Тарихтың жан ауыртар ақиқаты
«Алаштың адамының бәрі мәлім,
Кім қалды таразыға тартылмаған?». Қазақтың бес арысының бас арысы- Ахмет Байтұрсынұлының сөзі бұл. 4 миллион қазақ аштан қырылған алапат қасірет турасында біз не білеміз, нені білмейміз? Zamandas.kz зұлмат заман туралы толығырақ шығарылым ұсынады.
Қуғын-сүргін десе, 1937-38де «халық жауы», «жапон тыңшысы», «большевиктер партиясының жетекшілеріне қастандық дайындайтын қылмыскер» деп айып тағылған, ел жолында еңбек еткені үшін қуғындалып, ақыры атылып тынған Алаш азаматтары көзге елестейді. Расын айтқанда, бұл оқиға тек қазақты ұлт ретінде жоюдың жалғасы ғана еді. Тарихтың жан ауыртар ақиқаты да- осы. Деректер сөйлесін:
1932 жылы 10-қазандағы ауыл мен селодағы азық-түлік қиындықтары туралы ОГПУ-дің арнайы есебінде:
«Торғай ауданында өткен жылы 15 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста 4452 адам аштықтан қайтыс болды. Өлім жалғасуда. Күніне орта есеппен 20 адам қайтыс болады. Ауданда 7700 адам мүлдем азық-түліксіз қалғандығы тіркелген. Осындай жағдай көршілес Батбақара ауданында да бар, онда 8400 адам мүлдем тамақтанбайды».
Ашаршылықтың қазақ арасына ажал тырнағын салғанын, әр бұтаның түбiнде ел баласының көмусiз қалғанын көрген зиялылар қарап жатпады. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «6 жарым миллион қазақтың миллионға жетер-жетпесі ғана қалды»,-деп дабыл қақты. Азаматтар «Аштарға көмек» орталығын құрып, салым-салауат жинады. Көзі ашық, айтары барлар өзін «Алаштық» санайтын осы уақытта көпшілік жаппай елге көмек қылудың жолын іздеді. Бірақ… Жан-жақтан бас көтерген білімділер назар аударды, көзге түсті, ақыры қудалауға ұшырады… Аштық дегенде ашына ашық айтып, бір амал қылудың қамында жүргендердің бірі Ілияс Жансүгіров былай дейді: «Күніне қазақ мыңдап өліп жатыр,
Тұқымы сағат сайын кеміп жатыр.
Өз баласын өзі ұйытып, сирағын жеп,
Көр азабын тірідей көріп жатыр».
Жалпы, зерттеушілердің соңғы мәліметіне сүйенсек, 1927-1953 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың ішінде көшбасшы, көзі ашық, зиялы деген 25 мыңының желкесіне оқ тиді. Осы репрессия жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Бір ғана Қазақстанда оның 20-дан астамы орналасты. Белгілі тарихшы-ғалым Жұмабек Ашуұлы осынау жылдардың лайықты бағасы әлі де терең зерттеліп, беріледі деп сенеді: «1918-21 жылға созылған Азамат соғысы біресе қызылдар келіп, біресе ақтар келіп, қазақтың малын да қоймай, әйтеуір талай қиыншылықты көрсетті ғой. Енді Азамат соғысы бітті дегенде қуаңшылық жүрді де, аштық жүрді. Торғай өңірі, Қазақстанның батыс жағында ашаршылық жүрді. Сол ашаршылықтан көп қазақ қырылған. Әртүрлі деректер бар. Бір деректерде менің өзімнің оқығаным бойынша 700 мың адам қырылған дейді. Бір деректерде 1 млн 700 мың дегенді оқыдым. Жалпы, Сталиннің қолдауымен келген Голощекин өз айтқанын жасады да, қазақтың байларын жер аударды. Ататынын атты, асатынын асты, жер аударатынын жер аударды, малын тартып алды. Сөйтіп,1913 жылғы санақта қазақтарда 44 млн бас мал болған. 1934 жылы сол 44 млн бастан 4 млнға жетейтін-ақ бас қалды. Ойлаңызшы енді, жай сан емес, сұмдық деректер ғой!».
Кеңес билігі азаматтық соғыс жылдарындағы ұлт тәуелсіздігіне белсене қатысқан “Алаш Орда” қозғалысының көптеген қайраткерін тізімге алып отырды. 1928 жылы Ахмет Байтұрсынов, Міржақыпов Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов сынды 44 “буржуаз ұлтшыл” қамауға алынды. 1930 жылдың қыркүйегінде Мұхамеджан Тынышпаев, Халел Досмұхамедов, Жақып Ақбаев сынды бірқатар қазақтың қаймағы, жалпы саны 40 адам тағы қамауға алынды. «Ұлтшыл» деген айыпты арқалаған Алаш ардақтылары әртүрлі мерзімге түрмеге қамалып, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Тоталитарлық жүйе саясатының салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Тағдыр желкені еш желеусіз өлімге айдаған азаматтардың әйелдері АЛЖИР-ге тоғытылды, балалары белгісіз ғұмырдың құрсауына кетті. Әлгі айтқан азалы АЛЖИР-ге әйелдерді “күйеулеріңмен кездесесіңдер” деп алдап әкеткен. Үйінен әдемі көйлегін киіп, қуана кеткен әйелдер Ақмоланың ақтүтек бораны мен азапты лагерінен бір-ақ шыққан. Лагерьлер, түрмелер, түзеу коллониялары, жер аудару… Қалай болғанда да кеңестік саясат қолға түскен тұтқындарды қинаудың 3 түрі бойынша қызмет етті. Олар:
- КҮШ КӨРСЕТУ, МАЗАҚ ЕТУ
- «КОНВЕЕР» (ҰЙҚЫДАН АЙЫРУ, ТАМАҚ БЕРМЕУ)
- «МЯСОРУБКА» (АЗАПТАУДЫҢ ЕҢ АУЫР ТҮРІ)
Репрессия КСРО көлемінде кең жүріп жатқан уақытта аса үлкен азапқа ұшыраған- қазақ халқы еді. Кеңестік мемлекеттер арасындағы қуғын туралы ресми деректерде 1921-1954 жылдары КСРО-да шамамен 3 млн 777 мың адамның репрессияға ұшырағаны айтылады. Ал оның 642 мыңы ең ауыр жазаға кесілген. Сан сөйлеп, цифр көбейе беретінін бәріміз білеміз. Зұлымдықтың адам айтса нанғысыз зардабын көргенмен, ел тарихында қазақтың жүрегі мен білегі болған батырлар аз емес. Тер төкті, қан кешті. Қазақтың ақыл-ойы болған арыстар да баршылық. Бүгінгі бейбіт күн- шейіт болған әр азаматтың арманы екенін түсіне, түйсіне алуымыз керек. Ерлердің есімі расымен, ел есінде!
Мадина Оқас