Қылмыстың алдын алу оны ашқаннан әлдеқайда тиімді

0
9

Қазақстанда цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты көптеген салалар онлайн жүйеге көшіп жатыр. Сауда жасау, қызмет ақысын төлеу, мемлекеттік қызметтерді алу мен қаржылық операциялар жүргізу бүгінде қалыпты жағдайға айналды. Алайда цифрланудың артуымен қатар киберқауіптер де күшейіп келеді. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаментінің Киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы Талғат Бөлегенов мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Басқарма басшысының айтуынша, елордада 10 айда интернет-алаяқтыққа қатысты 4000-нан астам қылмыстық дерек тіркелген. Алаяқтар заманауи технологиялар мен цифрлық платформаларды пайдалана отырып, алдаудың түрлі күрделі тәсілдерін қолдануда.

«Қазіргі таңда әрбір желі қолданушысы алаяқтардың құрбанына айналуы мүмкін. Бұл қатерден ешкім де сақтандырылмаған. Қылмыскерлер алдауды мессенджерлер арқылы да, интернет-дүкендер мен жалған сайттар арқылы да, тіпті инвестициялық платформалар арқылы жүзеге асырып жатыр», – дейді Талғат Бөлегенов.

Алаяқтықтың кең тараған 5 тәсілі:
1. Банк қызметкері ретінде хабарласу: алаяқтар өздерін банк маманы ретінде таныстырып, күмәнді транзакцияларға сілтеме жасап, жеке деректер сұрайды.
2. Онлайн сатып алудағы алдау: жалған тауар жарнамасын жариялап, алдын ала төлем алған соң, хабарсыз кетеді.
3. Фишинг сайттары: ресми сайттарға ұқсайтын жалған ресурстар арқылы қолданушылардың логин, құпиясөздерін иемденеді.
4. Инвестициялық алаяқтық: қолайлы инвестициялық мүмкіндік ретінде ұсынылған алаяқтық платформалар салым салдыртып, қаражатты шешуге келгенде жоқ болады.
5. Мессенджерлерді бұзу: парақшаларды бұзып, таныс адамыңыздың атынан ақша сұрап хабарлама жібереді.

Талғат Бөлегенов кибергигиена қағидаларын сақтау киберқауіпсіздіктің негізгі шарты екенін атап өтті. Оның айтуынша, қолданушылардың алдын ала сақтық шараларын жасауы көптеген қылмысты болдырмауға мүмкіндік береді.

«Егер күмәнді сілтемелерді байқасаңыз сілтемеге өтпеңіз, тіпті олар таныстарыңыздан келсе де. Себебі парақша немесе сайт бұзылған болуы мүмкін. Сондай-ақ, смс арқылы келген кодтарды, банк құпиясөздерін немесе жеке деректерді ешкімге беруге болмайды, әсіресе өзін банк немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырған адамдарға», – деп ескертті басқарма басшысы.

Ол онлайн сатып алу кезінде алдын ала төлем жасауға асықпауға шақырды. Ал жеке деректерді қорғаудың тиімді тәсілдері ретінде күрделі құпиясөздер мен екі факторлы аутентификацияны пайдалануға кеңес берді.

Полиция департаментінің қызметкерлері қаладағы білім беру мекемелерінде, мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда тұрақты түрде дәрістер мен кездесулер өткізіп тұрады.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде ақпараттандыру белсенді жүргізіліп жатыр. Пайдаланушыларға арналған көрнекі материалдар, бейнероликтер мен кеңестер жариялануда.

«Қылмыстың алдын алу оны ашқаннан әлдеқайда тиімді. Сондықтан біз халықты ақпараттандыруды, цифрлық сауаттылықты арттыруды және киберқауіпсіздікті бірге қамтамасыз етуді жалғастырамыз», – дейді Талғат Бөлегенов.

Киберқылмысқа тап болған немесе күдікті оқиға байқалған жағдайда 102 нөміріне хабарласуға немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне барып көмекке жүгінсеңіз болады. Сонымен қатар, eGov электрондық үкімет порталы арқылы да өтініш қалдыруға болады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ