Тоқаев былтыр құрылған Су министрлігінің жұмысын сынға алды

0
255
Нұржан Нұржігітов, Су ресурстары және ирригация министрі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысын сынға алды, деп хабарлады zamandas.kz Halyq Uni тілшісіне сілтеме жасап.

«Су ресурстарының қолжетімді болуы – агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына тікелей ықпал ететін маңызды фактор. Былтыр Жамбыл облысының диқандары су тапшылығынан қатты зардап шекті. Биыл да құрғақшылық болуы мүмкін.

Арнайы құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысы әзірге ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Ал көрші мемлекеттер су тапшылығын жою үшін нақты мақсат қойып, белсенді жұмыс істеп жатыр», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанда су ресурстарын басқаруды дамыту тұжырымдамасы тек жақында ғана  қабылдаған.

Бұл құжат тым ұзақ талқыланды. Ашығын айту керек, жағдай өте күрделі. Мысалы, еліміздегі суармалы жердің 13 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы бар, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы құрғақшылық қаупі төніп тұрған өңірлерді атады.

«Әсіресе, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы жағдай мүшкіл, құрғақшылық қаупі аса жоғары. Соған қарамастан, осы аймақтарда тиісті жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Сондықтан, суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту керек, су үнемдейтін технологияны енгізу қажет. Ахуалды жақсарту үшін батыл әрекет жасау керек.

Ең алдымен, су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізген жөн. Шыны керек, біз суды тым орынсыз жұмсаймыз. «Судың да сұрауы бар». Бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, тиімді тұстарын алу қажет.

Елді сумен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет, ұлттық қауіпсіздік мәселесі деуге болады. Өнеркәсіпте, агросекторда, коммуналдық шаруашылықта, жалпы, барлық салада суды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше мән беру қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, 2023 жылдың қыркүйек айында Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ