Трампқа тықыр таянды

0
191

Бұрынғы АҚШ президенті Дональд Трамптың басы дауға қалды. Оған порноактриса Сторми Дэниэлске өзара қарым-қатынасын жасыру үшін ақша төлеген деп айып тағылып отыр. Осыған байланысты туындаған дау-дамай мұхиттың арғы бетін ғана емес, бүкіл әлемді дүр сілкінтті.

Осылайша, Д.Трамп қылмыстық құқық бұзушылық бойынша айыпталған АҚШ-тың алғашқы экс-президенті атанбақ. Іс насырға шапса, оның саусақ ізін алып, арнайы суретке түсіріп, күдікті ретінде жауап беруі мүмкін. Сондай-ақ алқа билер алдында жауап беретін бірінші экс-президент болуы да ықтимал.

Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметке сүйенсек, Д.Трамп пен С.Дэниэлс 2006 жылы танысқан. Екеуара таныстық мұнымен шектелмей, біраз жерге барғанға ұқсайды. Кейінірек порноактриса осы оқиғаны елдегі саржағал басылымдарға сатпақшы болған. Әсіресе, Д.Трамп 2016 жылы президенттікке таласқанда бұл дау өршіді. Алып-қашпа әңгіме көбейіп кетпес үшін Трамптың жақтастары С.Дэниэлске қомақты қаржы ұсынып, болған оқиғаны жарияға жар салмауын өтінген көрінеді. Негізі мұндай әрекет АҚШ заңына томпақ емес. Бірақ Трамп пен оның адвокаты төлемді заң жүзінде жасалған деп көрсеткен. Ал Нью-Йорк штатында мұны есеп беруді бұрмалау деп санайды. Сондықтан қылмыстық іс қозғалады.

Бұған қоса, Ақ үйдің бұрынғы басшысына тағы екі айып тағылып отыр. Әзірге ол туралы көп ақпарат жоқ. Бірақ бәрінде пара беруге талпынғаны айтылады. Сондықтан қыл­мыс­тық іс қозғау барысында оған нақты қандай айып тағы­латынын әзірге дөп басып айту қиын. Дегенмен Трамп пен оның жақтастары қылмыстық істі саяси белсенділікпен байла­ныстырады.

Келесі жылы АҚШ-та президент сайлауы өтеді. Д.Трамп саяси бәсекеге қатысатынын мәлімдеген. Оның жақтастары 2024 жылғы сайлауда жеңіске жететініне сенімді. Сол себепті та­ғыл­ған айыпты сайлау алды науқанға кедергі келтіру деп есептейді.

Өткен сенбіде Техаста жақтастарымен кездесуде сөйлеген сөзінде Трамп өзіне тағылған айыпқа қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл – прокурордың теріс әрекеті. «Солақай маньяктар үшін адамның кінәсіз екенінің еш айырмашылығы жоқ», деді Д.Трамп.

Ақ үйдің бұрынғы басшысына айып тағылғаны белгілі бола сала, Республика партиясының бірнеше мүшесі Д.Трампты жақтап пікір білдірді. Өкілдер палатасының бірқатар жоғары лауазымды конгресмені айыптау қорытындысын шектен шыққан деп атап, мұқият парламенттік тергеу жүргізуге уәде берді.

«2024 жылғы президент сайлауына араласуға талпынған Нью-Йорк прокуроры ұлтқа орны толмас зиян келтірді», деді Өкілдер палатасының спикері Кевин МакКарти.

Трамп әкімшілігі кезінде мемлекеттік хатшы қызметін атқарған Майк Помпео да өз көзқарасын жеткізді. «Ауыр қылмыс жасаған кез келген адамды қудалау – америкалықтар қауіпсіздігінің кепілі. Бірақ саяси қудалау америкалық заң жүйесін теріс пайдалану құралына айналдыру қаупін тудырады», деді ол.

Флорида басшысы Рон ДеСантис те тағылған айыпты «америкалық рухқа» сай келмейтінін айтып, айыптады. Жалпы, оның пікірі маңызды екені анық. Өйткені ДеСантис – Республика партиясындағы Д.Трамптың басты қарсыласы. Яғни келесі жылғы сайлауға қатысуға Флорида басшы да тілек білдіріп отыр. Соған қарамастан, ол саяси бәсекелесін жақтады.

Әйтсе де, кейбір сарапшылар ДеСантистің әрекетін саяси қадам деп есептейді. Алда-жалда Флорида басшысы Нью-Йорк прокурорының айыбына келісіп, Трампты беруге келіссе, онда Республика партиясындағы жақтастарын жо­ғал­туы мүмкін. Мұндай жағдайда Ақ үйдің басшысы ата­ну­ға деген үмітінің күлі көкке ұшады.

Осы оқиғаға байланысты Ақ үй ешқандай пікір білдірген жоқ. Бұған дейін де Джо Байден мен оның әкімшілігі 2021 жылы Трампқа импичмент жариялауға қатысты да көзқарасын айтпаған еді.

Қысқасы, келесі апта АҚШ үшін тартысқа толы болмақ. Д.Трамп сейсенбі күні Нью-Йоркке барып, алқа билер алдында жауап бермек. Оқиғаның енді қалай өрбитінін дөп басып айту қиын. Дегенмен Трампқа тықыр таянғаны айдан анық.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз