Түркістан облысында басшыларды бопсалап жүрген блогерлер ұсталды (ВИДЕО)
Полицейлер Түркістан облысында екі блогердің ұсталған сәті түсірілген видеоны жариялап, қылмыстық істің жай-жапсарын мәлімдеді.
Ішкі істер министрлігінің Telegram-дағы ресми арнасына жарияланған ақпарат бойынша, Түркістан облыстық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының және Сайрам аудандық полиция басқармасының қызметкерлері бопсалаудың бірнеше фактісіне қатысы бар екі блогерді анықтаған.
Күдіктілердің ұзақ уақыт бойы Сайрам ауданының аумағындағы түрлі ұйымдардың басшыларына қоқан-лоққы жасап, ақша бопсалаумен айналысқаны анықталды. Олар жәбірленушінің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратпас үшін ақша алып тұрған сәтте ұсталды. Қазір қылмыстық іс қозғалды, – деп мәлімдеді ІІМ өкілдері.
Ұсталғандар қамауға алынып, заттай дәлелдемелер тәркіленген. Ведомствоның мәліметінше, күдіктілердің бірі бұрын сотталған.
Бұған дейін Түркістан облысының прокуратурасы да бопсалау арқылы ақша талап ету фактісі бойынша екі адамның ұсталғанын хабарлаған болатын.
Атап айтқанда, А. және Е. есімді белсенді блогерлер аудандағы бір мектеп директорынан Facebook әлеуметтік желісінде іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жарияланымын жою үшін 100 мың теңге талап еткен, – делінген прокуратура хабарламасында.