Тұсауланған жүк транзиті

0
295

Осыдан бірер күн бұрын отандық жүк көліктерінің Польша территориясында қаңтарылып қалғаны туралы ақпарат тарады. Польша өз шекарасы арқылы транзит жолын жапқаннан кейін 150-ден астам қазақстандық жүк көлігі қозғала алмай қалды. 21 ақпаннан бастап Варшава уақыты бойынша сағат 19.00-де Польша-Беларусь «Кукурики-Козловичи» шекаралық өткелінде жүк көліктерінің қозғалысына ты­йым салынған. Олар – Еуроодақ елдерінен Қазақстанға түрлі тауар әкеле жатқан көліктер. Аталған тыйым Польша Республикасы және Еуропалық Одаққа мүше елдер, Еуропалық еркін сауда қауымдастығы (Eat), Еуропалық экономикалық кеңістік туралы келісімге мүше елдерге және Швейцария Конфедерациясында тіркелген көлік құралдарына әсер етпейді. Мәселенің мәні ЕО-ның РФ-ға қарсы жариялаған 10-шы санкциялар пакетінде жатқаны да жасырын емес.

Санкцияға сәйкес РФ арқылы өткен тасымалдарға түбегейлі тыйым салынады.

«Атамекен» ҰКП Логистика және тасымалдау департаментінің бас­қарушы директоры Мұрат Ам­рин­нің айтуынша қазіргі уақытта Польша мен Беларусь арасындағы жүк тасымалына арналған шекара бекеттері жабық тұр.

«Ақпанның соңғы күндеріндегі ақпарат бойынша қазақстандық транспорт компанияларының 407 көлігі Польша территориясында қалып қойды. Қазақстан мен Литваның транс­портқа қатысты өкілетті органдары арасындағы келісім аясында жүк көліктері ЕО аумағынан Литва арқылы шығарылатын болады. Қазір 100-ге жуық транспорт құралы Польша аумағынан шығып үлгерді және Қазақстанға қарай аттанып кетті. Лит­ва­дағы өткізу бекеттерінде кезек ауқымы өте үлкен болғандықтан 300-ден астам көлігіміз әлі Польша және Литва аумағында қалып отыр. Қазір Польшадағы Қазақстан елшілігі аталған учаске арқылы Беларусь территориясына кіруге байланысты қазақстандық тасымалдаушылардан шектеулерді алып тастау үшін өкілетті органдармен келіссөз жүргізуде. Ол учаске тікелей құрлық жолы және Еуропаға кіру және Еуропадан тауар тасымалдау үшін ыңғайлы. Қазақстан мен Еуропа елдері арасында 43 млрд доллар көлемінде тауар айналымы бар. Біз 35 млрд доллардың өнімін экспорттаймыз және 8 млрд доллардың тауарын импорттаймыз», дейді.

Сарапшының айтуынша, та­сы­мал жасайтын басқа да маршруттар жоқ емес, бар. Бұл ретте Литва және Балтық елдерін, сондай-ақ Транскаспий бағытын (Ақтау портынан Бакуге дейін жеткізіп, одан әрі Еуропаға тасымалдау – ред.) айтуға болады. Бірақ бұл бағыттар тасымал уақыты мен тасымал құнын арттырады. Қара теңіз бен Каспий теңізіндегі ауа райы тәуекелі де тасымалды күр­де­лендіре түспек. Нақтылап айтар болсақ, балама маршруттар Еуропаға жететін қашықтықты 1,5 есе ұзартып жібереді, тиісінше тасымалдау құны шамамен 2, 3 есе көтеріледі.

Енді «Атамекен» палатасы зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсету мәселесін қарап жатыр.

«Қазір Польша мен Беларусь арасындағы шекараның жабық тұ­руына байланысты сыртқы сауда палатасымен бірлесіп форс-мажор туралы куәлік беру мәселесін қарастырып жатырмыз. Өйткені шекара белгісіз мерзімге жабылды және соның салдарынан бизнес шығынға батты. Соның ішінде тауарды жеткізіп беру бойынша келісімшарт міндеттемелерінің де орындалмай қалғанын айта кету керек. Мұндай жағдайда серіктестер тарапынан реніш туындайтыны да белгілі. Осыған байланысты аталған оқиғаны форс-мажор деп тану мәселесін ойластырып жатырмыз», дейді Мұрат Амрин.

«Атамекен» ҰКП өкілінің сөзін­ше, ондай куәлік берілген жағ­дай­­да бизнес субъектісінен шартты уақытында орындамағаны үшін салынатын әкімшілік айыппұлдар алынып тасталады. Сондай-ақ атал­ған сертификат көмегімен сенімсіз жеткізуші немесе тасымалдаушы ретінде «қара тізімге» салуы ықтимал санкция шараларының да күшін жоюға мүмкіндік тумақ.

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігі қазақ­стан­дық тасымалдаушылар қауым­дас­­тығымен бірлесіп, жүк көліктерінің тізімін жасаған.

«Бұл отандық жүк тасымал­дау­шы­лардың жол жүрісін қамта­ма­сыз ету үшін қолға алынған шара. Сондай-ақ Варшава мен Вильнюстегі еліміздің елші­лікте­рімен жұмылып, аталған көлік­тер­дің шығып кетуіне рұқсат алу үшін польшалық және литвалық уәкі­летті органдармен келіссөздер жүр­гізілді», деп хабарлады ведомство.

Еске салайық, бұған дейін жүк тасы­малдаушылар ЕО елдерінен тауар­­­ды Беларуське, одан кейін Ре­сей ар­қы­лы Қазақстанға жеткізіп отыр­ды. Тура бір жыл бұрын «KAZLO­GISTICS» одағының бас директо­ры Ер­лан Әбсатов тасымал штатты ре­жім­­де жүріп жатыр деп хабарлаған еді.

«Автомобильді транспорт бойынша транзит кедергісіз жүріп жатыр. Әрине, кешеуілдеу бар, бірақ олар айтарлықтай емес. Сондықтан Еуропа елдерінен келе жатқан қазақстандық автокөлік компанияларының транзи­тінде төтенше ахуал байқалмайды», деген еді.

ATI.SU халықаралық жүк тасымалы биржасы Қазақстан өкілдігінің директоры Рената Зобованың айтуын­ша, тек Ресей, Беларусь, Қазақ­­стан жүк көліктерімен қатар, қиын­дыққа Түркия, Кавказ, Орталық Азия елде­рінің де тасымалдаушылары душар болып отыр. Сарапшы, сон­дай-ақ балама маршруттар туралы сауа­лымызға да жауап берді.

«Батыс бағытта Латвия шекара­сын­дағы шекаралық өткелдер бар. Сонымен қатар Финляндия және әрі қарай теңіз жолымен тасымалдау мүмкіндігі сақталады. Ресейлік тасымалдаушылар Түркия арқылы маршрутты игеріп алған, ол жолмен қазақстандық тасымалдаушылар да жүре алады. Сонымен қоса альтернативті бағыттар белсенді дамып жатыр. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Транскаспий дәлізі (Қазақстаннан Каспий теңізімен Әзербайжан және Грузия арқылы Түркияға, одан әрі Еуропаға) арқылы жүк тасымалы 2,5 есе өсіп, 1,5 млн тоннаны құрады. «Атамекен» дерегі бойынша Транскаспий арқылы Қазақстаннан ЕО-ға тасымал жасау Ресей арқылы тасымал жасау құнынан 2-3 есе қымбатқа шығады. Сондықтан бұл бағыттың өтімділік қабілетін арттыру, порт инфрақұрылымының сапасын жақсарту, шекара процедураларын жеңілдету және цифр­ландыру өте маңызды. Заманауи цифрлық сервистерді пайдалану жүк жіберушілер мен тасымалдаушыларға жүктерді тасымалдау кезіндегі өскен шығындарды өтей отырып, өз шы­ғындарын азайтуға мүмкіндік береді», дейді Рената Зобова.

Айта кетейік, жақында ғана Еуро­одақ Ресейге қарсы кезекті санк­ция пакетін жариялады. Оған 121 адам мен ұйым енген. Санкция­ларды айналып өтуді болдырмау үшін ЕО-дан Ресей арқылы экспорттала­тын қос мақсаттағы тауарлар мен техно­логиялардың да транзитіне тыйым салынды. Польшадағы транзиттің жабылуы осы пакетпен тікелей байланысты. Сондықтан РФ-ға қарсы жарияланған санкцияның салқыны бізге де сезіле бастады деу­ге толық негіз бар.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ