Тірі өнердің құны төмендемеу керек
– Театр – тектілік мекені. Қала берді бұл тірі өнерді хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнерге теңейміз. Гүлдана ханым, әуелі біздің оқырмандарымызға өскен ортаңыз туралы ақпар беріп өтсеңіз…
–Мен Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Ақмая ауылында дүниеге келдім. Жастайымнан әнге, биге құмар болып өстім. Бұл менің әкем мен анамнан дарыған қасиет. 15 жасымда арман қуып Алматыға келіп, колледжге оқуға түстім. Мектеп табалдырығында жүргенде-ақ «Шиелі аруы», «Алматы аруы» байқауларына қатысып, сахнада өз өнерімді көрсетіп жүрдім. 2012 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына «Драма және кино артисі» мамандығына грантқа оқуға түстім. Ұстазым Қазақтың еңбек сіңірген қайраткері Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов.
– Жалпы өнер адамы болу бала күңгі арманыңыз ба? Бас қаладағы «Музыкалық жас көрермен театры» жайлы және еңбек жолыңыз жайлы сөз өрбітсек… Аталмыш театрды таңдаудағы себеп?
– Иә, өнер адамы болу бала күнгі басты арманым. Теледидардан біреу ән салса, мен де соған ере қосылатын едім. Ауылда балаларды жинап, өзімше концерт қоятынмын. Бала күнгі арманым мені осындай үлкен өнер жолына алып келген шығар. Өзімнің өнерде босқа жүрмегенімді ата-анама, ағайын-туысқа дәлелдеп келемін деп ойлаймын. Қазір жақындарым менің әрбір жетістігіме тілеулес болып отырады. Ал Нұр-сұлтандағы «Музыкалық жас көрермен театрына» келер болсақ, театрдың ашылғанына екі жылдан асты. Оған дейн Алматы қаласында Ғ.Мүсірепов атындағы ТЮЗ театрында жұмыс істедім. Ал 2017 жылы Астана «MUSICAL» театрында актриса болып қабылдандым. Осы Астана «MUSICAL» театрымен Европаның бес қаласына гастрольдік сапармен барып қайттық. Франция, Вена, Канны, Бельгия, Брюссель, Москва елдеріне «Қыз Жібек» қойылымын сахналап, шет елге ата дәстүрімізді таныстырып қайттық. Қазіргі таңда «узыкалық жас көрермен театрында» актриса болып жұмыс істеудемін. Бұл театрды таңдауым – жаңа леп, жаңа энергия, жаңа туынды, жаңа жалын.
– Ең алғаш қандай рөлді сомдадыңыз? Ол табиғатыңызға сай ма? Сіз сомдаған рөлдердің қайсысы жаныңызға жақын?
–Ең алғашқы сомдаған рөлім «Дипломдық жұмыста» Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» спектаклінің – Жәмилә мен Уильям Шекспирдің «Антонио мен Клеопатра» трагедиясындағы – Клеопатра рөлі. Ал театр сахнасындағы алғашқы рөлім «Шәмші» қойылымындағы сыған қызы – Изольда. Мамандығымыз актриса болған соң рөлді табиғатымызға жақын, жақын емес деп бөліп қарамаймыз, кез келген образды барынша ізденіп, сомдауға тырысамын. Қазіргі таңда ойнап жүрген рөлдерімнен өзіме шын қабылдап, аса жауапкершілікпен жанымды салып ойнайтын рөлім ол – А.Л.Ж.И.Р тұтқындарына арналған «CHANEL 5» спектаклінде белгілі режиссер Наталья Сац рөлі.
– «Тазарғың келсе – театрға бар» деген тәмсіл бар. Мұнымен қаншалықты келісесіз? Тірі өнердің құны төмендемеу үшін не істемек керек?
–Иә, мен бұл тәмсілмен толықтай келісемін. Себебі мұнда ешқандай өтірік жоқ. Өте таза, рухани тұрғыда биік – тірі өнерді көруге болады. Театр – ол қазақ мәдениетінің айнасы деп білемін. Тірі өнердің құны төмендемеу үшін ұдайы тер төгу қажет. Соңымыздан келе жатқан ізбасарларға осы өнер түрін тереңінен таныстырып, қызығушылығын арттыру керек. Театрға келген жан тек тазарып қана қоймай, рухани тұрғыда байып, кемелденіп қалады. Ауылдық жерлерде түрлі ой салар спектакльдерді көруге әрине, мүмкіндік жоқтың қасы. Алайда, жазғы демалысты пайдаланып, қалаға жолыңыз түсн қалса, міндетті түрде театрға баруға кеңес берер едім.
– Қорытындылай келе, болашақтағы мақсат-жоспарыңыз қандай?
–Болашақта жоспар көп. Тек театрмен ғана шектеліп қалмай, бүгінгі таңда жеке өзімнің «New Theatre» атты балалармен жасөспірімдерге арналған өнер мектебін аштым. Осы мектепте өнерге құштар балаларды тәрбиелеп, ұстаздық қызметті атқарып жүрмін. Қала берді театрда да жақсы рөлдер сомдау ойда бар. Айта кеткен жөн, қазіргі таңда «драма және театр режиссерінің» өнер мамандығының магистранты атандым. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылға «Балалар жылы» деп айдар таққанын баршамыз білеміз. Атаулы жылға естелік сый ретінде жасөспірімдерге арналған кино түсіруді қолға алмақшымын.
P.S.: Театрға бет алған әр көрермен бүгінгі шыңғырған шындықты, бүгінгі ақжарқындау ақиқатты көргісі келеді. Көріп те жүр. Осы тұста көпке танымал режиссер, актер, сценарист Александр Адабашьянның «Театр мен киноның айырмашылығы неде? Кино – көрсетеді, ал театрда көресіз…» деген сөзі ойға оралады. Бүгінгі мәдениет саясатына бір сәт көз жүгіртсек, онда көбіне-көп киноиндустрияға көңіл бөлініп жатқанын байқауға болады. Кино – аса үлкен саясат, ал театр – ғаламдық идеология! Қазақ театры да сол «идеологияның» маңызды бір бөлшегіне айналса деген арман жүректің төрінде.