Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
Қоғам

Алғыс ақтарылатын күн

Маңғыстауда биылғы 1 наурыз шынымен-ақ жұрттың жаппай бір-біріне алғыс айтатын күн ретінде атап өтілмек. Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Базаралиеваның айтуынша, «Алғыс айту» күніне орай өңірде 100-ден астам мәдени іс-шара ұйымдастырылады.

Ақтау қаласындағы қарттар үйінде облыстық ғылыми-әдіс­темелік және мәдени қыз­мет көр­сету орталығының концер­ті­мен басталатын мереке Абай атындағы мәдени-демалыс ке­ше­нінде «Алғыс айту – парызым» мерекелік концерті мен М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі мен «Жор­ға» би тобының концертіне жал­ғасады.

– Нұрмұхан Жантөрин атын­дағы Маңғыстау облыстық му­зы­калық-драма театрында «Перзентхана» қойылымы, 3 наурыз күні «Отпан» тарихи-мә­де­ни кешенінде «Ақ жаулықты әжелер» атты кездесу кеші, об­лыс­тық филармонияда кіші сим­фониялық оркестрдің кон­цер­ті ұйымдастырылады, – деді Г.Базаралиева.

Сондай-ақ облыстық музейлер мен кітапханаларда «Бұл әлемді әдемі ету үшін, жақсы сөздер айтыңыз» тақырыбында алғыс айту сағаттары, «Алғыс айту – парызым» кітап көрмесі мен «Мың алғыс» ертеңгілігі, «Жылы лебіз жан тебірентер» кездесу кештері өткізілмек. Мұн­дай мәдени іс-шаралар Жаңа­өзен қаласы мен Мұнайлы, Қарақия, Түп­қараған, Бейнеу ауданында да ұйым­дас­ты­рылады. Жаңаөзен қа­ласы бо­­йынша «Алғыс айту – парызым» апталығы, «Алғысымыз шексіз» атты әлеу­меттік желіде челлендж эста­фета, «Алғыс айтам бәріңе» атты мерекелік концерт, «Шын жүректен алғыс айтамын» тақырыбында мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық іс-ша­ра­сы өтетіндігін айтты.

Ал «Қоғамдық келісім» меке­ме­­сінің жоспарында да біраз іс-шара қамтылған. «Алғыс айту – парызым» акциясы аясында әртүрлі салаларда және кәсіп­тер­де адал қызмет етіп, азаматтық және еңбектік ерлік жасап, елдің дамуына үлесін қосып жүрген, сондай-ақ түрлі оқиғалар мен жағдаяттар кезінде бел­сен­ділік пен азаматтық ұстанымын та­ныт­қан жандарға алғыс айтылса, түр­лі спорттық сайыстар да назардан тыс қалмайды.

Алғыс еститіндер қатарында зейнет­кер­лікке шыққан ұстаздар, по­лицейлер мен әр сала арда­гер­лері, қарттар, көше сыпырушылар сынды түрлі санаттағы халық өкілдері бар. Көктемнің алғашқы кү­нінде тұрғындар көтеріңкі кө­ңіл күймен бір-біріне алғыс ай­тып ақтарылмақ.

Сәйкес жаңалықтар

Бүгін еліміздің басым бөлігінде күн ашық болады

Астанада өткен сенбілікке белгілі қазақстандық актерлер мен эстрада жұлдыздары қатысты

Астанада аты аңызға айналған футболшылар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты