Тариф және инвестиция: тығырықтан шығар жол

0
160

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керегін айтты. Соның есебінен желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажеттігін де тапсырды. Президенттің осы бір тапсырмасы қалай орындалып жатыр? Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан БОЛАТБАЕВТАН сұрап білдік.

– Нұрлан Нұрмұхамбетұлы, былтыр табиғи монополиялар туралы заңнаманы жетілдіру бойынша қандай жұмыс жүргізілді?

– Президент өткен жылдың соңында «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшы­сының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Аталған заң шеңберінде Мем­лекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында «Табиғи монополиялар туралы» заңға бірқатар түзету енгізілді.

– Ол қандай түзетулер?

– Түзетулерге сәйкес реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде технологиялық цикл­де пайдаланылатын желілер мен нысандарды теңгерімге немесе сенімгерлік басқаруға алған жағдайда тарифті оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін өзгертуге болады. Электр энергетикасын мысалға ала­йық. Аталған саладағы маңыз­ды әлеуметтік проблеманың бірі – бюджет қаражаты есебінен салынған электр және басқа да желілерді ұстау және пайдала­ну мәселесі. Бұл фактор тұты­ну­­шы­ларды сапалы және сенім­ді электрмен жабдықтауға теріс әсер етеді және иесіз электр желі­лерінің көбеюіне жол ашады. Заңға енгізілетін өзге­ріс­тер та­биғи монополиялар субъек­тілерінің шеккен шығындарын өтеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар цифрландыру арқылы тариф белгілеу үдерісінің ашықтығын арт­тыруға мүмкін­дік бар. Тариф қалыптастырудың ашықтығын қамтама­сыз ету мақсатында тарифтік сметалар мен инвести­циялық бағдар­ламаларды орын­дау және түзету бойын­ша табиғи монопо­лия­лар субъек­тілерінің есеп­терін, бекі­тілг­ен тарифтік сметаны және ин­вес­тициялық бағ­дар­лама­ны өзгерту туралы өтініш­тер­ді «Моно­полист» базасы ар­қылы элект­ронды форматта жібе­руге жол ашы­лады. Сон­дай-ақ субъекті­лердің тариф­­терін бекіту кезінде әлеу­мет­тік желі­лерде қоғам­дық тың­дау­лардың бейнесін сақтау, он­лайн режімде сұрақ қою мүм­кінді­гімен онлайн трансля­циялау тә­жірибесін енгізу көзделіп отыр.

Бұған қоса табиғи монопо­лиялар субъектілерінің өтініміне қоса берілетін құжаттар тізбесін инвестициялық бағдарламалар шеңберінде нысаналы көрсет­кіштері бар жөндеу картасымен толықтыруға мүмкіндік бар. Тиісті салада басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган немесе жергілікті ат­қару­шы органмен бірлесіп инвест­ициялық бағдарламаны бекітуден бас тарту туралы шешімді қабылдауға болады. Сонымен қатар табиғи монополиялар субъектілерінің халық­аралық қаржы ұйымдарының, Қазақстанның Даму банкінің және екінші деңгейлі банктердің қарыздарын тарту жөніндегі кредиттік келісімдерді уәкі­лет­ті органмен келісу міндетін белгілеуге болады. Уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыруға байланысты бекі­тілген инвестициялық бағ­дар­лама өз­герген жағдайда тарифті өзгер­туге мүмкіндік бар.

Сондай-ақ бір қызметкердің жылдық статистика деректері негізінде қалыптасқан экономи­калық қызмет түрлері бойынша орташа айлық жалақыны өзгеруге жол ашылады. Жалпы, табиғи монополиялар саласында 300 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Осылайша, бұл жаңашылдық саладағы көп жұ­мысшыны қамтымақ. Өз кезе­гінде, кәсіпорындар қызме­тінің тиімділігі құзыретті және білікті қызметкерлерге байланысты болмақ. Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамаға сәйкес тариф белгілеу саясаты және шығындарды тікелей есепке алу республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен көрсеткіштерін (инфляция) ескере отырып жүргізіледі. Шекті тариф 5 және одан да көп жылға бекітіледі. Осы­лайша, жалақының төмен­дігі кадрлардың жиі ауысуына әкеледі. Бұл өз кезегінде ұсы­нылатын реттеліп көрсеті­летін қызметтердің сапасын төмендетеді.

– Биыл қандай жұмыстар қолға алынбақ?

– Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпы­ұлттық іс-шаралар жоспарында «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тариф сая­сатына көшуді қамтамасыз ету көз­делген. Тиісінше, осы саясатты жүзеге асыру бойынша «Табиғи монополиялар туралы» заңға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу жоспарланып отыр. «Тарифті инвестицияға айыр­бастау» деген жаңа тариф саясатына көшу кезінде біршама жұмыс тындырылуға тиіс. Атап айтқанда, инфрақұрылымға инвестицияның айтарлықтай бөлігін тарифтің емес, өз қар­жысының есебінен салу бөлі­гінде монополистердің қарсы мін­деттемелері енгізіледі. Өн­діруші қуаттардың, электрмен жабдықтау, жылу коммуникациялары желілерінің және су құбыры желілерінің тозу көрсеткішін біртіндеп кемінде 15 пайызға төмендету жоспарланып отыр. Кәсіпорындарда инновация­лық шешімдерді енгізу және жабдықтарды жаң­ғыр­ту үшін пәрменді ынта­лан­дыру көздел­мек. Табыс­тың бел­гілі бір үлесін монополис­тің иелігінде қалдыру жоспар­ланған. Шығындардың бір бөлігі өндірістік персоналдың еңбекақысын арттыруға, жедел жөндеу жұмыстарын жүр­гізуге және тағы да басқа бағыт­тарға жұмсалған жағдайда монополистің оларды тарифтік сметаның әртүрлі баптары арасында өз бетінше қайта бөлу мүмкіндігі қарастырылмақ.

–  Қалай десек те, биыл та­би­ғи монополиялар субъектілері­нің тарифтері көтеріледі. Бұл ел тұрғындарының қаржылық жағдайына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Алдымен тарифтердің динамикасына тоқталған дұрыс. Егер 2023 жылғы қаңтарды 2022 жылғы қаңтармен салыстыратын болсақ, онда коммуналдық қызметтердің тарифтері орта есеппен инфляция деңгейінде өсті. Яғни жалпы өсім шамалы болды. Өйткені 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында халыққа арналған тарифтердің өсуіне мораторий жарияланды. Тиісінше, жүзден астам моно­полия субъектісінің тариф­тері түзетілді. Бұл халық үшін 3,2 млрд теңгені үнемдеуге мүм­кіндік берді. Биыл күтілетін өсімге келетін болсақ, тариф­тер­дің өсуіне әсер ететін екі факторды атап өту керек. Бірін­шісі – электр энергиясын өндіру бағасының өсуі. Бұл стансаларда жаңа қуаттар өндіруге және қолда бар тапшылықты азайтуға мүмкіндік береді. Екінші фактор заңға сәйкес енгізілетін инновацияларға байланысты. Бұл бірінші кезекте инженерлік инфрақұрылымның тозуын азайтуға, табиғи монопо­лиялар сала­сындағы қызмет­керлердің жалақысын арттыруға, иесіз желі­лерге жұмсалатын шы­ғыс­тарды өтеуге қатысты. Қазір біз желілердің тозу деңгейінің артқанын байқап отырмыз. Бұл ұсынылатын коммуналдық қыз­меттердің сапасы мен сенім­ділігіне әсер етеді.

Жыл енді басталды. Әзірге тарифтердің белгілі бір өсуі туралы айту ертерек. Өйткені әр­бір жағдай инженерлік инфра­құрылымның техника­лық жағ­дайына және өңірлер­дегі әлеу­меттік-экономикалық жағдайға байланысты жеке қаралатын болады. Сондай-ақ бұл табиғи монополиялар субъектілерінің өтінімдерін беруге байланысты және біз олардың деңгейінен шығатын боламыз. Өтінімдер біртіндеп келіп түседі және тарифтердің өсуі «Табиғи монополиялар туралы» заң аясында қабылданған жаңалықтарға байланысты болады. Тарифтердің қашан көтерілетіні өтініш беруге байланысты. Десе де біздің болжам бо­йынша, тарифтердің өсуі энергия өндіруші ұйымдардағы бағаның өсуіне, желілердің тозу деңгейіне, өңірдің қажеттілігіне және табиғи монополиялар субъектілерінің өтінімдеріне байланысты орташа есеппен 10-20 пайызды құрауы мүмкін. Олардың барлығы әлі қарауға түскен жоқ. Бұл ретте бірден 2-3 есе арттыруға жол бермеу үшін тариф­тердің өсуі 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жүргізі­леді. Біз тұтыну­шылардың әлеуметтік және экономикалық жағдайына назар аударамыз.

Әңгімелескен

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ