Сырқаттың сынған сүйегін 15 см-ге өсіріп, аяғына тұрғыздым — травматолог-дәрігер

0
117
 — «Әр сырқатты бауырың, ата-анаң, туысыңдай жақын тартып, сөйлессең, мұның өзі — жартылай ем» дейді кейіпкеріміз Марат Омаров. Марат Шаймолдаұлы Петропавлдағы көп бейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасында травматолог-дәрігер болып еңбек етіп келеді. Ол — Солтүстік Қазақстан облысында алғашқылардың бірі болып Илизаров аппаратын қолданғандардың бірі. Қолы алтын дәрігерді тілшіміз әңгімеге тартқан еді.

— Марат аға, дәрігер, соның ішінде травматолог мамандығын қалай таңдап жүрсіз?

— Мен Жамбыл ауданы Киров елді мекенінде туып-өстім. Анам, марқұм, жиі ауыратын. Кішкентай ғана ауылда дәрігер жоқ, анда-санда ауданнан, облыстан дәрігерлер келіп, басы ауырып, балтыры сыздағандарды тексеріп, ем-дом жасап кетеді. Бұл біздің ауыл үшін үлкен оқиға, көпке дейін үлкендер сол дәрігерлерді ауыздарынан тастамай, мақтап отырады. Осыны көрген мен есейгенде дәрігер болам деп армандай бастадым. Арманым орындалып, 1973 жылы Целиноград мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсіп, алты жылдан кейін емдеу факультетін бітіріп шықтым. Кейін Петропавлға келіп, бір жыл бірінші қалалық емханада интернатура өттім. 1980 жылдан бастап сол кездегі үшінші қалалық аурухананың травматология бөлімшесіне жұмысқа орналастым. Қазіргі еңбек өтілім — 44 жыл.

дәрігер
Фото дәрігердің жеке архивінен

Травматологияны таңдаған себебім — мен институтта оқып жүргенде хирург Гавриил Илизаровтың есімі дүрілдеп тұрған еді. Ол Қорғанда өз институтын ашты. Сол кісінің аппараты мені қатты қызықтырды. Атақты хирургтің әдісін үйренсем, аппаратты қолдануды меңгеріп, науқастарды емдесем деген арман болды. Нәтижесінде 1987 жылы Қорғанға барып, Илизаровтың клиникасында оқыдым, ол кезде көзі тірі, бізге лекция оқыды, операцияларына бірге алып жүрді. Гавриил Абрамовичпен бірге бірнеше рет ота жасадым, ассистенті болдым, ол маған қыр-сырын үйретті.

Бұл аппараттың ерекшелігі — сынған аяқпен екінші күні төсектен тұруға болады. Ал бір айдан кейін сырқат ешқандай балдақсыз өздігінен жүріп кетеді. Яғни сынған сүйек тез бітіп, қалыптасады. Ашық сынық болып, аяғы тері мен етке ғана ілегіп тұрса да, осы аппаратпен сүйекті қалпына келтіруге болады.

дәрігер
Фото дәрігердің жеке архивінен

Сынған сүйекті жалғаудың бірнеше түрі бар. Соның бірі — сүйек ішіне ұзын шеге жібереміз. Екіншісі — сүйек үстіне пластина қойып 8-10 жерден бекітеміз. Сүйек үстінде қабыршақ болады, сол арқылы сүйек өседі. Сондай-ақ сүйек ішіндегі кемік май арқылы да сүйек бекиді. Ал сүйек ішіне темір жіберіп, пластина қойған кезде олар бұзлып, өз функциясын атқара алмайды, сүйек өте баяу бекиді. Ал Илизаров аппараты қойылған кезде ол сүйектің өздігінен тез бекуіне кедергі келтірмейді.

Бір мысал, кезінде екі дүркін олимпиада чемпионы болды, Валерий Брумель деген. Ол Мәскеуде жол-көлік апатына ұшырап, тізеден төмен сүйегі сынады. Ашық сынық. Мәскеуде емдей алмайды, шетелге де апарады. Осылайша үш жыл өтеді. Кейін Қорғанға, Илизаров клиникасына келіп, екі айдың шамасында спортшы қайтадан аяғына тұрды, үлкен спортқа да қайтып келді.

Бұл аппараттың кереметтігіне менің де талай көзім жетті. Мен бұл аппаратты өз тәжірибемде 1990 жылдан бастап қолдана бастадым. Өңірге бұл тәсілді бірінші алып келдім. Көп адамды аяғына тұрғыздым, көптеген адамның қолын емдеп, жаздым.

дәрігер
Фото дәрігердің жеке архивінен

Ауылдағы інімнің жолдасы Андрей Зиферт деген қазір Германияда тұрады. Сол елде болғанда мотоциклден аударылып, аяғы сынды. Шал ақын аудандық ауруханасында аяғына ампутация жасамақ болады. Інім маған хабарласты, «ауруханаға алып кел» дедім. Содан аппаратты салып, сүйегін өсіріп, емдеп бердім. Сол адам қазір «аяғым мүлде ауырмайды, тіпті басқалардыкі сияқты ауа райы бұзылғанда да сырқырамайды» дейді.

Гипстен артықшылығы көп, тез тәуір болады, бұлшық ет атрофияға ұшырамайды, жүріп, қозғалу жеңілірек, сүйекті созып, өсіруге болады. Бірақ, гипстен де мүлде бас тарта алмаймыз, өйткені аппарат салуға жарамайтын сынықтар болады.

— Сіз 40 жылдан астам уақыт бір ауруханада жұмыс істеп жатырсыз. Қателеспесем, еңбек кітапшаңызда бір ғана жазу бар. Жұмыс орнын ауыстыру туралы ой болған жоқ па?

— Травматологияның қыр-сырын білу үшін көп уақыт керек. Сондықтан менің жұмыс орнын ауыстырып жүруге уақытым болмады. Бұл мамандықтың, жалпы медицинаның қиындығы көп, өйткені адам өмірімен байланысты. Жұмыс істемеген адам ешқашан қателеспейді, сондықтан жұмыс барысында қателік болады. Бірақ медицинада қателік кешірілмейді, өйткені ол адам денсаулығы, өмірі. Сондықтан үлкен жауапкершілік болуы керек.

дәрігер
Фото дәрігердің жеке архивінен

Бұл мамандықта ең бірінші адамды жақсы көру керек. Сенің алдыңдағы науқас адам сенің анаң, әкең, сенің ағаң, інің, қарындасың сияқты болуы керек. Сосын аурулармен сөйлесе білу керек, мен операцияның алдында науқаспен сөйлесіп, қандай ота жасалатынын, қаншаға созылатынын, қандай нәтиже беретінін бастан-аяқ айтып беремін. Бұл ота алдында қобалжып тұрған науқасты тыныштандырады, сенім береді. Яғни мұның өзі — жартылай ем.

— Қазір сырқаттар алдыңызға көбіне қандай шағыммен келеді? Жарақат түрі заманға сай өзгерді ме?

— Қазір жоғары жылдамдықты автомобильдер тым көп. Тәжірибесі жоқ жастар жылдамдықты шектен тыс асырып, салдарынан жол-көлік апатына түсіп жатады. Салдарынан қазір «политравмамен» түсетіндер көп. Ол дегеніміз бірнеше сынық алу — қол-аяғы, қабырғасы сынуы мүмкін. «Сочетанная травма — қосарлас жарақат» деген бар, мұнда басқа сынықпен қатар бас-сүйек жарақаты болады.

марат омаров
Фото дәрігердің жеке архивінен

Қыста тәулігіне 10-15 адам білезік сүйегін сындырып түседі. Жасы үлкен адамдар арасында, әсіресе, жамбас ұршығы жиі сынады. Өйткені сүйектері осал, кілемге шалынып құлап, сындырып алуы мүмкін. Мұндай жасы үлкен сырқатты тезірек аяғына тұрғызу керек, өйткені олар бір жатып қалса, қайтып тұрмайды, содан қайтады, өйткені өкпесі қабынып, пневмония пайда болады.

Бірақ біз өз ауруханамызда 20 жылдан артық жаңағыдай жамбас ұршығы сынса, ота жасап, сынған жерін алып тастап, орнына эндопротез саламыз. Нәтижесінде сырқат екінші күні ақырындап тұра бастайды, 5-10 күннен кейін үйіне жібереміз. Ал бұрын гипс салып, ол айлап жататын, өйткені бұл сүйектің ерекшелігі — ол өспейді, мүгедек болып қалатын.

— Есіңізде қалған сырқаттар, сынықтар бар ма? Сіздің практикаңызда түрлі оқиғалар болған шығар?

— Мен пациенттерімді жиі кездестіремін, қала шағын ғой, кейбірімен көршімін. Кездескенде үнемі рахмет айтып, ризашылығын білдіріп жатады. Менің көру арқылы есте ұстау қабілетім жақсы дамыған. Есімдерін ұмытып қалсам да, алдымдағы адамға қай жеріне қандай ота жасағанымды біліп тұрамын.

марат омаров
Фото дәрігердің жеке архивінен

Менде 15 см сүйегі жоқ сырқат болды. Ашық сынық болған ғой, жарасы іріңдеп, жазылмай қойды. Консилиум жинап, аяғына ампутация жасатын болды. Мен сырқатпен сөйлесіп, аппарат қойып, емдеп көрейін, аяқты кесіп тастау бес-ақ минут дедім. Ол кісі келісіп, Илизаров аппаратын қойып, өсіре бастадым. Күніне сүйекті 1 мм тартып отырдым. Осылайша бір жыл бақылауымда болды, жарасы жазылды, сүйек өсіп, жаңадан пайда болды. Осылайша, 15 см-ге создым. Жол-көлік апатында зардап шеккен ер адам, кейін өз аяғымен жүріп кетті.

— Сүйек сынуының алдын алуға бола ма? Мүмкін бір дәрумендер бар шығар?

— Қазақтың сөзі бар ғой, «сақтансаң сақтаймын» дейді. Ал дәрумендерге келер болсақ — кальций ішу қажет. Сүтті тағамдарды көбірек тұтынған жөн. Ол сүйекті қатайтады. Екіншіден — саламатты өмір салтын ұстану, темекі шекпеу, спирттік ішімдіктерден бас тарту. Спортпен айналысу, оның ішінде спорт залдан шықпай шынығыңдар демеймін. Бұрын жүгіру керек деп айтатын, бірақ оның жүрекке әсері бар, сондықтан велосипед тебуге, көбіне жаяу жүруге кеңес беремін. 10 км жүру керек дейді, бірақ күніне 1-2 км жүргеннің өзі өте пайдалы.

дәрігер
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

— Қазір зейнеткерсіз, дегенмен жұмыс істеп жатырсыз, неліктен? Мамандықтан жалыққан жоқсыз ба?

— Қазір отаны бұрынғыдай емес, сирек жасаймын. Менің міндетім — сырқаттарды қабылдап, кеңес беру. Жастарға да білгенімді үйретіп жатырмын. Ұнатқан жұмыстан жалығу мүмкін емес. Әрі басшылық дәрігерлер жетіспегендіктен әлі де істеуімді қалады.

—  Марат аға, қолыңыз бұрынғыдай емес, босады. Немен айналыспақ ойыңыз бар, хоббиіңіз бар ма?

— Әу демейтін қазақ жоқ шығар, мен де ән айтқанды ұнатамын. Бірақ кезінде домбыра үйрене алмадым. Шәмшінің әндерін жақсы көремін. Сондай-ақ біздің қазақтың ақындарының өлеңдерін оқып, рақаттанып жүрмін. Қазақтың тілі қандай бай, қандай әдемі! Әсіресе Мағжанның өлеңдері ұнайды, қазір оннан астам өлеңін жатқа білемін.

— Әңгімеңізге рахмет! 

дәрігерлер
Фото дәрігердің жеке архивінен

 


Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 656

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 657

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 658

ПІКІР ҚАЛДЫРУ