Тіл мамандары: «Түркі елдерінің бірінші сыныптарынан шет тілдерін оқытуды алып тастау керек»

Түркі елдерінің бірінші сыныптарынан шет тілдерін оқытуды алып тастау керек. «Түркі елдеріндегі мемлекеттік тілді оқыту жүйесі» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік дөңгелек үстел барысында осындай ұсыныс айтылды. Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филолог Бижомарт Қапалбектің ақпарынша Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркияда шет тілі пәні бірінші сыныптан бастап оқытыла бастайды. Алайда бұл баланың негізгі функционалдық пәнін меңгеруге қиындық тудырады дейді. Ал Қазақстанда өзге тілдер оқушыларға тек 2-сыныптан бастап оқытылады. Сондай-ақ ғалым түркі елдеріндегі 1-сыныптың пәндер жүйесіне талдау жасап, мемлекеттерде ана тілін оқытуға бөлінген сағаттарға мән береді. Оның дерегінше Қазақстан түркі елдерінің ішінде «Әліппе» мен «Ана тілін» оқытуға ең аз сағат бөлген. Дәлірек айтсақ, Қазақстанда 196 сағат, Әзірбайжанда 288 сағат, Қызғызстанда 204 сағат, Өзбекстанда 272 сағат, Түркияда 360 сағат. Сондықтан сала маманы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бастауышта оқытылуы керек деп көрсетіп берген пәндерін назарға ұсынды. Онда бастауыштағы пәндер санын қысқартып, оқу, жазу, есеп пен дүниетанымға көп маңыз беруге тоқталады. Бижомарт Қапалбек өз сөзін:
-«Әліппе мен оның бағдарламасын тілдің табиғатын терең меңгерген, ғылыми деңгейі жоғары мамандарды тарта отырып, қайта әзірлеу керек. Бірінші сыныпта «Әліппен» мен «Ана тілі» пәндерін жыл бойы қатар, бірақ мақсат-міндеттері бөлек түрде оқытып, баланың сөйлеу дағдыларын алғашқы күннен бастап дамыту керек. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған «керек білім және тегіс керек білім» қағидатына сәйкес, бастауыш білім мазмұнын функционалдық сауаттылыққа негізделген ұлттық жүйеге көшіру керек» – деп қорытындылайды.
Жалпы дөңгелек үстелде Халықаралық қазақ тілі академиясының президенті, профессор Қажыбек Ерден Задаұлы кіріспе сөз сөйлеп, мемлекеттік тілді оқыту мәселесінің түркі елдері үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Жиын Түркия Республикасы Түрік мәдениеті ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Ахмет Бижан Ержыласұнның құттықтау сөзімен ашылды. Түркі халықтары арасындағы ғылыми ынтымақтастықтың өзектілігіне тоқталды. Бұдан бөлек Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қарақалпақстан Республикасынан келген ғалымдар мен сарапшылар баяндама жасап, бастауыш және орта білім беру деңгейінде мемлекеттік тілді оқытудың құрылымы мен мазмұны, оқу бағдарламалары мен оқу-әдістемелік кешендердің сапасы, тілдік пәндерге бөлінетін оқу сағаттары, фольклорлық материалдарды қолдану мәселелері, сондай-ақ мемлекеттік тілді оқытудағы түйткілдер мен оны жетілдірудің болашақ бағыттары жөнінде ойлар ортаға салынды.
Шара аясында Мемлекеттік тілді дамыту институтында жарық көрген «Мемлекеттік тілді оқытудың деңгейлері мен сатылары» атты монография таныстырылды.
Дөңгелек үстелге тіл білімі, оқыту әдістемесі және білім беру саласының жетекші ғалымдары, педагогтер мен практик-мамандарды қосқанда онлайн және оффлайн 150 адам қатысты. Жиын түркі елдері арасындағы ғылыми-академиялық ынтымақтастықты дамытуға және мемлекеттік тілді оқыту саласындағы өзекті мәселелерді талқылап ортақ қарар қабылдауға мүмкіндік берді.
Жалпы іс-шараның мақсаты – түркі елдеріндегі орта білім беру жүйесінде мемлекеттік тілдің оқытылу ерекшеліктерін, оқу бағдарламалары мен оқулықтардың жай-күйін, ұлттық білім беру саясатының негізгі бағыттарын ғылыми тұрғыда талдау, салыстыру және сараптау.








