Тоқаев «Қазақстан-Италия» инвестициялық дөңгелек үстелінде сөз сөйледі

0
187
фото:Akorda

Жиын соңында Мемлекет басшысының қатысуымен бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі өтті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Римге ресми сапары аясында Италияның бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Дөңгелек үстелге халықаралық деңгейдегі 30-ға жуық компания қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен мәлім етті. 

Қ. Тоқаев Италияның бизнес «капитандарына» Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет берді. Оның айтуынша, әлемдегі геосаяси жағдайға қарамастан, еліміз аймақтағы ең ірі және қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың бірі ретіндегі орнын сенімді түрде сақтап отыр.

– Былтыр еліміздің экономикалық өсімі 5,1 пайыз деңгейінде болды. Бұл – болжамды жаһандық көрсеткішке қарағанда шамамен 2 есе жоғары (Дүниежүзілік банк – 2,6%, БҰҰ – 2,7%). Біздің орта мерзімді перспективадағы стратегиялық мақсатымыз – 2029 жылға қарай экономиканың көлемін екі есе ұлғайтуға мүмкіндік беретін 6-7 пайыздық өсімге қол жеткізу. Ол үшін ауқымды реформалар жүргізу қажет еді. Сондықтан саяси реформалармен қатар, нарықтық және бәсекеге қабілетті экономикамызды айтарлықтай нығайтып жатырмыз. Мен мұны табысқа жетудің қажетті шарты деп есептеймін. Қазақстанда таяу арада экономикамыздың ашық, сенімді және қарқынды дамуына ықпал ететін аса маңызды әрі түбегейлі реформалар басталады. Мұны сіздерге сенімді түрде айта аламын. Мақсатымыз – Қазақстандағы стандарттарды, ережелерді және бизнес жүргізу тәжірибесін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деңгейіне жеткізу. Біз ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін инвестициялық ахуал қалыптастыруға ұмтылып жатырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ел экономикасына шетелден тікелей тартылатын инвестиция көлемін ұлғайту мақсатында практикалық және заңнамалық тұрғыда жоспарланған шаралар туралы италиялық кәсіпкерлерге мәлімет берді.

– Біз инвесторларға оңтайлы әрі ыңғайлы орта қалыптастыру үшін бизнеске қойылатын артық талаптарды анықтап, оларды жойдық. Жақында Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңес құрылып, оған кең ауқымды өкілеттік берілді. Бұл Кеңестің жедел шешім қабылдауына, көрсетілетін жан-жақты мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету арқылы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруына ықпал етеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, энергетика саласы – екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыты.

– Қазақстан мұнайының 80 пайыздан астамы Еуропаға экспортталады. Бұл Еуропа Одағына қажет мұнайдың шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді. Қазақстанның ұзақ жылдан бергі және сенімді энергетикалық серіктесі Италияға алғыс айтқым келеді. Біз италиялық ENI компаниясының Қазақстан экономикасына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Қазақстан мұнай мен газды барлау саласында мол мүмкіндік ұсынып отыр. Біз маңызды кен орындарын ашу мақсатында әлемдік озық тәжірибені енгізіп жатырмыз. Сондай-ақ Италия компанияларын мұнай-газ саласында сервистік қызмет көрсету ісіне атсалысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жаңартылатын энергия саласындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы айта келе, Қазақстан өңірде бірінші болып Париж келісімін ратификациялаған мемлекет ретінде 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде міндеттеме алғанын атап өтті.

– Біздің жаңартылатын энергия саласындағы әлеуетіміз 1 триллион кВт/сағ деп бағаланады. Оған Францияның Total, Сауд Арабиясының ACWA Power, Біріккен Араб Әмірліктерінің Masdar және Германия мен Швецияның Svevind Energy Group сияқты ірі жаһандық компаниялары қызығушылық танытты. Бұл компаниялар қуаты 43 ГВт болатын жаңартылатын энергияны өндіру жөніндегі жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Италияда электр энергиясының үштен бірі «жасыл энергетика» көздері есебінен өндірілетіні белгілі. Осы тәжірибені ескерсек, италиялық компаниялар да аталған жобаларды іске асыруға ниет білдірген кәсіпорындардың қатарына қосыла алады. Біз бұл маңызды саладағы әріптестікті, мейлі ол өндіріс, технология трансферті немесе тәжірибе алмасу болсын, дамытуға аса мүдделіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы технологиялық революцияны және алдағы уақытта аса маңызды шикізатты өндіру және өңдеу саласында жаһандық сұраныстың еселеп өсетіні жөніндегі болжамды ескеріп, Италия кәсіпкерлерін осы бағытта ынтымақтастық орнатуға шақырды.

– Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан астам барланбаған кен орны бар. Бүгінде біз Еуропа Одағына мүше елдердің экономикасына қажетті ең маңызды 34 шикізаттың 19 түрін өндіреміз. Қажетті инвестиция болса, кобальт, вольфрам, литий сияқты пайдалы қазбалардың 9 түрін игеруге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, көлік-логистика – ынтымақтастықтың тағы бір өзекті саласы. Қазақстан өңірлік хабқа айналу үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуды белсенді түрде қолға алды.

– Орта дәліз «Бір белдеу, бір жол» бастамасын толықтырады. Біз оны Еуропа Одағының Трансеуропалық көлік желісімен және «Жаһандық қақпа» стратегиясымен ұштастыруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар «Үлкен жетіліктің» Жаһандық инфрақұрылым және инвестициялар саласындағы серіктестігі (PGII) жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Соңғы 15 жылда Қазақстан көлік инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан артық қаржы құйды. Алдағы үш жылда 1300 шақырымнан астам теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл Қытай, Оңтүстік Азия және Еуропа бағыттарындағы тауар тасымалын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан италиялық инвесторларды біздің айлақтарымызды дамыту, жүк тасымалдаушы кемелерді бірлесе шығару және логистикалық орталықтар құру ісіне белсенді атсалысуға шақырамыз. Қазақстан аумағы арқылы өтетін 13 халықаралық бағыттың, сондай-ақ Алматы мен Милан арасындағы тікелей әуе рейстерінің арқасында екі елдің қарым-қатынасы бұрынғыдан да беки түсті. Біз Астананы Рим және Милан қалаларымен жалғайтын тікелей рейстерді ашу жоспарын қуана құптаймыз. Бұл біздің экономикалық қатынастарымызды және халықтарымыз арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ туризмді ілгерілетуге оң септігін тигізетіні сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласында бірлескен инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыру үшін зор әлеует бар екеніне тоқталып, Италия бизнес-элитасының назарын осы бағытқа аударды.

– Территориямыздың 70 пайыздан астамы ауыл шаруашылығына жарамды. Еліміз Орталық Азиядағы астықты өлке саналады. Біз бидай мен ұн өндіру бойынша әлемдегі он елдің қатарына кіреміз. Ауыл шаруашылығы өнімдеріміз әлемнің 80-нен астам еліне жеткізіледі. Әлемде азық-түлік тапшылығы артып келе жатқанын ескере отырып, біз осы сектордың өнімділігін үш есе және экспортты екі есе арттыруды көздеп отырмыз. Қазақстан италиялық серіктестерімен бірге дәнді және майлы дақылдарды өсіру, сондай-ақ макорон, ет және сүт өнімдерін өндіру бағыттарындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі, – деді Президент.

Мемлекет басшысы дөңгелек үстелге қатысушыларды биотехнология, фармацевтика салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктер туралы хабардар етті. Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның бірқатар ірі компанияларын Қазақстанда жергілікті өндіріс ашуға шақырды.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев IT-саласын дамытудың және «Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшылықтарына арнайы тоқталды.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның әлеуетті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Сондай-ақ кездесуге қатысушыларды «Астана» халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Жиын барысында Италия Республикасы Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары – Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таяни, CDP тобының бас атқарушы директоры Дарио Сканнапьеко, Confindustria компаниясының интернационалдандыру жөніндегі вице-президенті Барбара Джакомелло, CONFAPI компаниясының президенті Кристиан Камиса, Leonardo SpA тобының президенті Стефано Понтекорво, Fincantieri SpA компаниясының бас атқарушы директоры Пьерроберто Фолгьеро, PetrolValves компаниясының бас атқарушы директоры Сандро Малкори, Pietro Fiorentini компаниясының бас атқарушы директоры Паоло Нарди және тағы басқалар экономиканың тиісті салалары бойынша Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларына қатысты көзқарастарын білдірді.

Инвестициялық дөңгелек үстел аяқталған соң, Мемлекет басшысының қатысуымен бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі өтті.

  1. «Самұрық-Қазына» АҚ мен Balestra арасындағы Түркістан облысы Созақ ауданы Тайқоңыр ауылында қуаты жылына 800 мың тонна болатын күкірт қышқылы зауытын салу жобасының шарттары мен мерзімін айқындайтын келісім;
  2. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен SACE арасындағы экономиканың басым секторларындағы инвестициялық жобалар жөнінде Италияның қатысуымен жасалған мәмілелерді сақтандыру лимитін белгілеу туралы негіздемелік келісім;
  3. «Самұрық-Энерго» АҚ мен Ansaldo Energia SpA арасындағы қуаты 544 МВт-қа дейін жететін бу-газ қондырғысын салу арқылы Алматыдағы үшінші ЖЭО-ны реконструкциялауды көздейтін ынтымақтастық туралы келісім;
  4. Қазақстандағы италиялық кәсіпорындарды және Италиядағы қазақстандық кәсіпорындарды қолдауға, сондай-ақ Қазақстан мен Италия бизнесі арасындағы экономикалық және сауда қатынастарын нығайтуға бағытталған «Атамекен» ҰКП мен Confiindustria арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз