Оқушы тәрбиесі – ортақ жауапкершілік

0
204

Қызылордадағы Н.Бекежанов атындағы академиялық драма театрда «Отбасы – тәрбие бесігі» атты кеңейтілген кеңес өтті. Жиынның модераторы, «Аmanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов білім саласы қызметкерлері мен ата-аналар қатысып отырған кеңес облыс әкімінің бастамасымен ұйымдастырылғанын айтып, талқыға салынатын тақырыптарды таратты.

Еңбектің адам өміріндегі маңы­зы жай­лы қанша айтсақ та, онымыз бүгінгі қоғам­ның келбетімен қабыспай тұрға­нын жасырудың қажеті жоқ. Әлеуметтік желіде жарнамасы жарқылдаған жеңіл өмір елесі жастарды «ауырдың үс­тімен, жеңілдің астымен» жүруге еліктіріп кетіп-ақ тұр. Ал өмірдің барлық саласында еңбекқор, шығармашылық іс-әрекеттерге қабілетті, еркін ұрпақ тәрбиелейміз десек, отбасы, мектеп, қоғам және жұртшылықтың тәрбиесі кіріктірілуі керек.

Мемлекет және қоғам қайрат­кері Мұрат Бақтиярұлы 20-30 жылдың көлемінде ұр­пақ тәрбие­сіне қатысты көп олқылық жіберіп алғанымызды айтты. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кет­кен сол уақытта білім мен тәр­биеде жіберген кемшіліктің бүгін­гі көрінісі бір-бірінен алшақ әлеу­меттік топтар мен жік-жікке бөлі­ніп, жаға жыртысу болып тұр.

яар

– Білім саласындағы тағы бір мәселе – мектептер арасындағы алшақтық. Мысалы, еліміздегі оқушылардың 44 пайызы ауыл­дағы мектеп партасында отыр. Бұл бала­ларға зияткерлік мектепте білім алатын қатарласының деңгейіне жету үшін кемін­де алты жыл уақыт қажет екен. Осы орай­да қолға алынып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы бойын­ша қала мен ауыл мектептерінің білім беру деңгейін сәйкестендірудің маңызы өте зор, – дейді Мұрат Бақ­тиярұлы.

Жиында облыстық полиция де­пар­таменті мамандары кәме­летке толмағандар ара­­сында қылмыс пен құ­қық бұзушылықтың алдын алу шаралары туралы хабар­­ла­­ма жасады. Бірлесіп атқар­­ған профилактикалық жұмыс­тар нәти­­же­сінде 6 415 құқық­бұзу­шы­лық анық­талса, қаң­ғыбастық пен кезбелікке са­лынған 305 жас­өс­пірім бейім­деу орталығына орналас­тырылыпты. Осыған байланысты 5 мыңнан астам жас­өспі­рімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Кеңесте облыстық білім бас­қар­масының басшысы Мей­рам­бек Шермағанбет баяндама жасап, бала тәрбиесіндегі бір­қатар мәселені атап өтті. «Осы­ған дейін балаға берілетін бі­лім­нің құрылымы мен мазмұ­ны басты орында болып келсе, алда мектептегі тәрбие жұмы­сын жаңарту, оны заман талабына лайықтауға міндеттіміз. Қазір әлемдік педагогиканың өзінде тәрбие білімнің алдына шыққанын көріп отырмыз», деді басқарма басшысы.

Қазір кәмелетке толмаған­дар ара­сындағы қылмыс пен құқық бұзу, топтық төбелес, қыз балалар арасындағы әлім­­­­жеттік, буллинг, кибербул­линг­­тің көбейіп тұрға­ны мектеп қабырғасында білім бе­ру­мен қатар, ұлттық тәр­бие­ге ден қойып, осы бағыт­тағы жұмысты күшей­ту қажет­тігін аңғартады. Басқарма бас­шысының хабарламасында кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс пен құқық бұзу 36,7 пайызға, топтасып жасал­ған қылмыстар 30,8 пайызға төмендегені айтылды. Бірақ бала тәртібін қадағалауда босаңсуға болмайтынын естен шығармаған жөн. Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс­тардың барлығы да сабақтан тыс уақытта болған. Демек ата-ата «балама мектеп жауап береді» деген ойдан алыс болуы керек.

Жиында облыстық денсау­лық сақтау басқармасы бас­шысының орын­басары М.Мыр­­занова мен Бала­лар құ­қығы мәселелері бойын­ша өңір­лік уәкіл Ж.Ұзақбаева тақы­рып аясын­да баяндама жасады. С.Толы­беков атындағы №3 IT мектеп-лицейін­­дегі ата-аналар комитетінің төр­ағасы А.Қо­санова білім ошағын­да­ғы «Ата-ана­лар комитеті», «Әже­лер мектебі», «Әке­лер кеңесі» және «Ана­лар акаде­миясының» жұмысы оң нәтиже беріп отырға­нын атап өтті.

Ал бұл кездесуге облыс әкімі ғана емес, әке ретінде ашық пікірлесу үшін келгенін айтқан аймақ басшысы Нұр­лыбек Нәлі­баев өңірде балалар үшін атқарыл­ған жұмыстарды баяндады.

– Мемлекет басшысы­ның бас­тамасымен өткен жыл «Бала­лар жы­лы» деп жарияланып, демеу­шілер қолдауымен аймақта құны 1,6 млрд теңге болатын 80 спорт-ойын алаң­ын пайдалануға бердік. Бұ­рын мұндай игілікті тек қала орталығындағы балалар көріп келсе, бұл жолы шет­кері аймақтардың да жет­кін­шек­терін қуантуға ты­рыс­тық. Өткен жылы 19 бала­бақ­ша ашылып, 6 мектепті тапсырдық, жағдайы апатты деп танылған екі білім беру ұйымының мәселесі шешімін тапты. Жалағаш ауданында 250 орындық заманауи оқушылар үйі ел игілігіне берілді. Үкімет басшысының облысқа сапары барысында 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернат, көпсалалы спорт кешенін салу жобасы қол­­дау тапты, – деді облыс әкімі.

Білім саласындағы баста­маларға жергілікті ірі компания­лар да демеу­шілік таны­­тып отыр. Осы жылы «ҚазГер­Мұнай» мекемесі заманауи Оқушылар сарайының құры­лысын бастайды. Алдағы жаңа оқу жылы қарсаңында 150 орын­дық мамандандырылған екі мект­еп дарынды балаларды қабыл­дамақ. Облыста үш жылда 64 балабақша ашу жоспарланып отыр. Осылайша, 11 мыңға жуық балдырған мектепке дейінгі тәр­биемен қамтылады. Биыл Жаңа­қорған, Шиелі, Қазалы, Арал аудандарында 940 орындық 4 мектеп пайдалануға берілмек. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 15 100 орынға арналған 21 білім ошағы салынады. Аймақта жеке мек­­тептердің де үлесі артып келеді. Қазір­дің өзінде өңірде осындай 21 білім ошағы жұмыс істесе, алдағы үш жылда инвесторлар 12 мектеп салуға ниет білдіріп отыр.

Өңірдегі жетістіктерді са­ра­ла­ған аймақ басшысы қоғамда белең алған интер­нетке тәуелділік, құмар ойын­ға салыну, оқушылар ара­сын­­дағы әлімжеттік және өзге де мәсе­лелердің алдын алуда тиісті бас­қар­ма басшылары мен қала, аудан әкім­деріне балалардың бос уақы­тын тиім­ді өткізуі үшін іс-шаралар ке­ше­нін қолға алуды тапсырды. Жиын­ қорытындысында отбасы құнды­лығын нығайтып, жас ұрпақ тәр­бие­сін жаңа деңгейге көтеруге бағыт­талған үндеу қабылданды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ