Тазы бағатын арнайы орын керек – тазы ұстаушы

0
130
Фото: Kazinform

 – Ақтөбеде қазір 500-ден астам тазы бар. Тазы асыраушылар арнайы орын болса, тұқымын асылдандыру, санын көбейту бірізге түседі деп есептейді. Сонымен бірге жүлдесі қомақты жарыстардың жиі ұйымдастырылғанын қалайды.

Тазының қадірін білмей жүрміз

Ақтөбе облысы бойынша 500-ден астам тазы бар. Тазыны дала қазағы, қала қазағы да бағып отыр. Дала қазағы аңшылыққа, саятшылыққа баулып, серік етсе, қала қазағы әдемілігіне қызығып, жанына ертіп жүреді. Ақтөбе облыстық құмай тазы федерациясының вице президенті, «Асыл қазына» республикалық тазыны асылдандыру ұйымы Ақтөбе филиалының президенті Жасұлан Жақсылықовтың айтуынша, олар жылына бірнеше рет басқосады. Бұл басқосу сырт адамдарсыз, өзара пікір алмасу, тәжірибе алмасу және тазы тұқымына селекция жасауға арналады. Тазы баптайтындар арасында оқушылар да, ересектер де бар.

Тазы
Фото: Kazinform

– Тазы жанашырларының жасы әртүрлі. Ең кішкентайы – мектеп оқушылары. Қазір үлкендер ғана емес, балалар арасында да қызығушылық жоғары. Тіпті кейбірі бізден артық білетін, танитын дәрежеге жеткен. Себебі қызыққан соң зерттеп, зерделеп, түрлі тұқымын салыстырып үлгерген. Біз үшін тазы – қазақтың құндылығы. Қазақта ұлттық құндылықты ақшамен бағаламайды ғой. Бағасын жалпылама алып, құлынды бие, бір жабағы деп айтады. Ақтөбеде ғана емес, Қазақстан бойынша айтатын болсақ, Қытайдан келген қазақтар, Қытайдағы қазақтар жақсы сыншы, бағалаушы деп айтар едім. Өзімде 4 тазы бар. Азығы үшін ет сатып аламын, дәрумені мен вакцинасы да бар,- деді Жасұлан Жақсылықов.

Тазы баптаушы қаншығы күйлейтін кезде арланды таңдап, Алматыға да апарған. Ол үшін 150 мың теңге жол шығынын төледі. Бұл тазы тұқымын асылдандыру, кейінгі ұрпаққа мейлінше таза қалпын қалдыруға жасалған қадам. Оның айтуынша, қазір тазы тұқымы жақсарып келеді.

Тазы
Фото: Kazinform

– Бұған дейін тазы тұқымын асылдандыру емес, аң аңлауға басымдық берілді. Аң алса, тез жүгіріп, қуып жетсе деді. Сөйтіп қаны араласып кетті. Кейінгі кезде ғана жарыс, көрме ұйымдастырып, таза тазыны, оның жүйрігін анықтауға күш салып жүрміз. Осы арқылы жүйрігін анықтап, селекциялық жұмыс істейміз. Сонымен қатар біз түз тағысы қасқырға да тексереміз. Тазының басқа ит тұқымдарынан бір ерекшеленетіні ол – әмбебап. Өзі іздейді, өзі табады, өзі қуады, өзі алады. Тазы қандай аңға салғанына байланысты өмір сүреді. Қасқырға таланған болса, ұзақ өмір сүре алмайды.

1 шақырымды 1 минут 10 секундта еңсерді

Ақтөбеде жүлде алып жүрген жүйрік тазылар да бар. Қанжығасына бірнеше жылқы мен ақша байлаған тазы иесі ит баптаудың сырымен бөлісті.

Тазы
Фото: Kazinform

– Қазына атты тазым бар. Үш жаста болса да талай жарыста оқ бойы оза шапты. Екі рет жылқы ұтты. Сонымен бірге ақшалай сыйлық бар. Орал, Астана, Қарағандыға барды. Әзірге қасқырға түспеді. Дегенмен түлкі, қоян алады. Таңертең, кешке екі мезгіл тамақ береміз. Сонымен бірге қыста атпен, жазда мотоциклмен жүгіртеміз. Тазым 1 шақырымды 1 минут 10 секундта еңсерді. Қоянды 300-500 метрде ұстайды,- деді тазы баптаушыДуман Ысқақов. Ол бала кезінен бастап тазы ұстап, бабын білді. Қазір жүйрік баптауға басымдық берген. Тазы ұстаушылар иттің түріне қарап, ат береді.

Тазы асыраушылардың ұсынысы

Тазы асыраушылар жылына бірнеше шара ұйымдастырады. Мәселен биыл Ақтөбе қаласының 155 жылдығына орай Шырға тарту сайысы өтті. Мұнда тазының жүйріктігі анықталады. Сонымен бірге табиғи дала сынағы – Салбурын. Күзде аңшылар бас қосып, аңшылыққа шығады.

– Салбурын Ақтөбенің Бөгетсай аумағында өтеді. Ең қолайлы жер сол. Қоян көп қашады, екіншіден жері тегіс. Мұны қарашада өткіземіз. Таза қанды тазының сақтап қалған аумақ Қазақстанның орталығы болса, сол аймақтардан тазы алдырып, жергілікті тазыларға қосып, селекциялық жұмыс жасалады. Тазы климатқа да бейімделеді. Оңтүстіктің тазысы шағын, жүні жұқа болады. Олар Ақтөбенің, Қарағандының аязы, боранына шыдас бере алмайды. Күшік кезде әкелсе, үйреніп кетеді,- деді тазы асыраушы Жасұлан Жақсылықов.

Ол бірнеше проблеманы көтерді. Біріншіден, тазы бағатын арнайы орын керек. Соңғы жылдары иттің адам қауып, мертіктіруі көбейіп, тазы асырайдындар да қосақ арасында қоса кетті. Тазы ауладағы тауық, малды қуғанымен, адамға қарсы үрмейді. Ал көпшілік мұны түсінбей, байлап ұстауды талап етеді.

Тазы
Фото: Kazinform

– Біз тазы тұқымын асылдандыру үшін бірігіп, қаншығын, кейде арланын сатып аламыз. Оны өзара келісіп, бір-бірімізге беріп отырамыз. Кейде жазатайым жағдай болады. Аяғы сынып, жүгіре алмай қалуы мүмкін. Сондайда итті баптап, күтімін жасайтын арнайы орын қажет. Қазіргі кезде менде төрт ит болса, оны бесінші қылып ұстаймын. Жағдайым қиындай бастағанда өзгесіне ұсыныс айтамын. Сондықтан бізге қора керек. Үкімет қаржыландырса, жағдайы жақсы болар еді. Екіншіден, жарыстар көп өткізсе, үздіктер жиі анықталады. Жарыс деп жарияласақ, көп ешкім келмейді. Жүлдесі қызықтырса, келер еді. Жүлдесі ауықымды жарыс өткізу керек. Осы уақытқа дейін өзіміз ақша жинап өткізіп жүрміз,- деді тазы жанашыры.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ