Ветеринариялық талаптарды қатаң сақтау қажет

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қызметкерлері «Сырым» ветеринариялық бақылау-өткізу пунктінде 60 бас ірі қара малды (ІҚМ) тиісті ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз ел аумағына кіргізу әрекетін тоқтатты.
Ресей Федерациясынан (Дағыстан Республикасы) және Өзбекстан Республикасынан келе жатқан жүк көлігін тексеру барысында Еуразиялық экономикалық одақ Комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы №317 шешімімен бекітілген ветеринариялық-санитариялық шараларды қолдану талаптарына сәйкес келмейтін заңбұзушылықтар анықталды.
Анықталған құқықбұзушылықтарға байланысты көлік құралы Қазақстан Республикасы аумағынан кері қайтарылып, жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері ЕАЭО елдерімен шекарадағы ветеринариялық бақылау бекеттерінде жануарлар мен жануар тектес өнімдерді тасымалдау кезінде ветеринариялық талаптардың 261 бұзушылығы тіркелген. 127 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 6,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті жануарлар мен жануар өнімдерін ел аумағына кіргізу кезінде ветеринариялық талаптарды қатаң сақтау қажет екенін еске салады. Заң талаптарының сақталмауы биологиялық қауіпсіздікке қатер төндіріп, жануарлар мен адамдардың денсаулығына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.