Қырғызстанға тауар экспорты арта түсті

0
226

Еліміз Қырғыз еліне өңдел­ген өнім экспортын 100 млн долларға дейін арттырмақ. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің QazTrade-пен бірлесіп, Бішкек қаласында өткіз­ген отандық компаниялардың сауда миссиясында мәлім болды. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуын­ша, бізден Қырғызстанға саудаланатын өңделген өнімдер, негізінен тамақ, химия, машина жасау, фармацевтика, металлургия салаларының тауарлары екен.

Қазақстан Қырғыз еліне негізгі сау­да серіктестерінің үштігіне кіреді. Елдер арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 1,1 млрд долларды құра­ды. Қазақстанның Қыр­ғыз Республикасындағы ел­шісі Рәпіл Жошыбаевтың айтуынша, бизнес үшін келесі міндет – сауда көлемін 2 млрд долларға дейін жеткізу. Сонымен қатар ол белсенді жұмыс жүргізіліп жатқан негізгі бірлескен жобалар жөнінде баяндады. Атап айтқанда, Рәпіл Жошыбаев екі ел Ыстықкөл облысында орналасқан төрт пансионат бойынша келісімге қол қоюдың соңғы сатысында тұрғанын хабарлады.

«Қазір инфрақұрылымды кеңейту және жаңа нысандар салу жобаларына қатысу үшін инвесторлар шақырылып жатыр», деді Рәпіл Жошыбаев Қазақ­стан-Қырғыз бизнес-форумында.

Өз кезегінде Қырғыз Республикасы Экономика және коммерция министрі­нің орынбасары Қанат Әбдірахманов даму үшін басым бағыттарды атап өтті. Олар – энергетика, туризм, АӨК са­­ла­сы, жер қойнауын пайдалану және жеңіл өнер­кәсіп. Экономиканың дәс­түрлі секторларынан басқа, Қыр­ғыз­стан үкіметі өкілінің пікірінше, бизнес үшін перс­пективалы салаға айналатын креативті индустрия саласы елеулі сер­пін алады.

«Креативті индустрия – экономи­каның жаңа секторы және біз оны алдағы жылдардағы өсу бенефициарларының бірі деп санаймыз. Осы жаңа бағытты дамыту үшін Қырғызстанда 2022-2026 жылдарға арналған креативті экономика тұжырымдамасы бекітілді», деп бөлісті іскерлік форум алаңында Қанат Әбдірахманов.

Сауда миссиясы аясында отандық өндірушілер әлеуетті серіктестермен В2В форматында өткен келіссөздерді жүргізді. Кездесулер нәтижесінде біздің кәсіпкерлер Қырғыз еліне отан­дық тауарларды жеткізуге 35,2 млн долларға экспорттық келісімшарттар жасасты. Кәсіпорындар металл конс­­трук­ция­ларын, дизельді гене­ра­тор­ларды, тамақ өнімдерін (кон­­ди­терлік өнімдер, тауық жұ­мырт­қа­­сы мен жұмыртқа ұнтағы, кес­пе, джем, алма шырыны, бал) жеткізу, сондай-ақ консалтингтік қызметтер көрсе­ту туралы келісті.

Бизнес-форумға екі елдің 100-ден астам кәсіпорны, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Жалпы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан Қырғыз еліне экспорт көлемі 10,5%-ға өсіп, 745,3 млн долларды құраған. Еліміз Қырғыз­ Республикасына негізінен автомобиль­дер мен тракторларға арналған бөл­шектер мен керек-жарақтарды, электр энергиясын, темекі бұйымдарын, тас көмірді, минералды және газдалған сулар­ды, жеңіл автомобильдерді, пла­кет­­телген легирленбеген болаттан жа­сал­ған жал­пақ прокатты экспорттайды. Қыр­ғыз импортының негізін бағалы металдар­дың кендері мен концентрат­тары, ыстық­тай илектелген өзге де легир­ленбе­ген болаттан жасалған шы­бық­тар құрайды.

Қазақстан өңделген өнімдерді тек Қырғыз еліне емес, әлемнің 106 еліне экспорттауға ынталы. Cауда және интег­рация вице-министрі Қайрат Төре­баев­тың сөзінше, былтыр біз өңдел­ген өнім экспортын рекордтық көрсет­кішке – 26,5 млрд долларға жеткіздік. Бұл үрдіс биыл да жалғасып жатыр.

2023 жылдың бірінші тоқсанында өңделген өнімнің сыртқы саудасының жалпы көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңінің алдыңғы көрсеткішімен са­лыс­­­тырғанда 32%-ға ұлғайып, 18,8 млрд доллар болған. Осы кезеңде шикі­­зат­­тық емес тауарлардың экспорты 5,9 млрд долларға жетіп, 7,6% өсім көрсе­тіпті.

Мәселен, өткен жылы шетелге ұн сату – 70,8%-ға, мұнай өнімдері – 52,2%-ға, жеңіл автомобильдер – 46%-ға, күнбағыс майы – 19,9%-ға өсті, ал тыңайтқыштар экспорты 2,8 есе артты.

2023 жылдың үш айында Қазақстан дайын экспорттық өнімді әлемнің 106 еліне жөнелтті, бұл ретте өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда импорттаушы елдердің тізбесі кеңейді. Қазақстан экспортының жаңа нарықтары – Сирия Араб Республикасы, Сенегал, Солтүстік Македония, Сомали, Гвинея, Кипр. Қазақстаннан өңделген өнімнің негізгі сатып алушылары – дәс­түр­лі түрде Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Нидерланд, Ұлыбритания, Жа­пония, Қырғыз Республикасы, Грузия және Ауғанстан.

Қайрат Төребаевтың айтуынша, Қазақстанда экспортты қолдаумен екі оператор айналысады: KazakhExport қаржылық шаралар көрсетеді, QazTrade экспортқа бағдарланған кәсіпорындар үшін қаржылық емес құралдарды ұсынады.

2022 жылдың қорытындысы бойын­ша елде кем дегенде үш жыл бойы экспорттайтын 650 белсенді шикізаттық емес экспорттаушы бар. Оның ішінде 463 кәсіпорын мемлекеттік қолдаудың қаржылық емес шараларын пайдаланды. Бұл – бағдарламалар экспорттық жеделдету, маркетплейстерге шығару, сауда миссияларына қатысу және экс­­порт шығындарының бір бөлігін өтеу.

«Әрбір шара салынған бюджет ақша­сын қайтару түріндегі нәтижені көрсетеді. Акселерация бағдарламасы бойынша бір бюджеттік теңгеге қай­тару 158 теңгені, маркетплейстерге шығару бойынша 213 теңгені, сервистік қолдау шаралары бо­йынша 652 теңгені құрады», деді Сауда және интеграция вице-министрі.

Былтыр акселератор шеңберінде қолдаудың арқасында шамамен 260 млн доллар сомасына 38 экспорттық келісімшарт жасалған. Бүгінде Өзбек­станға 19 млн долларға өнім жеткізуге 2 келісімшартқа қол қойылды. Ресейге жалпы сомасы 1,3 млн долларға (600 млн/жыл) тұрмыстық химияны жеткізуге арналған 1 ұзақмерзімді келісімшарт және Қытай нарығына 5 млн долларға мыс өнімдерін жеткізуге арналған тағы 2 келісімшарт. Сондай-ақ Оңтүстік Кореямен азық-түлік өнімдерін жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

2023 жылдың басынан бастап QazTrade желісі бойынша Вьетнам (Ханой қ.), Әзербайжан (Баку қ.), Иран (Тегеран қ.), Қытай (Сиань қ.), Өзбек­стан (Ташкент қ.) сияқты елдерде 5 сауда-экономикалық миссия өткізілді. Сауда-экономикалық миссиялардың қорытындысы бойынша 300 млн дол­лар­дан астам сомаға экспорттық келісім­шарттарға қол қойылды. Жыл соңына дейін тағы 5 сауда-экономикалық мис­сия ұйымдастырылмақ. Бұдан бас­қа, Шанхай қаласындағы (Қытай) жыл сайынғы Шанхай импорттық көрме­сінде, Қытай-Еуразия СУАР ЭКСПО-ның 8-ші көрмесінде Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық стендтерін ұсыну жоспарда бар.

Тауарларды шетелдік нарықтарға жылжытудың тағы бір өзекті құралы – электронды сауда алаңдары. 2020-2022 жылдары Alibaba.com сауда платформасында 220 компания орналастырылды, олардың жиынтық сату көлемі шамамен 225 млн долларды құрады. Биыл 70 компания маркетплейстің алтын шоттарына қолжеткізбек.

Мемлекет басшысының Сиань қаласына жақында жасаған сапары аясында «JD.com» электрондық платформада Ұлттық павильон ашылды. Сонымен қатар наурыз айында Астанада Ozon компаниясының фульфилмент-орталығының құрылысы аяқталды, оның алаңында 15 мың отандық сатушы тіркелген, олардың сату көлемі 2022 жылы 10 млрд теңгеден асты.

Мемлекеттік қолдаудың ең талап етілетін шараларының бірі – шығыс­тардың бір бөлігін экспорттаушыларға өтеп беру. 2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекет 8,8 млрд теңге сомасына шығындарды қайтарды. Қаражаттың негізгі алушылары – ша­ғын бизнес кәсіпорындары. Олардың үлесі шамамен 48%-ды құрады. Бұл – азық-түлік өндірісі және көтерме сау­да салаларында жұмыс істейтін компаниялар.

Сауда және интеграция министрлі­гінің ақпараты бойынша осы қолдау шарасын көрсету нәтижесінде экспорт географиясы үш елге кеңейіп, Кипр, Франция және Жапония қосылды. Шығындарды өтеу жүзеге асырылатын тауарлардың номенклатурасы 53 позицияға өсті.

2023 жылы шығындарды өтеуге өтінімдерді қабылдау 21 сәуірден бастап жүргізіледі және 21 шілдеде аяқталады. Жыл соңына дейін QazTrade шамамен 10 млрд теңге сомаға өтінімдерді мақұлдауды жоспарлап отыр, бұл осы қолдау шарасын пайдаланған кәсіп­орындар санын үш жүзге дейін арт­тыруға мүмкіндік береді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ