиім­ділігін арттырары сөзсіз. Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауысын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін. Мұндай тәсіл атқарушы билікке бүкіл қоғамның талап-тілегін ескеретін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында. Консти­туциялық реформалардың нәтижесінде қолданысқа енген пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлау­шылардың мүддесі ұлттық және өңір­лік деңгейде толық көрініс табады. Мәжіліс­тің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайы­зы­ мажоритарлық тәсілмен жасақ­талатын болды. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді.

Меніңше, Мәжілістің жаңа құрамында зиялы қауым өкілдерінің үлесі басымдау болғаны дұрыс. Зиялы қауым – қай кезде де елді тығырықтан шығарудың, ілгері бастырудың жолын бай­салды бағамдап, дұрыс айқындай алатын ақыл-ой иелері. Бүгінгі қазақ­ қоғамы үшін зиялылардың бел­сенділігі ауадай қажет болып тұр. Бүкіл қоғам ойсыздыққа бой алдырып, рухани тоқырауға ұшырап, құндылық атаулы көз алдымызда шыңырауға құл­дырап бара жатқан аумалы-төк­пелі кезеңде зиялы қауымға аса үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.

Президенттің Жолдауында айтылған төмендегі жүрекжарды сөздер дәл қазақ зиялыларына­ арналғандай әсер қалдырады: «Бәріміз халық алдында жауаптымыз. Бұл – біздің бірегей мүмкіндігіміз. Түбе­гейлі өзгерістер мен батыл шешімдер қабылдайтын уақыт жетті. Енді басқа мүмкіндік болмайды. Біз елімізді дамытудың және ілгерілетудің даңғыл жолына шығарып, Әділетті Қазақстанды құруға міндеттіміз. Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын­ ескі мен жаңаның, тоқырау мен­ дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын. Бәріміз бірлі­гімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз. Әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталды. Алдағы жолдың қиындығы көп. Бұл бағдарымыз ешқашан өзгермейді, ішкі және сыртқы ахуал қандай болса да жалғаса береді. Қол қусырып отыратындар мен қасақана кедергі жасайтындарға орын жоқ». Президенттің әр сөзі орнықты. «Күшіміз – бірлікте!» деп отыр. Зиялы қауым осы сөздерге ыждағатпен құлақ асып, ел басшысының жаңа баста­мала­рын бір кісідей жұмыла қолда­са, жыл­дар бойғы бұйығылықтан ары­лып,­ мемлекеттік мәселелерге бел­се­не араласса қоғамдық ой-сана қайта ­серпіліп, сергек сезімдер қайта тірі­лер. Ұлтқа деген сүйіспеншілік, елдің­ бо­ла­шағына деген сенім қасат қар­дың асты­нан қылтиып шыққан бәйше­шек­тей болып әр көкіректе қайта бүр жарар.

Мәжіліс сайлауы жақындап келеді. Депутаттықтан үміткерлер арасында руханият пен мәдениет, білім сала­сының өкілдері қалың нөпір болмаса да, баршылық екен. Бұл көңіл қуан­тарлық жайт. Парламенттегі белсенді қызме­тімен Президент саясатының бойына­ қан жүгіртіп отыратын Шерағаң­ сияқты депутаттар керек-ақ.­ Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Таразда жазушы Шерхан Мұртаза­ның ескерткішіне гүл шоғын қою­ рәсімінен кейін зиялы қауым өкіл­дерімен әңгімелесті. Мемлекет бас­шысы еліміз дамып, өркендеуі үшін­ алдағы саяси науқандар кезінде де, ең алдымен, ауызбіршілік қажет екеніне назар аударды. «Ең басты мәселе­ – сайлау әділ, ашық болуы керек.­ Біздің Парламентке лайықты адам­дар келсе, еліміздің дамуына шынайы үлес қосады деп үміттенемін. Дүние­ жүзінде болып жатқан жағдайды өздеріңіз жақсы білесіздер. Ішкі саясат­ та, сыртқы саясат та сындарлы, салмақты болуы керек. Ең басты­ міндетіміз – мемлекеттілігімізді сақ­тап­ қалу. Сын-қатерлер аз емес. Сондық­тан бәріміз бір ел, бір халық, бір­ ұлт болып ұйысып, ел үшін қызмет етейік», деді Қ.Тоқаев.

Президенттің бұл сөзін елін сүйген басшы­ның жүректен шыққан ақжарма ті­легі деп қабылдадық.

 

Темірғали КӨПБАЙ,

ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚАЛДЫРУ