«Төмен сапаны көрсету қаупі бар». Аймағамбетов денсаулық сақтау нысандарының құрылысын сынады
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов денсаулық сақтау нысандарының құрылысына қатысты сын айтты,
Депутат Қарағанды облысында Ұлттық жоба шеңберінде салынып жатқан объектілерді аралады.
Проблемалары көп: құрылыс сапасының төмендігі, құрылыс жобаларының кешігуі, салынған нысандарды асығыс қабылдау рәсімі, заңнама талаптарына сәйкес келмеуі, қаражаттың уақытылы бөлінбеуі сияқты мәселелерді айтуға болады. Бір ФАП-ты (фельдшерлік-акушерлік пункт) салуға өте қомақты қаражат бөлінген екен. Біз барған 169 шаршы метр жуық нысанды салуға 150 млн-нан астам қаражат бөлінгені айтылды. Бірақ құрылысшылар оның сапасы мен жобасына қарап, бұл жұмыстың одан аз тұратынын айтып жатыр. Әрине, экспертизасыз ешкімді айыптауға болмайды, бірақ сапа төмен екені көрініп тұр, – деп жазды Асхат Аймағамбетов telegram арнасына.
Экс-министрдің айтуынша, нысандардағы жылыту жүйесі мобильді электр батарейлері арқылы іске асырылған. Мұндай жылыту жүйесі заңнама талаптарына сай емес. Осыған байланысты оны ресми балансқа алып, бюджеттен қаражат төлеудің өзі проблемаға айналып отыр.
Барлық жобалық-сметалық құжаттаманы бір ұйым дайындайды екен, сол ұйым жұмысты үлгермей жатыр. Неге бір жобалаушы компанияға бәрін беріп қойғандары түсініксіз. Жылдың соңына дейін тағы 50-ден астам нысан салынып, оның қаражатын мердігерге жыл аяқталғанға дейін аударып, қабылдап алу керек деген талап жоғары жақтан қойылған деп жергілікті қызметшілер алаңдаушылық білдіріп жатыр. Егер үлгермей, қабылдап алмаса, «құрылысты жергілікті бюджеттен өздерің саласыңдар» деген ақпаратты естіп, асығыс шешімдер қабылдау қаупі бар. Аталған нысандар бойынша әлі конкурс та өткен жоқ, қаражат та бөлінбеген. Сонда сапалы құрылысты қалай үлгереді? Осылайша, өте керемет Ұлттық жоба төмен сапаны көрсету қаупі бар, – деді депутат.
Асхат Аймағамбетов аталған проблемалар тек облыстық құрылыс басқармасына ғана байланысты емес екендігін жеткізді.
Жүйелі сұрақтар да көп. Осы проблемалар бойынша Үкіметтегі әріптестерімізбен жедел сөйлесіп, нақты шаралар қабылданып жатыр, – деп түйіндеді депутат.