Тегеурінді теңге кімге тиімді?

0
219

Теңгеміз күшейген сайын оның салмағын экономиканың әлеуеті көтере ала ма деген сұрақтың жауабы жан-жақты саралана бастады. Себебі валюта нарығында теңге бағамына қатысты қызық құбылыс байқалып жүр. Атап айтқанда, 1 АҚШ долларының құны – 431,08 теңге, Ресей рублінің орташа сараланған бағамы – 5,72 теңге. Ал инфляция 20-21 пайыз деңгейінде тұр.

Сәуірде теңге/доллар валюталық паритеті бір доллар үшін 434,6 теңгеге жетуі мүмкін екені айтылып жатыр. Тәуел­сіз сарапшылар дәл осындай жағ­дай өткен жылдың тамыз айында да бай­қал­ғанын, теңгеміздің ешкімге дес бермей кеткенін айтады. Сол кезде ел арасында Ұлттық банк мұндай жағдайда доллардың пайдасына кері интервенция жасауы мүмкін деген пікір басым болған. Кез келген экономика үшін тек қана күшті валюта емес, тұрақты ұлттық валюта маңызды екенін сарапшылардың бәрі айтады. Ұлт­тық банк алдына қойған мақсаттары мен міндеттерін орындау үшін, оның ішінде кейбір макроэкономикалық пара­метрлерді орындау үшін валюта баға­мы­ның тым әлсіремегені, сонымен бірге тым нығая бермейтіні тиімді деген ұста­ным­ға басымдық беріледі. Бұл саясат мұнай саудагерлерінің де, бюджеттің де көңілінен шықты. Мұнайды доллармен саудалау өндірушілерге тиімді болды, оның түсімі бюджеттің бүйірін шығармаса да аш қалдырмады. Осыған дейін әлсіз теңге саясатына басымдық берген Үкімет енді «тегеуірінді теңге кімге керек?» деген мәсе­лені ашық қойды. Доллар трей­дер­ле­рі­нің жолын кесу арқылы теңгеге дем салуға кірісіп кетті.

Қаржыгерлер қауымдастығының өкілі Зарина Скрипченко алдағы жағдайды сыртқы және ішкі факторлардың беталысы айқындайтынын айтады. Оның түсіндіруінше енді 1 айдан кейін 1 доллар­дың құны 434,6 теңгеге дейін құбыл­уы мүмкін. Квазимемлекеттік сектор­дың валюталық түсімдерді сатуы және Ұлттық қор­­дан аударылған трансферттерді айыр­бас­тау ұлттық валютаның өсуіне үлкен әсер етті.

Сарапшы Ұлттық банк деректеріне сілтеме жасай отырып, наурызда бұл тран­закциялардың көлемі шамамен 900 мил­лион долларды құрайтынын немесе орта­ша айлық сауда көлемінің 39 пайызға жететінін де қаперге салып өтті.

«2023 жылға арналған республикалық бюд­жеттің параметрлері жобасын талқы­лан­ған кезде 1 доллар  470 теңге шеңберінде белгіленді. Мұндай жағдайда күшті теңге бюд­жетке түсетін салық түсімдерінің көле­міне теріс әсер етсе де басқа өлшем­дер бойынша қарыз қаражатын тартуды ын­таландырады. S&P рейтинг агент­ті­гі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB-/А-3» деңгейінде растады. Болжам «жағымсыздан» «тұрақты» дең­гейге көтерілді. Ендігі жартыжылдық­та «тұрақтыдан» «позитивке» өтуге мүм­кін­дік бар», дейді сарапшы.

Ішкі нарықта доллардың көптеп сатылуы оның құлдырауына себеп болып жатыр деген де пікір бар. Ал бізде долларды көп сатуға Ұлттық банк пен Ұлттық қордың ғана құқы бар. Басқаларының алыпсатарлығы нарыққа айтарлықтай әсер ете қоймайды. Ұлттық банк наурыз айының бас кезінде 750-850 миллион доллар сататынын хабарлады.

Қаржы сарапшысы Ғалым Құсайы­нов­тың айтуынша, Ұлттық қордағы қар­жының нарыққа көбірек келе бастауы доллардың арзандауына әсер етуі мүм­кін. Сондай-ақ ол шетел валютасын сатып алуға шектеуді жою қажет, бұл на­рық­тың құбылмалылығын азайтады дейді. Сарапшының айтуынша, теңге­нің ке­неттен күш алып кетуінің макро­эко­но­ми­калық алғышарттары қалып­тас­қан жоқ. Басқаша айтқанда, эконо­ми­ка­ның әлеуеті күшті теңгенің екпінін көтере алмауы да мүмкін.

«Бірақ теңгенің күшті болуы инфля­ция­ға өте жақсы әсер етеді, өйткені теңгемен импортталатын тауарлар төмендейді, ал біз импортқа қатты тәуелдіміз. Ұлттық банк­тің негізгі мандаты инфляция екенін ескерсек, теңгенің берік болғаны Ұлттық банкке тиімді», дейді Ғ.Құсайынов.

Осыдан бес-алты жыл бұрын Goldman Sachs банкінің президенті Гэри Кон әлем елдері экономикалық өсім үшін ақша соғысына дайындалып жатқанын жазған болатын. Сол уақыттан бері дамыған елдер үшін соғыстың мұндай түрі өз жемісін бере бастағанын көріп жүрміз. Сондықтан доллардың кенеттен әлсіреп, теңгеміздің күшейіп кетуіне қуануға әлі ерте деуге де негіз бар.

Қаржыгер Ілияс Исаев бізбен әңгі­ме­­сінде АҚШ арзан ақша саясатын іске қосқанын және коммерциялық банк­тердің корреспонденттік шотында жатқан мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алып, бизнесті несиелендіруіне жол ашқанын айтып берді. Мұндай ойын­нан ЕО елдері де қалыс қалған жоқ. Оның пікірінше, теңгенің шамадан тыс нығаюы бастапқы кезде Қазақстан экономи­касына да зиянын тигізуі мүмкін, өйткені біздің экономикамыздың күретамыры экспорттаушыларға тәуелді. 2023 жыл­дың бюджет болжамында мұнайға қа­тыс­ты есепті баға барреліне 85 доллар, 1 доллар үшін бағам 470 теңге шамасында белгіленген. Осы есептеулер аясында республикалық бюджеттің кірісі 16 трлн теңге деңгейінде қалыптасты. Дегенмен қазір теңге әлдеқайда күшті, бюджетке түсетін түсімдердің азаюы­на байланысты түзету қажет болуы мүм­кін. Ұзақ мерзімді перспективада біздің экономиканың құрылымы шикізат баға­сы­на өте қатты байланысты. Біз отыз жыл бойы осы шындыққа тәуелді болдық, күшті доллар, әлсіз теңге ережесіне басымдық беріп келді. Мұндай идеяны қолдаушылар біздің шикізаттық бағытқа басымдық берген ел екенімізді, күшті доллар бюджет түсімін арттыратынын айтып келді.

«Мұндай ұстаным шикізат саудасы ойыншыларының мүддесіне басымдық берді, Үкіметтің өз бетінше шешім қа­был­дау мүмкіндігін шектеп, бизнестің алыпсатарлық сипатын тереңдетіп жібер­ді. Мұндай ойын валюта соғысы ойын­­шыларының да, біздің мұнай саудасы ойыншыларының да ойынан шықты», дейді І.Исаев.

Білікті қаржыгер «Арзан доллар – күшті теңге» жобасының қаншалықты ғұмыр­лы боларын ешкім де дөп басып айта алмайтынын қаперге салып өтті. Ұлттық банктің наурыз айының бас кезіне дейін 750-850 млн, күн сайын 60-100 млн долларды саудаға шығаруынан қауіптенудің, кейбір саясаттанушылардың 19 наурыздан кейін доллар бағасы қымбаттайды деген болжамына мән берудің қажеті жоқ. Себебі қымбат доллар тек мұнай ойын­шы­ларына, олигархтарға ғана жұмыс істеп келді. Енді Ұлттық банк пен Үкімет нарықтағы доллар трейдерлерінің жолын кесіп, теңгенің нарықтық бағамын қа­лып­­тастыруға шындап кіріскен тәрізді. Егер бұл үрдіс ұзаққа созылса, мұнай­ды арзан доллармен саудалау мұнай ойын­шыларының мүддесіне сай келмеуі, инвестициялық жобаларға басымдық беруі мүмкін. Себебі оларда одан өзге жол қалмайын деп тұр. Сарапшының айтуынша, теңгеміздің тағдыры емес, ШОБ-тың тағдыры, экономикамыздың тағдыры «Арзан доллар – күшті теңге» жобасының қоры­тындысына тәуелді болып тұр.

Тегеуірінді теңге алдымен халыққа керек. Ал мұнай-газ саудасының құлағында отырған ойыншылар осыны түсінген күні экономикамыз халықтық сипат алады, қымбат теңге инфляцияны тежейтін күшке айналады.

«Ұлттық банк пен Үкімет тарапынан мұндай қадамдар бұрын да болған. Бірақ соңына дейін табандылық таныта алмады. Мемлекеттің экономикалық базасын бақылап отырған қаржы институттарының олигополияның қысымында болып келгені енді ашық айтылып жатыр. Үкімет қаржы трейдерлерінің жолын кесу, мұнай-газ түсімінің тағдырын теңгемен байланыстыру арқылы жаңа экономикалық саясаттың есігін ашты. Енді кері шегінуге жолдың қалмағанын Ұлттық банк те, Үкімет те көріп отыр. Біз мұның жемісін алдағы екі-үш жылда көретін боламыз», деп сөзін түйіндеді Ілияс Исаев.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ