Ғылым – қоғам игілігіне: қазақстандық ғалымдар Smart Home жүйесін әзірледі

0
10

12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында бастау алған «Ғылым – қоғам игілігіне» атты айдар аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі отандық ғалымдардың ғылыми жобалары туралы бейнематериалдар топтамасын ұсынады.

Аталған жоба ҚР Ғылым қорының қолдауымен 2023-2025 жылдары жүзеге асырылған DP21681802 ғылыми жобасы аясында әзірленді. Жоба нәтижесінде Wallee бақылаушы мен оған арналған бағдарламалық қамтамасыз ету жасалып, Smart Home жүйесі толыққанды өнім ретінде нарыққа ұсынылды.

Бұл шешім ғимараттардың инженерлік және тұрмыстық жүйелерін бір платформаға біріктіріп, сценарийлік басқару мен автоматтандыруды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жүйе қауіпсіздік, энергияны басқару және тұрмыстық процестерді оңтайландыру бағытында кешенді шешім ұсынады.

Жоба нәтижелері өнімнің нақты пайдалану жағдайларында жоғары тиімділігін көрсетті. Атап айтқанда, пилоттық және коммерциялық нысандарда сынақтан сәтті өтіп, өндіріс пен сатылым көрсеткіштері жоспарланған деңгейден асып түсті.

Connected Home компаниясының директоры Саят Ақтайдың айтуынша, әзірленген жүйе қазіргі таңда құрылыс саласында кеңінен қолданылып келеді.

«Біз ірі құрылыс компанияларымен жұмыс істейміз. Бақылаушы автоматтандыру үшін қолданылады, ал датчиктер қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Барлық сигналдар біздің мобильді қосымшаға түседі. Пайдаланушы үйден тыс жерде болса да, су ағуы, түтіннің пайда болуы немесе бөгде адамның кіруі туралы бірден хабар ала алады. Сонымен қатар түйiстiргiш құрылғысы арқылы үйдегі электр қуатын қашықтан қосып немесе өшіруге мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта біздің бақылаушылар бойынша Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы 15 мың пәтерге келісімшарт жасалып, оның 7 мыңына орнатылды», – деді ол.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ