Түркістан қаласында реставраторларды оқыту жобасын іске асыру бастамасын ұсынамыз
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
«Түркістан қаласында реставраторларды оқыту жобасын ұсынамыз». Астанада өткен Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры кеңесінің II отырысында ҚР Мәдение және ақпарат министрі Аида Балаева осындай бастама көтерді.
— Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры аса құнды мәдениет және тарихи ескерткіштерді сақтаудың маңызды миссиясын атқарып келеді. Бүгінде біздің елдеріміз үшін тарихи және мәдени мұраны сақтау мәселесі өзекті. Ежелгі ескерткіштер мен артефактілердің жағдайына уақыт, климаттың өзгеруі және антропогендік фактор әсер етуде. Сондықтан мұндай нысандарды консервациялау және реставрациялау саласында білікті мамандарға қажеттілік өсуде. Осы айтылғандарды ескере отырып біз Түркістан қаласында реставраторларды оқыту жобасын іске асыру бастамасын ұсынамыз. Семинар әртүрлі елдердің реставраторлары арасында тәжірибе алмасу алаңына айналып, болашақта бірлескен жобаларды іске асыруға ықпал ететін болады, – деді Аида Ғалымқызы отырысты аша отырып.
Сондай-ақ министр биыл әлемдік көшпелі мәдениет ошағында «Ботай және Тұран – түркі әлемінің негіздері» тақырыбында семинар ұйымдастырылғанын айтты. Оның мақсаты – түркі өркениеті дамуының түрлі тарихи кезеңдерін қайта жаңғырту және көрсету.
Айта кетейік, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры кеңесінің II отырысына осы ұйымның президенті Ақтоты Райымқұлова, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі Әділ Керімлі, Қырғызстанның мәденеи, ақпарат және спорт вице-министрі Гүлбара Әбдіқалықова сынды бірқатар көршілес елдерден келген меймандар қатысты.
Бұған дейін Астанадағы ұлттық музейде «Диуани лұғат ат-түрк» сөздігінің 950 жылдығына орай халықаралық көрме ашылғанын жазған едік.
https://kaz.inform.kz/news/aida-balaeva-turkstanda-restavratorlar-dayarlaudi-usindi-bd485c/