Қуандық Бишімбаевтың үстінен аса қатыгездікпен кісі өлтірді деген қылмыстық іс қозғалды

0
284
photo © Болат Шайхинов
Бұл ақпаратты Бас прокурордың орынбасары айтты

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа аса қатыгездікпен жасалған адам өлімі бойынша (Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы) қылмыстық іс қозғалды, деп мәлімдеді Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев.

Бишімбаевқа аса қатігездікпен жасалған адам өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Зерттеу нәтижесі дайын болғанда тергеу органдары сіздерге қосымша ақпарат береді. Бұл ауыр қылмыс болғандықтан бостандықты айырумен байланысты санкция қолданылған, – деді Жандос Өмірәлиев Мәжіліс отырысынан шыққан соң журналистерге.

Одан бөлек, Бас прокурордың орынбасары экс-министрдің ұсталған туысына қатысты қосымша ақпарат бере алмайтынын атап өтті.

«Мен оның ағасы немесе бауыры екенін айта алмаймын. Бірақ (Қуандық Бишімбаевтың) туысы екені анық. Қылмыс болған күні ол оның жанында (Қуандық Бишімбаев) болған. Алайда аса ауыр қылмыс жасалғанын полицияға хабарламаған. Сондай-ақ ол қылмысты жасыруға көмектескен. Қылмыстық іс бойынша сараптама жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша құқық қорғау органдары қосымша ақпарат береді. Аса ауыр қылмыс үшін заңда бас бостандығын ауыру көзделген», – деді ол.

11 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2 айға қамалды. Қайғылы жағдай Астананың қақ ортасындағы мейрамханалардың бірінде болған. Бұл жағдай қылмыстық кодекстің «кісі өлтіру» бабы бойынша тіркелді. Бишімбаевпен қатар қылмыс болған орталықтың директоры да екі айға қамалды. Ол «қылмысты жасыру» бабы бойынша күдікке ілінген.

Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағында көрсетілген қылмысты жасады деп танылған адамға 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

ҚУАНДЫҚ БИШІМБАЕВ ІСІ

2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды.

Астана полиция департаменті әйелді өлтіру фактісі бойынша тергеу қылмсытық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («кісі өлтіру») бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Салтанат Нүкенованың қазасына байланысты арнайы тапсырма берді. Президент бұл жағдайды қатаң бақылауға алып, Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің жолын кесуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап, төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.

Президент осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керек деп санайды. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты заң мен тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет. Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керек.

Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – заң мен тәртіп үстемдік құратын ел, – деді президент.

Президент кездесулер мен консультациялар барысында қоғамда әділдік пен тәртіп орнату үшін құқық қорғау органдары мен сот инстанциялары қызметкерлеріне айрықша жауапкершілік жүктелетінін де айтты.

Дәурен Ерболат

ПІКІР ҚАЛДЫРУ