Театр – халықтың рухани қазынасы, мәдениетіміздің өзегі

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры жүзінші мерейтойлық маусымын ашты. Мерейтойға орай «Ғасырға басқан қадам» атты салтанатты театрландырылған қойылым қойылды.
Театр ұжымын Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтады. Министрдің құттықтау сөзін ҚР МАМ Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов оқыды.
«Театр – халықтың рухани қазынасы, мәдениетіміздің өзегі. Бүгінде елімізде театр өнеріне деген қызығыушылық артып, көрермен талғамы күн санап биіктей түсуде. Бұл ең алдымен сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен өлшеусіз шығармашылық ізденістеріңіздің жемісі деп білемін. Ұлы Мұхтар Әуезовтің есімін иеленген театрдың ұлт руханиятын дамытуда алатын орны биік. Қазақтың ұлттық театр өнерін жоғары деңгейге көтеріп, оны гүлдендіру жолында атқарған қызметтеріңіз берекелі, табысты болсын. Өресі биік көрерменді толғандыратын, жан-дүниесіне рухани байлық сыйлайтын жаңа туындыларыңыз көп болсын»,– делінген құттықтау хатта.
Кеш барысында көрермен назарына театр репертуарындағы таңдаулы қойылымдардан үзінділер ұсынылды. Кеште ұлттық театр өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан белгілі актерлердің өнері арқылы өткен мен бүгіннің көркем сабақтастығы көрініс тапты.
Сонымен қатар театр музейі келушілер назарына «Ғасыр жасаған ұлт театры» атты интерактивті көрме ұсынды. Онда экспонаттар мен архив материалдары заманауи форматта көрсетілді.
Айта кетейік, қазақ өнерінің қара шаңырағы, кәсіби театрдың шымылдығы 1926 жылы 13 қаңтарда, Қызылорда қаласында ашылды. Бастапқы қойылымдары Қ. Кемеңгерұлының «Алтын сақина» және М. Әуезовтің «Еңлік – Кебек» пьесаларынан үзінділер болды. Театрдың алғашқы құрамында И. Байзақов, Ә. Қашаубаев, С. Қожамқұлов, Е. Өмірзақов, Ж. Шанин, Қ. Қуанышбаев, Қ. Жандарбеков, Қ. Бадыров, Қ. Мұңайтпасов, З. Атабаева, Ш. Әлібекова, Ш. Байзақова, М. Шамова, Ж. Шанина т. б. еңбек етті.
1928 жылы театр Алматыға көшті. 1937 жылы 27 ақпанда «академиялық» театр мәртебесін алды. 1961 жылы театр жазушы, ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімін иеленді. Ал 2020 жылдың 20 желтоқсанында Мемлекет басшысының Жарлығымен театрға «Ұлттық» мәртебесі берілді.
Әуезов театрының бір ғасырлық тарихы – халықтың үні, заманның тынысы, ұлттың рухы. Қазіргі таңда театр өзінің мәдени-рухани миссиясын нақты айқындаған шығармашылық ұжым ретінде ұлттық өнерді дәріптеу, отансүйгіштік пен адамгершілік құндылықтарды насихаттау, жаңа тұрпатты мәдениет жасау және әлемдік мәдени кеңістікке ұлттық өнерімізді таныту жолында табанды еңбек етуде.









