Түркістанда Азия ойындарына баратын таеквондошылар анықталды

0
63
фото: Мәдениет және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

Түркістан қаласындағы Олимпиялық орталықта таеквондодан (WT) ересектер арасында Қазақстан кубогы аяқталды.

Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, биыл жаңа пішінде өткен бәсекеде 10 салмақта (ерлер 5, әйелдер 5) чемпион анықталды. Әуелі екі күн бойы әр салмақта чемпион анықтау үшін жарыс болды. Сосын спортшылар тағы бірнеше күн бойы өз салмағын ұстап тұрып, шешуші күні ширек финалистер арасынан топ жарған спортшымен Суперфиналда айқасты. Осы жекпе-жекте басым түскені еліміздің намысын Азия ойындарында қорғауға мүмкіндік алды.

Қазақстан кубогын иеленген таеквондошының бірі Нұрбек Ғазездің айтуынша, таразының басында Азия ойындарына берілетін жолдама тұрғандықтан ешкім аянған жоқ.

Кешелі бері жаттықтырушым екеуміз суперфиналға дайындалдық. Елжан екеуміз бір қаланың спортшысымыз. Жоспар – қарсыластың кім болатынына қарамай, екі раунд бар күшімді салып айқасу болды. Таразының басында Азия ойындарына берілетін жолдама тұрғандықтан ешкім аянып жатқан жоқ. Оның үстіне біздің салмаққа ауысқан басқа таеквондошылар бар. Енді халықараралық жарысқа мықтап дайындаламыз, – деді ол.

Сондай-ақ күзде Азия ойындарына қатысушы әр мемлекеттен бір төреші шақырылады. Биыл Қазақстан атынан құрлық додасына халықаралық дәрежедегі төреші Дәурен Алғабаев барады.

Жаңа пішінде өткен биылғы Қазақстан кубогы төрешілерге қиын, таңсық болды дей алмаймын. Біз емес, спортшылар үшін бәрі жаңадан басталды. Осы форматтың мақсаты – таеквондошылардың көп салмақ қууының алдын алу. Мұның халықаралық жарыстар кезінде кері әсер ететінін жиі айтып жүрміз. Меніңше, осы тәжірибені ересектермен қоса жастар арасындағы жарыстарда қолдану кере, – деді биылғы Қазақстан кубогының бас төрешісі Дәурен Алғабаев.

Биылғы бәсекеде жалпы есепте Алматы қаласының командасы топ жарса, Атырау облысы екінші, Жамбыл облысы үшінші орын алды.

Ал төменде аттары көрсетілген таеквондошылар ел кубогын иеленді:

Әйелдер:

49 кг – Ботакөз Қапанова (Қызылорда)

53 кг – Азиза Қаражанова (Жамбыл облысы)

57 кг – Мария Севостьянова (Атырау)

67 кг – Нұрай Құсайынова (Атырау облысы)

+67 кг – Жансель Дениз (Алматы қаласы)

Ерлер:

58 кг – Елдос Ысқақ (Жамбыл облысы)

63 кг – Нұрбек Ғазез (Алматы қаласы)

68 кг – Эльдар Бірімбай (Маңғыстау облысы)

80 кг – Нұрлан Мырзабаев (Түркістан облысы)

+80 кг – Смайыл Дүйсебай (Түркістан облысы).

ПІКІР ҚАЛДЫРУ